Accessibility links

Офицерлерден миллиардтар өндірілетін болды


Ақмола гарнизонының әскери соты. Астана. 9 желтоқсан 2010 жыл.
Ақмола гарнизонының әскери соты. Астана. 9 желтоқсан 2010 жыл.

Желтоқсанның 13-і Ақмола гарнизонының әскери соты қорғаныс министрлігінің пайдасына сот шешімін шығарды. Сот шешімі бойынша, түрмеде отырған қорғаныс министрлігінің бұрынғы шенеуніктері Қажымұрат Мейірманов пен Еділ Жартынов және Израиль азаматы Борис Шейнкман министрлік талап еткен 14 млрд 260 млн 396 мың 322 теңгені төлейтін болады.


Алайда Қажымұрат Мейірмановтың адвокаты Мұстахим Төлеев сот шешімі тек жартылай ғана заң талаптарына сәйкес дейді. Оның пікірінше, заң талаптары өрескел бұзылған. Және ол сот шешімі жүзеге аспайтынын айтады.

– Себебі, біздің мемлекетімізде қандай лауазым иесі болса да бірде бір пенде өле өлгенше мұнша соманы өтей алмайды. Бұл – бір. Екіншіден, соттың шешімімен заң күшіне енгеннен кейін сот орындаушылар оны өндіре алмайды. Содан кейін амал жоқ, өндіріс құжаттарын қысқартып тастайды.

Соның нәтижесінде Израильдің бізге қару-жарақ сатқан лауазымды иелері қаржылық жауапкершіліктен босатылады, – дейді адвокат Мұстахим Төлеев.

Израиль елінен сапасыз қару-жарақ сатып алу оқиғасына қатысы бар деген айыппен жауапқа тартылып, кейіннен қылмыстық қудалаудан босатылған қорғаныс министрлігінің тағы жиырма офицеріне сот әрқайсысының айлық жалақысына сәйкес шығын өтеу жөнінде шешім шығарды.

Олардың әрқайсысы жүз мың теңгеден астам айып төлейтін болады. Алайда қорғаныс министрлігінің қызметкерлері сот шешімімен келіспейтіндерін айтады.

– Біз өзімізді кінәсізбіз деп есептейміз. Бір айлық жалақы көлемінде бізге айып салды. Біз кезінде тек бұйрықты ғана орындадық. Өз бетімізше ештеңе жасаған жоқпыз. Біз барлығымыз жиналып ақылдасатын боламыз, – дейді
№29/108 әскери бөлімшесінің командирі Құралыш Рахымов Азаттық тілшісіне.

Қорғаныс министрлігінің жиырма қызметкері сотқа апелляциялық шағым түсіру мәселесін адвокаттарымен кеңесіп барып шешетіндерін айтады.

Қазақстанның бұрынғы қорғаныс министрі Даниал Ахметовтың орынбасары болған Қажымұрат Мейірманов, зымыранды қорғаныс және артиллерия қолбасшысының міндетін атқарған Еділ Жартынов, сонымен қатар Израиль азаматы Борис Шейнкман биылғы ақпанның 22-і күні сотталған болатын.

Мейірманов пен Шейнкман - 11 жылға, Жартынов жеті жылға бас бостандығынан айрылды. Оларға Израильден қару сатып алу кезінде жемқорлық әрекетке барып, қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылған. Бұл үш азаматпен бірге жауапқа тартылған Қазақстанның тағы жиырма офицері кейіннен қылмыстық қудалаудан босатылған еді.
XS
SM
MD
LG