Accessibility links

Экологтардың соты мәреге жетер тұста Назарбаевқа қастандық жасалады-мыс деген де әңгіме айтылып қалды


Экологтар сотында арандату мен қастандық турасында мәлімдеме жасаған белгісіз әйел баласының суретін ұстап тұр. Астана, 28 қыркүйек, 2009 жыл.
Экологтар сотында арандату мен қастандық турасында мәлімдеме жасаған белгісіз әйел баласының суретін ұстап тұр. Астана, 28 қыркүйек, 2009 жыл.

Экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігі бұрынғы басшыларының үш айға созылған сот отырысы аяқталды, айыпталушылар тағылған айыптармен келіспейді. Дүйсенбі күнгі сот отырысында пайда болған жұмбақ әйел қызық мәлімдемелер жасап, жұрт назарын басқа жаққа аударуға тырысты.

ЭКС-МИНИСТР АБАҚТЫДА АЛЛАҒА СЫЙЫНАДЫ

Экологияның бұрынғы министрі Нұрлан Ысқақов соттың дүйсенбі күнгі соңғы отырысында ақтық сөзін рухани дүниелерден бастады. Арнайы оқшаулағыш мекемесінде отырған алты айдың ішінде, ол өткен өміріне есеп бергенін, өмір жайында көп ойланғанын жеткізді.

- Әрине, адам баласы болған соң, кінәсіз болмайды. Бірақ мен осы уақытқа дейін біреуге жамандық жасамақ түгілі, жамандық туралы ойламаппын. Құдайға сенетін адаммын. Күніне бес уақыт намаз оқимын. Алла тағаланың әділеттілік орнататынына сенемін. Ал судья мырза, сіз заңдылықты қалпына келтіресіз деп үміттенемін, - дейді экс-министр.

Нұрлан Ысқақов сөзінде осы қылмыстық істің қозғалуына түрткі болған адамдардың кімдер болуы мүмкін екенін де ашық айтты.

- Бүгінгі күнге дейін маған айыптаушы жақ пен тергеушілер бір де бір кінә таға алмады. Анонимді хаттың иесі де соңғы сөздерінде менің бұл іске ешқандай қатысымның жоқ екенін айтты. Менің пайымдауымша, осы қылмыстық істің артында менің бұрынғы жауапты хатшымның іс-әрекеттері тұр. Ол менің орнымды көкседі. Бұл жайында «Меркурий плюс» фирмасының директоры болған Виктор Лайс арызында келтірген. Оның менің орныма министр болғысы келетінін бүкіл ұжым білді,- дейді Нұрлан Ысқақов.

Нұрлан Ысқақовтың бұрынғы жауапты хатшысы болған – Рүстем Хамзин. Ол бүгінде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Серік Ахметовтің кеңесшісі қызметінде істейді.

ВИЦЕ-МИНИСТРЛЕРДІҢ ЕКЕУІ ДЕ АҚТАЛУДАН ҮМІТТІ

Экология министрлігінің бұрынғы екі вице-министрі де судьядан өздерін ақтап шығаруын сұрады. Олар өздерін әлдекімдердің өзара текетірестерінің құрбаны болып отырғандықтарын айтады. Осы тұрғыда вице-министр, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Әлжан Брәлиев бұл істе өзінің мүлдем қатысы болмағанын айтып, судьядан обьективті әрі әділетті шешім сұрады.

Ал екінші вице-министр болған Зейнолла Сәрсенбаев та, судья үкім шығармаса да, өзінің жазалы болып отырғанын айтады.

- Бір жылдан бері өзіме сұрақ қойып келем, мен не істеп қойдым, мен неге жазалы болдым? Маған үкім шығармаса да, мен жазалымын. Себебі, мен осы уақытқа дейін тірнектеп жинаған беделімді, аты-жөнімді жоғалттым. Жұмыстан шығарылдым. Денсаулығымнан айрылдым. Осы жағдайдан кейін менің балаларымды да жұмыстарынан қуды. Мен бір жылға жуық қамауда отырмын. Бұл жаза емей немене? Егр шын мәнінде ақша ұрласам, сатып алған үйім қайда? Астыма мінген көлігім қайда? Неге мен әлдекімдердің құрбаны болып отырмын?, - деді сот алдында отырғанына әлі түсіне алмай жүрген Зейнолла Сәрсенбаев.
Бұрынғы вице-министр Әлжан Бралиев (отырған) пен «Меркурий Плюс» компаниясының өкілі Әділбек Жайылғанов айыпталушылар орындығында. Асана, 28 қыркүйек, 2009 жыл.


Соңғы сөз кезегі «Меркурий плюс» компаниясының өкілі Әділбек Жайылғановқа келгенде судья Тасыров бірден үзіліс жариялап, сот отырысын кешкі мезгілге созды. Осы кезде сот залында отырған адвокаттар Жайылғановтың қандай да бір мәлімдеме жариялауы мүмкін екенін жоққа шығармады. Алайда, араға алты сағат өтіп барып өткен сотта Жайылғанов соңғы сөзін қысқаша қайырды.

