Accessibility links

Назарбаевтың сайлауға дейінгі уәдесі сайлаудан кейінгі сөзімен қайшы келді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің инаугурация рәсімінде. Астана, 8 сәуір 2011 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің инаугурация рәсімінде. Астана, 8 сәуір 2011 жыл.

Сарапшылар «Назарбаев кезекті президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізгеннен кейін тәуелсіз сот жүйесін құратындығы туралы уәдесін естен шығарып, енді тек сот ісінің тиімділігі жайында ғана сөз қозғауға көшті» дейді.


Қазақстандық баспасөз бетінде соңғы аптада «төтенше оқиға орын алды», «бүкіл сот жүйесі шіріді», «парақорлық пен жемқорлық сот жүйесін тығырыққа тіреді», «қаржы полициясы жоғарғы соттың бірден алты судьясын қызметінен босату жөнінде президентке ұсыныс жасады» дейтін теңеулер мен цитаталар күрт көбейді.

Қазақстанда сот билігін жемқорлыққа батқан, пара мен бопсаның ортасы деп санайтын, кәсіби деңгейі төмен, атқарушы биліктің сойылын соғып, Ақорданың айтқанын екі етпейді деп сынға алатындар жеткілікті. Саяси оппозиция да, халық та, азаматтық қоғам да, баспасөз де, тіпті билікшіл партиялар мен депутаттар да сот билігін сынаудай-ақ сынап жатады. Қазақстанда сот билігінің жетілмегенін президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де мойындады.

Қазақстандағы сот билігі проблемасының түп-тамыры қайда? Ақорда сот тәуелсіздігін қамтамасыз етуге және сайлау өтісімен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқандай, сот ісінің тиімділігін арттыруға дайын ба? Әлде бұл да кезекті құрғақ мәлімдемелердің бірі болып қала бере ме?

Азаттық радиосының дөңгелек үстелінде осы мәселелер сөз болды. Пікірталасқа қатысқандар: Ирак Елекеев - еңбек сіңірген заңгер, Қазақстан парламентінің депутаты, парламенттің заңнама және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің мүшесі; Өтеген Ықсанов - Қазақстан Жоғарғы соты қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының бұрынғы төрағасы; Роза Ақылбекова - Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюро директорының міндетін атқарушы; Серік Сәрсенов - Алматы қалалық адвокаттар коллегиясынгың мүшесі.

Дөңгелек үстелді жүргізген Азаттық радиосының қызметкері Сұлтан Хан Аққұлұлы.

«БАСЫБАЙЛЫ» СУДЬЯЛАР

Жүргізуші:

– Конституцияда: «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады», «Сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді, және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады», «Сот пен судья тәуелсіздігі Конституция және заңмен қорғалады» делінген. Бірақ біздің қазіргі көріп отырғанымыз осы сөздерге сай келе ме? Конституцияның қабылданғанына 16 жылға жақындаса да, Қазақстанның сот пен судья тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмай отыруының себебі не?

Ықсанов мырза, советтік сот жүйесінде мол тәжірибе жинадыңыз. Жемқорлық, парақорлық, «жоғарыдан қоңырау шалу» секілді жайттар совет сотының тұсында да болды, бірақ совет Конституциясын сот пен судья тәуелсіздігі туралы жазылмаған еді ғой. Қазіргі сот тәуілсізідігі жөніндегі пікіріңіз қандай?

Өтеген Ықсанов:

– Ең әуелі, қазіргі сот жүйесіндегі жағдайлар советтік кезеңдегіден де нашарлап кеткенін айта кетейін. Қазіргі сот жүйесі атқарушы билікке толығымен тәуелді. Ауыр қылмыс жасап қашқандарды экстрадициялау жөніндегі Қазақстанның өтінішін алты елдің кері қайтаруы соның бір айғағы. Олардың ішінде АҚШ, Англия, Италия, Швеция, тіпті, Украина да бар. Қазақстанда тәуелсіз сот жоқ деп есептеген бұл елдер сұралған адамдарды экстрадициялаудан бас тартты.

