Accessibility links

Қостанайлық заңгер «жала жапты» деп айыптамауды талап етті


Қостанайлық заңгер Болат Байтьяков. Сурет оның жеке архивінен алынды.

Қостанайлық заңгер Болат Байтьяков. Сурет оның жеке архивінен алынды.

«Судьяға жала жапты» деп айыпталған қостанайлық заңгер Болат Байтьяков үкімнің күшін жоюды талап етіп, кассациялық алқаға жүгінген. Халықаралық заңгерлер комиссиясы заңгерге араша түсті.

Қарапайым еңбек дауын қараған сот отырысындағы судья әрекетіне шағымданған қостанайлық заңгер Болат Байтьяковтың өзі сотталып, жұмысынан айырылған. Биыл тамызда оны зейнетке шыққаннан кейін екі жыл жұмыс істеген Қостанай облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасындағы заң кеңесшісі қызметінен босатқан. Бірнеше ай бұрын сот оны «судьяға жала жапты» деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын берген. Болат Байтьяков бұл үкімге қарсы шағым түсірген, бірақ үкім өзгеріссіз қалған.

ЗАҢГЕР СУДЬЯҒА ҚАРСЫ ШЫҚТЫ

2013 жылдың қыркүйегінде жұмыстан шығарылған бұрынғы полиция қызметкеріне қарсы сотта заңгер Болат Байтьяков жұмыс берушісінің мүддесін қорғаған. Қазақстан халықаралық адам құқығы бюросы, Бельгиядағы «Халықаралық адам құқығы әріптестігі», Польшадағы Хельсинки адам құқығы қоры, Ұлыбританиядағы «Артикль 19» ұйымы, Норвегия және Нидерланд елдерінің Хельсинки комитеттері сияқты құқық қорғау ұйымдары қол қойған мәлімдемеде жазылғандай, әлгі полицей бұрын үстінен қылмыстық іс қозғалуына байланысты қызметке жарамсыз деп танылған қызметкерлерді жұмыстан шығару науқаны аясында жұмыстан шығарылған. Бірақ бұрынғы полиция қызметкері Қостанай қалалық сотының шешімімен 2014 жылдың қаңтарында қызметіне қайта тұрған. Заңгер Болат Байтьяков пен полицейді жұмысқа қайта алуды міндеттеп үкім шығарған судьяның арасындағы жанжал осыдан басталған.

Ал жоғары деңгейдегі сот судьялары әріптесін қорғаштап шығып, өз құқығын, клиентінің құқығын қорғауға тырысқан адамның жолын кесіп, радикалды амалға жүгінді, яғни өзгелерге сабақ болу үшін мені қылмыстық жауапқа тартып отыр.

Қостанай қалалық соты шешімін әділетсіз әрі дұрыс емес деп санаған Байтьяков шағым түсіріп, істі қараған судьяның әрекеттерінің заңдылығын тексеруді де сұраған.

Бірақ Қостанай облыстық сотының кассациялық алқасы судьяның әрекетін заңды деп танып, заңгер Байтьяков «шағымында судьяға жала жапқан әрі ауыр қылмыс жасады деген айыптаған» деген жеке ұйғарым шығарған.

- Мен белгіленген тәртіп бойынша апелляциялық және кассациялық шағым түсіріп, судьяның әлгі әрекеттері заңсыз, яғни қызмет бабында бұрмалауға анық жол беру екенін, судьяның түсінігі заң нормаларына қайшы екенін түсіндірдім. Ал жоғары деңгейдегі сот судьялары әріптесін қорғаштап шығып, өз құқығын, клиентінің құқығын қорғауға тырысқан адамның жолын кесіп, радикалды амалға жүгінді, яғни өзгелерге сабақ болу үшін мені қылмыстық жауапқа тартып отыр, - дейді Болат Байтьяков.

Ол «судьяларды сынау әрекеттерін мүлде тыйып тастау үшін қылмыстық жаза қарастырылған жала жабу бабын маған қасақана пайдаланды» деп санайды.

ЗАҢГЕР ЖАЛАҚОР ДЕП ТАНЫЛДЫ

Қостанай облыстық соты алқасы шығарған жеке ұйғарымда «заңгер Болат Байтьяков шағымында екі судьяның әрекеті заңсыз деген болжаммен оларды даттағаны» көрсетілген. Әлгі ұйғарымда «Жауапкер Б.Д.Байтьяковтың өкілі түсірген кассациялық шағымда Қазақстан қылмыстық кодексінің 343-бабы 3-бөлімінде қарастырылған «судьяға жала жабуға қоса, оны ауыр қылмыс жасады деп айыптайтын қылмыс құрамы белгілері бар» деп жазылған.

