Accessibility links

Апелляциялық сот №2 Сарыарқа аудандық сотының Күлекеевке қатысты үкімін өзгеріссіз қалдырды


Астана қалалық сотының апелляциялық алқасы, 14 каңтар, 2009 жыл.

Астана қалалық сотының апелляциялық алқасы, 14 каңтар, 2009 жыл.

Бүгін Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеевке шығарылған шешімді күшінде қалдырып, адвокат Сәлімжан Мусиннің талап-арыздарын қанағаттандырмады.

Апелляциялық сот алқасының төрағасы Досжан Әміров №2 Сарыарқа аудандық сотының көлік прокуратурасына шығарылған жеке қаулысын да сол күйінде қалдыратындығын жариялады. Оның айтуынша, он күн ішінде шағымданушы тарап бақылау алқасына қайта шағымдана алады.

Жақсыбек Күлекеевтің адвокаты Сәлімжан Мусин қалалық соттың шығарған шешімімен келіспейтіндігін жеткізді. Ол одан әрі бақылау алқасына шағымданатындығын айтты. Адвокат Мусиннің айтуынша, сот шешімі ақиқатқа сәйкес келмейді. Әрі №2 Сарыарқа аудандық сотының шешімінде өрескел заңсыздықтар орын алғанын айтады.

«Мәселен, сот Руслан Местоевтың Күлекеев пара алды деген айыбын жоққа шығарғанына қарамастан, сол Местоевтың сөздеріне сүйене отырып, Күлекеев сапасыз шпалдар жеткізген «ЕД-групп» ЖШС-не тендерді ұтып әперді деп шешім шығара салған»,- дейді Сәлімжан Мусин.

Ол сонымен бірге Сарыарқа аудандық сотының көлік прокуратурасына қатысты шығарылған жеке қаулысына да келіспейтіндігін білдірді. Бұл қаулы прокуратураға Күлекеев ісін одан әрі қазбалауға себеп болып отыр дейді.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеев өткен жылдың 1 сәуірінде 100 мың доллар пара алды деген айыппен өзінің үйінің алдында тұтқындалған болатын.

Алайда оқшаулағыш мекемеде 8 ай бойында отырған Күлекеев осы тағылған басты айып бойынша № 2 Сарыарқа аудандық сотының шешімімен толықтай ақталып, есесіне сапасыз шпалдар жеткізді, жеке «Лексус» автокөлігін қымбат бағаға «ҚТЖ» -ға сатты деген айыппен Қылмыстық кодекстің 307- бабына сәйкес, мемлекеттік қызметін асыра пайдаланды деп 3 жылға бас бостандығынан айрылған болатын.

XS
SM
MD
LG