Бүгінде сот органдары атқарушы биліктің қолында тұр. Сот жүйесі мен
Қазақстан Жоғарғы соты қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының бұрынғы төрағасы Өтеген Ықсанов, Прага, 29 желтоқсан 2009 жыл.
судьялардың мәртебесі туралы конституциялық заң бар. Халықаралық құқықтарға толығымен сай келетін тамаша ереже де бар, бірақ соның өзінде судьялардың Конституцияға да, заңға да қаласа қолды бір-ақ сілтейтін жағдай қалыптасып отыр.

Былтыр жүргізілген мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту кезінде 200-ге жуық судья да қызметінен босатылды. Ал конституциялық заңның 34-бабында судьяның өкілеттігін тоқтатуға болатын небәрі он негіздеме ғана көрсетілген. Ал оның ішінде штат қысқарту арқылы судьяны жұмыстан босату деген сөз жоқ. Сот тәуелсіздігіне беріліп отырған кепілдік, міне, осындай. Өз ісінің конституциялық деңгейде қорғалатынына сенбейтін адам біреуге басыбайлы адам болып саналады.

Жүргізуші:

– Елекеев мырза, сіздің ойыңызша, Ақорда елдегі сот билігінің тәуелсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге расында мүдделі ме?

Ирак Елекеев:

– Ақорда, сөз жоқ, мүдделі. Ақорда бүгінде көптеген ақпарат құралдарында жарияланып жатқан сот жүйесіндегі келеңсіз жайттардың болмауын қалайды. Судьяларды босатты деген пікірді Өтеген Ықсанов дұрыс айтып отыр. Өз басым олардың көпшілігін өте жақсы танимын. Ауруханада жатқан Мәрзия Балтабай өзін қызметтен босатқанын білген де жоқ.

Заң бойынша судьяларды мұндай жолмен қысқартуға болмайтыны туралы мен де ойладым. Бірақ президенттің орнында болсам не істер едім деген ой келді. Бұл тұрғыдан келгенде, жалпы бізге сот шешімдерін, үкімдері мен қаулыларын өзгерту, күшін жою жөніндегі сот статистикасын алып тастау қажет керек. Мүмкін, судья заңды білмегендіктен үкім қайта қаралған болар. Бірақ сол үшін ол судьяны жауапқа тартудың қажеті жоқ қой.

Сондықтан, менің ойымша, Ақорда бірден алты судьяның мәселесін қарауына тапсыру арқылы мұндай жағдайға қайта жол бермеуді көздеп отыр. Осы оқиғадан кейін кейбір судьялардың «судья болудан ұялатын болдық» дегенін естідім.

«ЖЕҢ ҰШЫНАН ЖАЛҒАСУ»

Жүргізуші:

– Ақылбекова ханым, Конституциямен және заңмен қамтамасыз етілгеніне қарамастан, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сот пен судья тәуелсіздігін жүзеге асыра алмауына не себеп?

Роза Ақылбекова:

– 2004 жылы маусымда арнайы баяндамашы келіп, судья мен адвокаттар тәуелсіздігі туралы әңгімелеп, көптеген өзекті мәселелерді көтерді. Айта кетерлік жайт, оны елге шақырған - Қазақстанның өзі. 2005 жылы ол толымды есепті баяндама жасады, сол есепті әдістемелік құрал ретінде пайдаланып, сот
Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюро директорының міндетін атқарушы Роза Ақылбекова. Алматы, 17 қараша 2010 жыл.
жүйесін реформалау ісіне пайдалануға болатын еді. Ол прокурорлардың бүкіл сот процесінде үстемдік етуіне қалай жол бермеуге болатыны жайлы елеулі ұсыныстар жасап, адвокаттардың сот процесінде аболютті тең құқылы еместігі туралы айтып берді.

Көп жылдық тәжірибеге қарағанда сотқа шағымданатын азаматтардың жыл санап артып келе жатқаны байқалады. Егер 1994–1995 жылдары небәрі алы-сегіз мың адам шағымданса, 2000-2007 жылдар аралығында жылына 30 мың адамға дейін жеткен, тіпті 35-40 адамға дейін көьейген кездер болды.

Бұл деректер тек сот жүйесіндегі іркілістерді ғана емес, советтік кезеңдегі секілді прокуратураның ба басымдық алып, процестің жарыспалы өтуіне мүмкіндік бермей келе жатқанын да көрсетиеді. Бұл проблемалар, әрине, сотқа ықпал етеді. Оның үстіне сот жүйесі атқарушы билікке ғана емес, ықпалды іскер топтарға да тәуелді.

