Accessibility links

Раушан Есіргепова БҰҰ-ның Адам құқтары комитетіне шағымданбақшы


«Алма-Ата инфо” газеті бас редакторының әйелі Раушан Есіргепова.
«Алма-Ата инфо” газеті бас редакторының әйелі Раушан Есіргепова.

Тамыздың 13-і күні Астанада Жоғарғы соттың қадағалау алқасы «Алма-Ата инфо» басылымына қатысты алғашқы инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды. Ол шешімге газет Жамбыл облыстық ҰҚК департаментінің қызметтік хаттарын жариялады деген Медеу аудандық прокуратурасының талап арызы негіз болған еді.

ЖОҒАРҒЫ СОТ "АЛМА-АТА-ИНФО" ГАЗЕТІНЕ ҚАТЫСТЫ ШЕШІМДІ ДҰРЫС ДЕП ЕСЕПТЕЙДІ

Бұдан бұрын, осы жылдың 10-шы ақпанында, Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Медеу аудандық прокурорының шағымын қарап, «Алма-Ата инфо» газетінің жарыққа шығуын бір айға тоқтату туралы шешім шығарған болатын.

18 наурыз күні Алматы қалалық соты да апелляциялық шағым беруші басылым өкілдерінің арызын қарай келе Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының Алма-Ата-инфо» газетіне қатысты 10 ақпандағы үкімін өз күшінде қалдырған еді.

"Алма-Ата-инфо" газеті 18 наурыз бен 18 сәуір аралығында жарық көрген жоқ, мұнан кейін үш қана саны басылған газет енді өзінің қаржылық жағдайына қатысты тоқтап тұр десе болады, бұл жөнінде Азаттық радиосына газеттің үш жылға бас бостандығынан айрылған бас редакторы Рамазан Есіргеповтың әйелі Раушан Есіргепова айтып берді.

Міне енді 13 тамыз күні Астанада Жоғарғы соттың қадағалау алқасы «Алма-Ата инфо» басылымына қатысты Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырған.

Бұл туралы біздің радиомызға басылымның бас редакторы, бүгінде қамауда отырған Рамазан Есіргеповтің әйелі Раушан хабарлаған еді.

- Жоғарғы сот алғашқы инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды – дейді Раушан Есіргепова.

Сондай-ақ алғашқы инстанция «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповтің былтыр күзде осы газетте жариялаған мақаласына сараптама жүргізу туралы өтінішті қанағаттандырмай тастаған болатын және редакцияның Жамбыл облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің үстінен жасаған шағымын қараудан да бас тартқан еді.

"АЛМА-АТА-ИНФО" БАСЫЛЫМЫ КҮРЕСІН ЖАЛҒАСТЫРА БЕРЕДІ

Бірінші инстанциядағы сот шешімінің орындалу мерзімі өтіп кеткен және оның орындалып қойғанына қарамастан, Жоғарғы соттың қадағалау алқасына апелляциялық шағым түсірудегі мақсат турасында «Жұлдыз» компаниясының және «Алма-ата инфо» басылымының өкілі, журналист Владимир Воевод әңгімелеп берді Азаттық радиосына.

Владимир Воеводтың айтуынша, «Жоғарғы соттың бұл шешімі тамыздың 8-інде бас редактор Рамазан Есіргеповке қатысты Тараз сотында шыққан шешімге тікелей байланысты».

- Егер бүгінгі сот басылым бетінде жарияланған ақпараттардың ешқандай «құпия» еместігін анықтаса, онда Есіргеповке қатысты істің де еш негізі болмаушы еді. Сондықтан Жоғарғы соттың бүгінгі шешімі алдын ала белгілі болған, — деді Владимир Воевод біздің радиомызға берген сұхбатында.

Дегенмен басылым өкілдері қол қусырып қарап отырмайтындарын айтады.

- Мен енді БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағым түсіремін – дейді Раушан Есіргепова.

Бұған дейін «Журналистер қауіп-қатерде» қоры мен «Алма-Ата инфо» газеті аталған басылымдағы Рамазан Есіргепов жариялаған ақпараттың мемлекеттік құпияға қатысы бар екеніне күмән келтіретін мәлімдеме таратқан болатын. Бұл туралы Азаттыққа түсініктеме берген «Журналистер қауіп-қатерде» қорының президенті Розлана Таукина былай деді:

- Мен бұл құжаттарды қызметтік қолданыстағы қағаздар деп есептеймін, бұл құпия болса, сол ҰҚК-нің өзі үшін құпия шығар, бірақ өзгелер үшін ешқандай да мемлекеттік құпия емес. Егер бұл құжаттар қандай да бір жолмен журналистің қолына түссе, қоғамдық маңызы бар болғандықтан оны жариялауға журналистің құқы бар. Бұл жерде ҰҚК өз жұмысымен айналыспай, қызмет бабын асыра пайдаланып отыр.

Қазақстандық адам құқықтарын қорғау жөніндегі бюро журналист Р. Есіргеповтің «Алма-Ата инфо» газетіне жариялаған ақпаратына қатысты тәуелсіз сараптама жасады. Бюро қызметкерлері «Р. Есіргепов келтірген ақпараттарды мемлекеттік құпияға жатқызу өте қиын» деген түсініктеме беріп отыр. Алайда ол сараптаманы сот қаперіне алмаған еді.

«Алма-Ата инфо» басылымының редакторы Рамазан Есіргепов «құпия ақпараттарды таратты» деген айыппен, тамыздың 8-і күні Тараз қаласының соты 3 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Раушан Есіргепованың сөзіне қарағанда, қазір Р.Есіргепов облыстық сотқа апелляциялық шағым түсіру мүмкіндігінен айрылып отыр.

- Өйткені Рамазанға әлі соттың шешімін бермепті, ал онсыз ол жоғарғы инстанцияларға шағымдана алмайды. Уақыт өтіп барады. Дегенмен біз Рамазанның ісін Жоғарғы сотқа дейін жеткізіп, керек десеңіз, халықаралық ұйымдарға да шағымданатын боламыз – деді біздің радиомызға Раушан Есіргепова.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы жабық сотта журналист Рамазан Есіргеповті бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылуы халықаралық стандарттар мен Қазақстанның осы ұйым алдындағы міндеттемелерін бұзады деп мәлімдеді. Бұл туралы Еуропалық ұйымның БАҚ бостандығы бойынша өкілі Миклош Харасти тамыздың 11-і күні Қазақстан сыртқы істер министрі Марат Тәжинге жолдаған хатында айтқан.

8 тамыз күні Тараз қалалық соты журналист Есіргеповты 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сот оны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметі туралы құпияны заңсыз жолмен алып, таратқаны үшін айыпты деп тапты.

Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етпек.
XS
SM
MD
LG