Accessibility links

Баспасөзді қорғау ұйымдары Рамазан Есіргеповтің босатылуын талап етеді


Раушан Есіргепова, Розлана Таукина, Өтеген Ыхсанов, Владимир Воевод баспасөз -мәслихатын өткізуде. Алматы, 11 тамыз, 2009 жыл.

Раушан Есіргепова, Розлана Таукина, Өтеген Ыхсанов, Владимир Воевод баспасөз -мәслихатын өткізуде. Алматы, 11 тамыз, 2009 жыл.

Баспасөзді қорғау ұйымдары Рамазан Есіргеповке қатысты шығарылған үкімге наразылық танытты. Журналистің жақтастары наразылық акциясын ұйымдастырылмақшы.

РОЗЛАНА ТАУКИНА: ҰҚК-нің КЕК АЛУЫ

Сейсенбі күні, 11 тамызда, Алматыда өткізілген баспасөз мәслихатында баспасөзді қорғау ұйымдары тараздық ҰҚК-нің құпия материалдарын жинағаны және таратқаны үшін үш жыл түрме жазасына кесілген «Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповке қатысты Тараз қалалық сотының үкімімен келіспейтіндерін жеткізді.

Баспасөз мәслихаты барысында «Журналистер қауіп-қатерде» баспасөзді қорғау қорының жетекшісі Розлана Таукина мәлімдеме жасады:

- Рамазан Есіргепов өзінің кәсіби борышын өтеді, маңызды ақпаратты қоғамға жеткізді. Және де ол ақпаратты заңсыз жолмен алған жоқ, сот талқысында бұл жәйт айғақтармен дәлелденбеді.

Розлана Таукинаның сөзіне қарағанда, қор сарапшылары – Адам құқықтары жөніндегі Қазақстан бюросының директоры Евгений Жовтис пен адвокат Сергей Уткин Рамазан Есіргеповтің «Алма-Ата Инфо» газетіне жариялаған мәліметтері мемлекеттік құпия қатарына кірмейтінін және оның құпиялануы заңды емес екенін дәлелдеді.

Сондай-ақ, Розлана Таукина Рамазан Есіргеповтың ісі бойынша сот талқысы үстінде заң өрескел бұзылғанына көңіл аударады:

- Рамазан Есіргеповке қатысты үкім жабық мәжілісте оқылды, бұл деген азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі пактіні бұзу болып табылады. Бұған қоса, мен Рамазан Есіргеповтің «Мемлекетті кім басқарып отыр: ҰҚК ме әлде президент пе?» деген басты сұрағына сот шешімі жауап берді дегім келеді. Соттың қысым көргені, сол арқылы шешім шығарғаны - шаруаның басынан аяғына дейін тараздық ҰҚК қызметкерлерінің дегеніменен болғанын біз анық көрдік, - деді Розлана Таукина.

Розлана Таукинаның пікірінше, Рамазан Есіргеповке қатысты үкім журналистің арнаулы қызметпен ынтымақтаса жұмыс істеуден бас тартқаны үшін ҰҚК қызметкерлерінің қайтарған кегі болды:

- Біз Рамазан Есіргеповтың Қылмыстық кодекстің 172-бабы, 2-тармағы, яғни, «Құпия мәліметтерді заңсыз жинау» деген бап бойынша сотталғанына қынжыламыз. Ол құжаттарды редакцияға келген конверттен алған, арнайы барып, тауып алған жоқ. Сонда да оны жаңағы бап бойынша соттап отыр. Біз мұны ынтымақтаса жұмыс істеуден бас тартқаны үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің кек қайтаруы деп түсінеміз.

«ШЕКАРАСЫЗ РЕПОРТЕРЛЕР» ҰЙЫМЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

«Шекарасыз репортерлер» ұйымы Рамазан Есіргеповтің ісі бойынша апелляциялық сатыда іс қарайтын сотты "негізсіз және сөз бостандығы мен демократияны бұзатын үкім" деп бағалай келе оны бұзуға шақыруда.

«Есіргепов тек өзінің кәсіби борышын орындады. «Шекарасыз репортерлер» ұйымы сотта журналист емес, Тараз ҰҚК-нің қызметкерлері отыруға тиіс деген мәлімдеме жасады. Көптеген құқықбұзушылықтардың арасында жүрек-тамыр дертіне қажетті медициналық көмек бергізбеу, отбасымен және адвокатпен жолығуға тыйым салу, қорғаушымен қамтамасыз етпеу, өзін- өзі қорғауына тыйым салу, қорғанушы тараптың куәгерлерінің болуына тыйым салу секілді өрескел заң бұзушылықтар болды.

Жарияланған құжаттарда қоғам үшін маңызды ақпараттар болды және ол ҰҚК мен бизнесмендер арасындағы егесті ашты. Келесі жылы Қазақстан жыл сайын «Шекарасыз репортерлер» ұйымы жариялайтын баспасөз бостандығы индексінде 173- орынның 125-іншісінде болса да, ЕҚЫҰ-ның келесі төрағасы болайын деп отыр, - делінген журналист Рамазан Есіргеповке қатысты үкім туралы ««Шекарасыз репортерлер» ұйымының мәлімдесінде.

«АЗАТ» ПАРТИЯСЫ АКЦИЯ ӨТКІЗУДІ ЖОСПАРЛАП ОТЫР

«Азат» партиясының Рамазан Есіргеповке қатысты шығарылған үкімге қарсы наразылық акциясын ұйымдастырайын деп отырғаны бәрімізге белгілі.

Журналистер қауымы да Рамазан Есіргеповке қатысты әділетсіз деп санаған сол бір үкімге қарсы жоспарланған митингіге қатыспақ.
Еске сала кетейік, өткен сенбіде, 8 тамызда, Тараз қалалық сотында Рамазан Есіргеповке қатысты үкім жарияланды. Үкім бойынша оған үш жыл түрмеде отыру жазасы тағайындалып, екі жыл бойына журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Рамазан Есіргепов мемлекеттік құпияны жариялау бабы бойынша айыпталған болатын.
XS
SM
MD
LG