Accessibility links

Жақсыбек Күлекеев бостандыққа шыққан күні Евгений Жовтис түрмеге жіберілді


Жақсыбек Күлекеев сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 13 қараша, 2008 жыл.
Жақсыбек Күлекеев сот үкімін тыңдап тұр. Астана, 13 қараша, 2008 жыл.

Сейсенбіде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Жақсыбек Күлекеевтің мерзімінен бұрын бостандыққа шыққаны жөнінде бірқатар ақпарат агенттіктері мәлімет таратты. Дәл осы күні Евгений Жовтистің де соты болып, оның үкімі күшінде қалды.

Қазанның 20-сы күні Алматының Жетісу аудандық соты «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының сотталған бұрынғы басшысы Жақсыбек Күлекеевті мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға шешім шығарғандығы жайында бірқатар ақпарат агенттіктері мәлімет таратты. Олардың жазуларына қарағанда өткен жылы 3 жылға бас бостандығынан айырылған Жақсыбек Күлекеев бостандыққа шығып қойған.

Ақпараттың қаншалықты негізділігін білу мақсатында Күлекеевтің адвокаты Сәлімжан Мусинмен хабарласқанымызда, ол бұл ақпарат туралы өзінің де жаңалық агенттіктері арқылы білгендігін айтты.

- Мен қазір бұл іспен айналыспаймын, сондықтан мен оның қаншалықты рас екендігін айта алмаймын. Дегенмен, оның мерзімі таяп қалғандығы рас. Ол өзіне міндеттелген мерзімнің жартысын өтеді. Сондықтан қылмыстық процессуалдық кодекске сәйкес, ешқандай заң бұзушылық орын алмаса Күлекеев мырзаның мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуы заңды. Бұл жағдайда адвокаттың араласуы міндетті емес, -деді Азаттық радиосына түсініктіме берген Сәлімжан Мусин.

Бұл ақпаратқа қатысты құзырлы мекемелер де жұмған аузын ашпады. Күні бойғы біздің телефон қоңырауларымызға ешкім жауап берген жоқ.

"КҮЛЕКЕЕВ ТАПСЫРЫСПЕН БОСАТЫЛДЫ"

Бұл кезде тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи, Жақсыбек Күлекеев кей ақпарат агенттіктері жазғандай, сейсенбі күні емес, өткен аптада бостандықта жүргендігін мәлімдеді.

- Күлекеев өткен жұма күні босатылған болатын. Оны өткен сенбі күні Алматыдағы Хамит Ерғалиев жағалауында (бұрынғы Есентай өзені) серуендеп жүргендігін көрген адамдар бар. Бұл – нақты ақпарат! Мәселе, біздің ақпарат агенттіктер бұл туралы өткен аптадан бері тіс жармай, тек бүгін жазуында. Бұл жоспарланған босату болуы да мүмкін, - дейді Ермұрат Бапи.

Естеріңізде болса, «Қазақстан темір жолының» экс-президенті осы жылдың 28-тамызы күні Астананың тергеу изоляторынан Алматы облысының УЧ ЛА 155/13 қоныстандыру колониясына ауыстырылған еді.

Дегенмен, дәл сол ақпарат агенттіктерінің жазуынша, Алматы және Алматы облысына қарасты қылмыстық атқару жүйесі комитетінің басқарма бастығының орынбасары Қайрат Нұрымов, сот қазанның 20-сында оны мерзімінен бұрын босату туралы шешім шығарғанымен, ол шешім 15 күннен кейін өзінің заңды күшіне енеді екен.

Сондықтан дәл қазір Күлекеев мырза бостандықта ма әлде әлі қоныстандыру колониясында отыр ма белгісіз. Анығын білу үшін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысының өзіне хабарласқанымызбен ешқандай жауап ала алмадық.

Естеріңізге сала кетсек, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеев өткен жылдың 1 сәуірінде 100 мың доллар пара алды деген күдікпен өз үйінің алдында тұтқындалған болатын. Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты өткен жылдың 13 қарашасында Күлекеевті «қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін» үш жылға бас бостандығынан айырған болатын. Бірақ, оған тағылған басты айып – «100 мың доллар пара алды» деген оқиға – бойынша Күлекеев ақталған еді.
XS
SM
MD
LG