Оның үстіне, ол судьяның шешімін сынамай, ауыр қылмыс жасады деп айыптап, судьяның жеке басын қаралаған. Құқық қорғау органы бөлімшелерінің бірі - мемлекеттік мекеменің заң кеңесшісі мұндайға мүлде жол бермеуі тиіс.

Жеке ұйғарымда заңгер шағымданған сот актілерінің өзгеріссіз қалғаны, «ал сот актілерін қаралауға ешкімнің құқығы жоқ» екені жазылған.

Сот ұйғарымында «Оның үстіне, ол судьяның шешімін сынамай, ауыр қылмыс жасады деп айыптап, судьяның жеке басын қаралаған. Құқық қорғау органы бөлімшелерінің бірі - мемлекеттік мекеменің заң кеңесшісі мұндайға мүлде жол бермеуі тиіс» делінген.

Бұдан бөлек, ұйғарымда «сот шешімін өз еркінше бұрмалап, қаралауға және орындауға кедергі келтіруге ешкімнің қақысы жоқ», «ал сот шешімімен келіспесе, жоғары сатыдағы сотқа заңда белгіленген тәртіппен шағымдануы тиіс» деп жазылған.

Қостанай қалалық сотының айыптау үкімінде «заңгер Болат Байтьяков шағым мәтінінде судьяның мінез-құлқына баға берген әрі судьялар заң бұзды деп көрсеткені» айтылған.

Қостанай облыстық соты жазбаша жолданған сауалға комментарий беруден бас тарттты. Ведомство баспасөз қызметі телефон қоңырауына жауап бермеді.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ АРАША ТҮСУ

Болат Байтьяковтың адвокаттарының бірі Снежанна Кимнің айтуынша, егер сот процесінде заң талабы бұзылғанын байқаса, кез келген судья адвокат немесе заңгерге қатысты жеке қаулы шығарып, оны өкілетті органға жолдауға құқылы, бірақ адвокат «Байтьяковқа заңға қайшы үкім шығарылған» деп санайды.

- Байтьяков сот отырысы кезінде заңсыздыққа жол берілгенін байқап, заңда белгіленген тәртіпке сәйкес арызданған. Яғни оның үстінен қозғалған қылмыстық іске қатысты сот тергеуі кезінде прокурор процестің жартысына қатыспағанын әрі содан кейін өз үйіне келгендей процеске емін-еркін кіргенін біз де видеодан көрдік. Біріншіден, сот отырысын өткізу тәртібі мүлде сақталмаған. Екіншіден, әлгі сот отырысының хаттамасының бір бөлігі жоғалып кетіп, бір проблема болған, - дейді Снежанна Ким.

Оның пікірінше, мұндай жағдайда кез келген азамат «заң бұзушылықты байқаса, жоғары инстанцияға хабарлауға міндетті». Бірақ адвокаттың айтуынша, заңгерлер мен адвокаттар мұндай үкімдерден шошиды.

Сонда біз мұндай заңсыздықты көрсек те, байқамаған сыңай танытып, үнсіз қалуға тиіспіз бе?

- Сонда әлдебір қылмыстық әрекеттерді байқап қалсақ та, үндемей қалуымыз керек пе? Кейде біз де қателік жібереміз, бірақ біз берген ақпаратты тексеруі тиіс құқық қорғау органдары бар. Сонда біз мұндай заңсыздықты көрсек те, байқамаған сыңай танытып, үнсіз қалуға тиіспіз бе? Мен мұны аса қауіпті практика дер едім, өйткені адамдар қылмыс жайлы хабарлауға қорықса, мұның соңы неге ұласады? – дейді Снежанна Ким.

Бельгиядағы International Partnership For Human Rights құқық қорғау ұйымы сайтының хабарлауынша, Халықаралық заңгерлер комиссиясы заңгер Болат Байтьяковке араша түскен. Олардың ұйғарымында «судья жол берген заң бұзушылықтар туралы мәлімдегені үшін заңгерді қылмыстық жауапкершілікке тарту - ой-пікірін еркін білдіру құқығын шектеу, заңгерлердің клиент мүддесін бар ықыласымен қорғау және судьялардың моральдық қасиеттерін қамтамасыз етуге ұмтылу сияқты функцияларына араласу болып саналады» деп жазылған.

Халықаралық ұйым сарапшылары халықаралық стандарттарға сәйкес, сот жүйесі өкілдерінің моральдық қасиеті жоғары болуы тиіс деп санайды. Олар «Заңгерлер мен өзге тұлғалар судьялардың тәртіп бұзуына назар аударуға және құқықтық қорғаудың тиісті құралдарына қол жеткізуге қабілетті болуы тиіс және өзге мемлекеттік мекемелер сияқты соттар да сын мен қадағалаудан қорғалмауы керек» деп есептейді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG