Accessibility links

Экология министрлігі бұрынғы шенеуніктерінің адвокаттары судьяға сенімсіздік танытты


Айыпталушылардың бірі-Әділбек Жайылғановтың адвокаты Гүлжан Омарова. Астана, 6 тамыз, 2009 жыл.
Айыпталушылардың бірі-Әділбек Жайылғановтың адвокаты Гүлжан Омарова. Астана, 6 тамыз, 2009 жыл.

6 тамыз, бейсенбі күні, Экология министрлігінің бұрынғы шенеуніктеріне қатысты сот ісі барысында айыпталушылардың адвокаттары судья Ерлан Тасыровқа сенімсіздік білдірді. Қорғаушылардың өтініштеріне қатысты нақты шешім шыққанша, сот ісі уақытша тоқтатылды.

БАСТЫ КУӘЛЕР ИЗРАИЛ МЕН АМЕРИКАДА ЖҮР

Экология және қоршаған ортаны қорғау министрі болған Нұрлан Ысқақов пен оның бұрынғы вице-министрлері Әлжан Брәлиев, Зейнолла Сәрсембаев және «Меркурий плюс» фирмасының өкілі Әділбек Жайылғановтың үстерінен қозғалған қылмыстық іске қатысты сот ісі аяқталуға жақындаған кезде адвокаттар судьяға қарсы шықты. Олардың айтуынша, сот ісі жүріп жатқан бір жарым айдың ішінде судья айыпталушылар тарапынан берілген бірде-бір өтінішті қарамаған.

Атап айтқанда, Әділбек Жайылғановтың адвокаты Гүлжан Омарова судья Ерлан Тасыров тек мемлекеттік айыптаушылардың мүддесіне жұмыс істеп келеді дейді. Ол «сот ісі обьективті түрде өтіп жатқан жоқ» деп айыптайды.

- Біз осыған дейін сотқа куә ретінде «Меркурий плюс» ЖШС-ның қазіргі құрылтайшысы Давид Меклерді шақыруды сұрадық. Себебі, Экология министрлігінен ұтып алынған тендерге тікелей оның қатысы бар. Ал қамауда отырған Жайылғановтың аталмыш фирмаға 2007 жылдың соңына дейін қатысы болған. Одан кейін фирманың иесі мүлдем өзгерген. Бірақ сот мұны есепке алмай отыр. Оның үстіне, іске қатысты куәләрдің барлығы белгісіз себептермен сотқа келген жоқ. Олардың «аяқ астынан бастары ауырып қалыпты». Судья оларды сот залына мәжбүрлеп шақыртпай отыр, - дейді адвокат Гүлжан Омарова.
Астана қаласындағы Есіл аудандық сотының ғимараты. 6 тамыз, 2009 жыл.


Сот ісі басталар алдында судья Ерлан Тасыров сотқа 150-ге жуық куәнің тартылатынын айтқан болатын. Бір жарым айдың ішінде 80-нен астам куә шақырылған. Ал қалғандары сотқа келмеді. Сол себептен өткен сәрсенбі күннен бастап, судья Ерлан Тасыров келмеген куәлердің тергеу ісінде берген жауаптарын таныстыруды бастаған болатын.

Солардың бірі басты куәгер - Андрей Корчевскийдің жауабы. Экологтар палатасының төрағасы болып табылатын Андрей Корчевский Экология министрлігінің бұрынғы шенеуніктеріне қарсы куә берген бірден-бір адам. Бірақ ол АҚШ-та емделіп жатқанын айтып, сотқа келмейтінін жеткізіпті. Осыдан кейін судья Тасыров Корчевскийдің тергеуде берген жауабын сот залында оқып, сонымен бұл іске нүкте қойған болатын.

Алайда, судьяның бұл әрекетіне экс-вице-министр Әлжан Брәлиевтің адвокаты Нұрмұхан Зұлпыхаров та келіспей отыр.

- Біз де судьяға Андрей Корчевскийдің бұрын берген жауаптарын соттағы айғақ қатарынан алып тастау жөнінде ұсыныс жасадық. Себебі, сол тергеу барысында бес рет жауап берген. Әр жауабында бір-біріне қайшы келетін пікірлер айтқан. Оны анықтау үшін бізге Корчевскийдің өзінің сотқа қатысуы маңызды болды. Бірақ сот ісіне төраға етуші Ерлан Тасыров біздің өтінішімізді қанағаттандырмады, - дейді адвокат Нұрмұхан Зұлпыхаров.

ЭКОЛОГТАР ІСІ УАҚЫТША ТОҚТАТЫЛДЫ

Енді адвокаттардың судья Ерлан Тасыровқа қарсы өтініштеріне қатысты Астана қаласы Есіл аудандық соты шешім шығарғанша, сот ісі уақытша тоқтатылады.

Экология және қоршаған ортаны қорғау министрі болған Нұрлан Ысқақов және оның бұрынғы вице-министрлері Әлжан Брәлиев, Зейнолла Сәрсембаев пен «Меркурий плюс» фирмасының өкілі Әділбек Жайылғановтар түрлі экоклгиялық қалдықтарды жоюға республикалық бюджеттен бөлінген 1,172 миллиард теңгені [7,8 миллион доллар шамасында] жымқырды деген айып тағылған.

Атап айтқанда, Балқаш көлінің жағасындағы бұрынғы радиолокациялық станция орнында қалған улы заттары бар контейнерлерді жойып, залалсыздандыруға бөлінген қаржыны осы мақсатқа жұмсамаған делінеді. Утилизация шарасын атқаруға бұрынғы қарағандылық кәсіпкер Меклер жетекшілік ететін неміс фирмасы тартылған.
XS
SM
MD
LG