Серік Сәрсенов:

– Біздің қазақстандық сот жүйесі өз бетімен жұмыс істей алмайды. Судьялардың өзі Конституцияға жиі нұқсан келтіреді. «Заң жүзінде» деген ұғымның өзі сырт көзге ғана айтылады, оған мысал жеткілікті.

Ал жалпы алғанда, соттарды басқалардан бөліп қараудың қажеті жоқ. Өз басым бүкіл мемлекеттік жүйе жемқорлыққа белшеден батып, шіріп біткен. Президент сынаған кезде үш-төрт судьяны қызметінен босатқансиды, іс сонымен аяқталады. Мұның бәрі де жең ұшынан жалғасушылық, жоғарыда отырған соттар төменгі сатыдағы соттардың қылмыстық әрекеттерін бүркемелеп отырады.

Бір сөзбен айтқанда бүгінгі сот жүйесі – бүкіл мемлекеттік жүйенің шіріп, біткендігінің айқын көрінісі.

Жүргізуші:

– Жоғарғы соттың алты судьясы бірдей қызметтен босатылып, төрағасының өз еркімен орнынан түсуі қазақ баспасөзі хабарлап жатқандай «бұрын-соңды болмаған оқиға» емес. 1998 жылдың соңында да президент Назарбаев Жоғарғы соттың бес судьясын қызметінен босатқан болатын. Ол судьяларға «аты-шулы рекетирлерді түрмеден босатуға ықпал жасады» деген айып тағылған болатын, осыған орай қылмыстық істер бойынша Жоғарғы сот коллегиясының төрағасы Қайрат Мәми өз еркімен орнынан түскен еді.

Ол бес судьяның әрі қарайғы тағдыры бізге беймәлім. Ал Қайрат Мәмидің мансабы қалай көтерілгені көз алдымызда. Осынау жанжалды оқиғадан соң Жоғарғы соттан кетуге мәжбүр болған Қайрат Мәми төрт жылға жетер-жетпесте Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары – мемлекеттік-құқықтық бөлімнің меңгерушісі болды. Ал арада бір жыл бір ай өте бере қайтадан Жоғарғы сот төрағалығына бекітілді. 2009 жылдың сәуірінде республика бас прокуроры болып тағайындалды. Ал тура бір жыл өтісімен парламент сенатының төрағасы болды. Сот билігінде проблеманың түп-тамыры Ақорданың осындай кадр саясатында жатқан жоқ па?

Елекеев мырза, қателеспесем, 1998 жылы сіз бірінші шақырылған қос палаталы парламенттің депутаты болдыңыз. Сол уақытта бес судьяның қызметтен алынып, Қайрат Мәмидің орнынан түскені есіңізде болар. Арада 13 жыл өткен дәл осы оқиға қайталанып отырғанына қарағанда президент Назарбаевтың мәлімдемесі кезекті уәдеделердің бірі емес пе?

Қазақстан парламентінің заңнама және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитетінің мүшесі Ирак Елекеев. Астана, 13 қазан 2010 жыл.
Ирак Елекеев:

– Ол оқиға есімде. Ол кезде Жоғарғы сот төрағасы Нәрікбаев болатын. Сонда бұл судьялардың қызметтерінен заңсыз босатылғаны жөнінде 38 судья мемлекет басшысына шағымданған еді. Сөйтіп бұл мәселеге президенттің өзі тікелей араласты, ал Қайрат Мәми әділет министрінің орынбасары болып тағайындалды. Ол сонан кейін ғана президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болды.

«ШИКІ» ЗАҢДАР

Роза Ақылбекова:

– Бұл тек сот жүйесінің проблемасы емес деп отырған Сәрсенов мырзаның пікірімен келісемін. Заң шығарушы билік пен атқарушы билік өзара тығыз байланысты. Проблеманың түп тамыры біздің мемлекеттік машинада жатыр.

Кейбір заңдар «шикі» қабылданады. Президент өз жолдауында «жемқорлыққа жол беретін мұндай шикіліктерді жою» жөнінде айтты. Яғни проблеманың түп тамыры сот жүйесінде де, заң шығару жүйесінде де жатыр, өйткені атқарушы билік өте күшті болып тұр.