- Судья, сізден әділетті шешім күтемін. Сіздің әділетті шешіміңізге менің кішкентай сәбилерімнің, туыстарымның болашағы байланысты болады. Сіздің әділетті шешіміңізден болашақ ұрпақтың тағдыры белгілі болады. Егер сіз әділетті шешім шығарсаңыз, онда біздің балаларымыз елімізде қорқынышсыз өмір сүретін болады, - деді Әділбек Жайылғанов.

Ал Нұрлан Ысқақовтың адвокаттары Әділбек Жайылғановтың осы іске кімдердің тапсырыс бергенін, аты-жөндерін айтады деп үміттенгендерін жасырмайды. Жайылғановтың адвокаты Гүлжән Омарова шын мәнінде Рүстем Хамзин мен Әділбек Жайылғановтың арасында қандай әңгімелер болғанын білмейтіндігін, бірақ улы қалдықтарды жою жұмысын, тендерді өткізу шарасының барлығын тікелей Рүстем Хамзиннің атқарғанын айтты Азаттық радиосына.

СОТ ЗАЛЫНДА ПАЙДА БОЛҒАН ҚҰПИЯ КЕЛІНШЕК

Сонымен сот үкімі шығардан бұрынғы соңғы отырыста, сот дәлізінде аяқ астынан жас келіншек пайда болып, журналистер алдында жоғары лауазымды шенеуніктерге қатысты шулы мәлімдеме жасады. Өзін Нұрлан Ысқақовтың туысымын деп таныстырған келіншек, он бес жастағы баласын жазда демалыс лагеріне жіберген кезде, кейін өзінің баласы емесб соған ұқсайтын басқа бір баланың келгенін айтады.

Аты-жөнін Алма Жүспекова деп таныстырған әйел, кезінде Монополияға қарсы агенттікте жұмыс істегенін айтады. Ал баласын ауыстырғандардың артында қазіргі жоғары лауазыды шенеуніктер тұр деп олардың бірқатарының аттарын атады, соңынан журналистерге төмендегідей мазмұнда жазылған парақша таратты.

«Қазақстан президенті Н.Ә. Назарбаевқа және оның отбасына қарсы қастандық дайындалып жатыр. Ешкім білмеуі үшін зерттеу жүргізбес үшін президентті сыңарымен ауыстырмақ. Президенттің туыстарының арасында қазірдің өзінде ауыстырылған адамдар бар. Олардың сыртқы келбеттері бір-бірлерінен айнымайды» делінген.

Мәлімдемені таратқан әйел ұрлап әкетілген баласы осындай құйтырқы әрекеттің құрбаны болып отыр дейді. Ол сонымен бірге өзінің де сыңары бар екенін айтып, елдегі арнайы қызмет өкілдері мен жоғары лауазымды тұлғаларды айыптайды.

- «Осындай әдіс-тәсілдерді әдетте арнайы қызмет өкілдері мен террористер жасайды. Үлкен адамдарды ауыстырады. Яғни, оларды ұрлап әкетіп, өлтіреді де, ал олардың орнына өте ұқсас сыңарын әкеп қояды. Бұл қылмыс ашылмауы үшін, алдымен олардың телефондары тыңдалады. Олардың арттарынан аңдиды. Олардың сөйлеу мәнері мен мінездерін зерттейді», - делінген Жүспекованың мәлімдемесінде.

Ол бұл іске дәлел ретінде өзінің ауыстырылған баласының суретін көрсетті. Алайда, осы кезде өзінің жұбайының аты-жөнін естіп қалған Нұрлан Ысқақовтың әйелі Нүргүл Жандосова өздерінің мұндай туыстарының жоқ екенін айтып, бұған арандатушы әрекет деп баға берді.

ЭКОЛОГТАРДЫҢ ҮКІМІ ЕКІ АПТАДАН КЕЙІН ШЫҒАРЫЛАДЫ

Ал бұл кезде судья Ерлан Тасыров үкім шығаруға екі апта тайм-аут алды. Мемлекеттік айыптаушылар болса, экс-министр Нұрлан Ысқақовты жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұраса, оның орынбасарлары Зейнолла Сәрсенбаевқа алты жыл түрме жазасын кесуді, ал Әлжан Брәлиевті үш жыл шартты түрде бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Ал «Меркурий плюстің» өкілі Әділбек Жайылғановты тоғыз жыл бас бостандығынан айыруды сұрайды.

Қоршаған ортаны қорғау министрі болған Нұрлан Ысқақов пен оның екі вице-министрі Әлжан Брәлиев пен Зейнолла Сәрсенбаев 1 млрд. 172 млн.теңге (шамамен 7,8 миллион доллар) көлемінде мемлекет қаржысын талан-таражға салды деп айыпталып отыр. «Меркурий плюс» фирмасының өкілі Әділбек Жайылғанов та қылмыстық іске қатысы бар делініп, айыпталушылар қатарына қосылған.

Атап айтқанда, Балқаш көлінің жағасындағы бұрынғы радиолокациялық станция орнында қалған улы заттары бар контейнерлерді жойып, залалсыздандыруға бөлінген қаржы басқа мақсатқа жұмсалып кеткен делінеді. Ал утилизация шарасын атқаруға бұрынғы қарағандылық кәсіпкер Борис Меклер жетекшілік ететін неміс фирмасы тартылған болатын.
XS
SM
MD
LG