Accessibility links

Алданған үлескерлер бұрынғы премьер Терещенконы күдіктілер қатарына жатқызады


Бостандық ауданының соты. Алматы, 18 ақпан, 2009 жыл.

Бостандық ауданының соты. Алматы, 18 ақпан, 2009 жыл.

Бостандық аудандық сотында «Казкоммерцинжиниринг» компаниясы басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Үлескерлер қылмыстық іске тартылуы тиіс деген күдіктілердің арасында бұрынғы премьер-министр Сергей Терещенко да бар.

Үлескерлер бұл іске мыңнан астам адамның ақшасын жымқырған компанияның басшысы мен есепшісінен басқа да адамдардың қатысы барына сенімді. Алдын ала тергеу жұмыстарында бұл жайттың ескерілмегенін айтқан алданған үлескерлердің құқығын қорғаушы заңгер Тайыр Назханов бұл туралы сотқа өтініш бергенін айтады.

- Сотталушы екеу. Ол «Казкоммерцинжиниринг»-тің бас директоры Оразбаев пен есепші Сенгазиева. Біздің ойымызша, бұл екеуі ғана бәрін жасаған жоқ. Сондықтан біз істі қайта қарау жөнінде арыз бердік.

Үлескерлердің өтінішіне сот: «Бұл мәселе 27 ақпанда болатын сот отырысында ашық қаралады» деп жауап беріпті.

Үлескерлердің іске тікелей қатысы бар деп айтып отырған адамдарының арасында қазақ үкіметін 1991-94 жылдары аралығында басқарған Сергей Терещенко және А.Ақынбеков, Н. Шаукеров және В. Беридзе бар. Олардың айтуынша, А.Оразбаев пен С.Терещенко және А.Ақынбеков кезінде әріптес болған. Ал Н.Шаукеров пен В.Беридзе мердігер құрылыс компаниясының құрылтайшылары.

Олардың айтуына қарағанда, қазіргі таңда үлескерлерден жинап алынған 16,5 млрд теңге қаржының 7,5 млрд теңгесіне «Казкоммерцинжиниринг» С.Терещенкодан жер телімін сатып алса, 3 млрд теңге құрылтайшысы Н. Шаукеров және В. Беридзе болып табылатын «TAMIZ INVEST GROUP» мердігер компаниясының есеп-шотында. Ал 1,5 млрд теңге «Казкоммерцбанктің» есепшотында құлыптаулы тұрған көрінеді.

Бұған дейін үлескерлердің өтінішімен Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан елдегі Бас прокуратураға істің ақ-қарасын анықтау жөнінде депутаттық сауал жолдаған болатын. Ал ақпанның 9-ы күні «Мегаполис» газетінде бас прокурордың бірінші орынбасары Иоганн Меркельдің жауабы жарияланды. Онда Оразбаевқа қатысты қылмыстық іс айтылғанмен Терещенко жайлы көп айтылмаған дейді Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенов

- Мынау берілген жауапта «Терещенкоға қатысты қылмыстық белгі жоқтығынан ондай іс ашылған жоқ» деп жауап беріпті (бас прокурордың бірінші орынбасары Иоганн Меркель – ред.). Негізінен ол кісіге тағылып отырған айып – салықты уақытында төлемеу мәселесі. Оны істен бөліп алып, жеке тексеру жүргізіліп жатыр.

Ақпанның 9-ы күні жергілікті «Мегаполис» газетінде «Экс-премьер Терещенко күдіктілер қатарында» деген мақала жарық көрді. Бір апта өткен соң аталмыш газетте жарияланған Сергей Терещенконың хатында мақаладағы мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні айтылады. Бұған қоса ол қазіргі таңда құрылысы аяқталмай қалған нысандарды бітіру жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатқанын айтып, өзінің соған атсалысып жатқанын да баяндайды.

Сонымен Сергей Терещенконың іске куәгер немесе күдікті ретінде шақырылатыны әзірге белгісіз болып отыр.

«Казкоммерцинжиниринг» компаниясы үлескерлерінің өзгелермен салыстырғанда «жарасы жеңіл» деп айтсақ та болады. Себебі, компанияның активі түгелдей арестке алынған. Аталмыш активтерді сатып, үлескерлердің мәселесін шешу жағын қазір заңгерлермен ақылдасып жатырмыз дейді аталмыш компанияның бастамашыл тобының мүшесі Өмірбек Кеңесбаев.

"Қазіргі таңда «Елисейские поля» кешенінің құрылысының тек 20 пайызы, ал «Елім-айдың» одан да аз пайызы біткен. Компанияның арестке алынған мүлігін сатып ақшамызды қайтаруға болады. Қазір заңгерлер соған дайындалып жатыр. Сосын сотта айтамыз."
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG