Accessibility links

Венада Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошляктың соты басталды


Вадим Кошляк (сол жақта) пен Әлнұр Мұсаев сотта отыр. Вена, 14 сәуір 2015 жыл.

Вадим Кошляк (сол жақта) пен Әлнұр Мұсаев сотта отыр. Вена, 14 сәуір 2015 жыл.

Сәуірдің 14-інде Австрияда алматылық екі банкирді қастандықпен өлтіру ісі бойынша Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы офицерлері Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошляктің соты басталды.

Бас айыпталушы Рахат Әлиев бұдан екі айдай бұрын түрмеде асылған күйінде табылған. Баспасөз бұл істі Австрия соты тарихындағы ерекше іс деп атайды.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев пен Рахат Әлиевтің көмекшісі Вадим Кошляк 2011 жылы мүрделері табылған "Нұрбанктің" екі топ-менеджерін 2007 жылы ұрлап әкетіп, өлтіруге қатысы бар деп айыпталады.

«ГОЛЛИВУД ФИЛЬМІ» СИЯҚТЫ

Австрия прокуратурасының мәлімдеуінше, Рахат Әлиевке алматылық екі банкирді қамауда ұстап, күш көрсету арқылы банк акцияларын беруге көндіруге Мұсаев пен Кошляк көмектескен. Бұл іс бойынша басты айыпталушы Рахат Әлиев биыл ақпанда Венада қамауда отырған түрменің бір кісілік камерасында асылған күйі табылған.

Істі тексерген прокурор Беттина Валлнер «кісі өлтіруге классикалық себеп – ақша түрткі болған» деп мәлімдегенін бүгін Австрияның Press газеті хабарлады. Оқиға «Голливуд фильміндегідей» өрбіген деп сипаттаған ол Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің жоғалып кетуі мен қастандықпен өлтірілуін айтқан сияқты. Болжам бойынша, банкирлерді 2007 жылдың ақпанында өлтірген. Айыптаушы тараптың материалдарына қарағанда, сол кезде «Нұрбанктің» мажоритарлы акционері болған Рахат Әлиев банктің екі топ-менеджерін жасырын несие беріп, сыйақы алғаны әрі «өз империясын» құрып алғаны үшін ұрлап әкетіп, өлтіруді ұйғарған.

Сотталушы Әлнұр Мұсаевтың адвокаты Мартин Махрер бұл айыптауларды «Қазақстанның ойлап тапқан қиялы» деп атайды. Оның айтуынша, шын мәнінде қазақстандық банкирлерді «Қазақстанның арнайы қызметі басшылығы» өлтірген.

Айыптаушы тараптың тағы бір өкілі Маркус Бергхаммердің айтуынша, іске қатысты көп жайттар ашылмай қалғандықтан, Австрия билігі тәуелсіз тексеру жүргізген. Оның айтуынша, қастандықтың ықтимал себептерін тексеру кезінде 100-ден аса куәгерден жауап алынған.

Әлнұр Мұсаев (ортада) пен Вадим Кошлякті (артқы жақт) полицияның сот залына алып келген сәті. Вена,14 сәуір 2015 жыл.

Әлнұр Мұсаев (ортада) пен Вадим Кошлякті (артқы жақт) полицияның сот залына алып келген сәті. Вена,14 сәуір 2015 жыл.

Рахат Әлиевтің адвокаты Клаус Эйнедтердің Азаттыққа айтуынша, сотталушылардың адвокаттарының өкілдері «көптеген куәгерлердің түсініктері бұрмаланған» деп мәлімдеп, Австриядағы тергеу амалдарының дұрыс жүргізілгеніне шүбә келтірген.

- Оның үстіне, қазір бұл іс бойынша австриялық екі тергеушінің үстінен тергеу амалдары жүріп жатыр. Олар «тергеу амалдарын әділ жүргізбеген, жәбірленуші деп танылған адамдарға құпия ақпаратты жариялаған» деген күдікке ілінген. Сондықтан прокуратураның бұл дәйегі онша дәлелді көрінбейді, - дейді Клаус Эйнедтер.

Адвокат Эйнедтер айыптаушы тарап ұсынған материалдарға қатысты да көп сауал туындағанына назар аударады. Оның айтуынша, мысалы, куәгерлердің сөздерінен қайшылықтар табылған, іске қатысты айғақтардың ішінде кімдікі екені анықталмаған заттар бар.

ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛГЕН

Вена қаласындағы қылмыстық істерді қарайтын округтық сот отырысы кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Отырыс басталарда қауіпсіздік қызметі үлкен залды толық тексеріп шықты. Жұртты ішке металл іздегіш құралмен тексеріп кіргізді. Бірақ Австрия баспасөзінің хабарлауынша, жұрт көп жиналады, әсіресе Қазақстан, Ресей, Германиядан журналистер көп келеді деп жоспарланғанымен, зал жарым-жартылай ғана толған. Ұлыбританияның ВВС агенттігі кісі өлтіруге қатысты бұл істі "Австрия соты қараған ең ерекше сот" деп атаған.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Рахат Әлиевтің сөйлесіп тұрған бір сәті. 2001 жыл.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Рахат Әлиевтің сөйлесіп тұрған бір сәті. 2001 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласының өзі жұмбақ жағдайда қаза тапқаннан кейін жұрт екі банкирді қастандықпен өлтіру ісін жіті қадағалап отыр. Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі әрі Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиев биыл ақпанда Венада қамауда отырған түрмеде асылып қалған күйі табылған. Австрия полициясы оны 2014 жылдың маусымында тұтқындаған. Ал Рахат Әлиев «өмірім үшін алаңдап, полицияға өзім берілдім» деп мәлімдеген. Кезінде ықпалы мықты болған президенттің күйеу баласы, саясаткер әрі бизнесменді Қазақстанда бірнеше айыптау бойынша сырттай ұзақ мерзімге соттаған. Әлиев өзіне қатысты айыптардың саяси астары бар деп

Рахат Әлиевтің өлі денесі табылғаннан кейін оның Венадағы адвокаттары «өзіне өзі қол салған» деген алғашқы ресми болжамдарға қатысты күдік келтірген. Кейінірек Австрия прокуратурасы Рахат Әлиевтің денесінен алынған қан сараптамасының алдын ала нәтижелері оның қанынан Австрияда толық тыйым салынған барбитурат іздерін көрсеткенін хабарлаған. Оның қазасына қатысты жайттарды тексеру әлі аяқталған жоқ.

Бұл іс бойынша Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошлякқа қатысты шешімді сегіз алқа би қабылдайды.

XS
SM
MD
LG