Сонымен қатар тек президенттің ғана құзырына жататын барлық деңгейдегі судьяларды тағайындау процесіне де назар аударып, олардың қызметте болуы мен жалақысы жөнінде де сөз қозғаған дұрыс шығар. Президент билікті орталықсыздандыру туралы айтқан уақытта судьялардың сайланатындығын меңзеген сияқты. Солай болса, тіпті жақсы болар еді.

Сот жүйесіне де, прокуратураға да өте көп реформа жасау керек, өйткені қазіргі уақытта барлық соттарда прокуратура рөлінің басымдығы байқалады. Кез-келген сотта адвокаттың құқықтық теңсіздігін көріп отырмыз, өйткені прокурор үстімдік етіп тұр, кейбір процестерде прокурор, тіпті соттан да жоғарырақ тұратыны аңғарылады. Соның бірі Жовтистің ісінде көрінді. Бұл процесте сот прокурор не айтса соны орындады.

Бейбіт жиылыстар өткізу құқығына да жаппай нұқсан келтіріліп жатыр: соттардың барлығы да үйреншкті әдеттері бойынша бірдей шешім шығарады. Бейбіт жиын өткізу туралы заң мен ол жөніндегі мәслихатттар шығарып қойған шешімдердің халықаралық пактіге қаншалықты сай келетіндігі туралы бірде-бір сот осы уақытқа дейін Конституциялық соттан сұраған емес.

Мұндай мысалдардың талайын келтіруге болады. Көптеген саяси тұтқындардың ісін алып қараңыз. Бүгіне оларды саяси тұтқын еп есептеп отырған Қазақстандағы тек біздің бюро мен үкіметтік емес ұйымдар ғана деуге болмайды, көптеген халықаралық ұйымдар да оларды саяси тұтқын деп санайды. Ал бұл да соттың жұмысы.

Жүргізуші:

– Сәрсенов мырза, қазақстандық оппозиция, тәуелсіз баспасөз бен үкіметтік емес ұйымдар сот билігіндегі кәсіби біліксіздік, жемқорлық және оның атқарушы билікке тәуелділігі Ақорданың мүддесіне сай келеді деп отыр. Сіз қалай ойлайсыз?

Серік Сәрсенов:

– Бұл пікірмен толық келісемін. Сот тәуелсіздігі Ақордаға, немесе әлдебіреулерге тиімді емес. Тәуелді сот кім күшті болса, соның ығына жығылады, соның пайдасына шешім шығарып береді.

Егер саясиланған қылмыстық іс туралы айтар болсақ, онда Құлыбаевқа қарсы ойдан шығарылған қастандық үшін Қалиев пен Песковты 25 жылға соттағынын айтар едім. Бұл процеске қатысқан адаммын, сондықтан кінәсіз адамдар қамауда отыр деп айта аламын.

Заңда соттың әлдебір болжамдар бойынша үкім шығара алмайтыны көрсетілген, ал бұл ретте жарылғыш құрылғы орнатылмағанын дәлелдейтін сарапшы қорытындысы да бар. Ал судья үкімде «Песков телефон шалу арқылы жарылғыш затты іске қосты» деп көрсетті.

Мәселен, Ақтөбеде өткен мына бір істі алайық. Мәскеуден реми орган – қаржы полициясының мұндай серіктестік жоқ деген құжаттары алдырылғанына қарамастан сот біреуді өмірде болмаған серіктестіктің мүлкін жымқырды деген айыпты қылды.

Жоғарғы сотқа қанша жазсаң да, бәрібір - Сәрсеновтің айтқандары негізсіз дей салады. Бітті. Сенің бүкіл дәлеліңе беретін жауабы сол ғана. Ал заңда әрбір дәлелге олардың дәйекті баға беруге міндеттілігі көрсетілген, ал бірақ судьялар оған пысқырмайды.

Сондықтан мәселенің түп-тамыры тек алты судьяда ғана емес. Мен оларды табалап отырғаным жоқ, бірақ олар заңды бұзғаны үшін жауап беруге мәжбүр болып отыр. Сірә, оларға да сол баяғы тәсіл қолданылған болуы керек. Бұл тұрғыдан келгенде пессимист адаммын: өйткені біздің президентіміз сот жүйесін реформалауға мүдделі дегенге өз басым сенбеймін. Шындап келгенде, бұл жүйе дәл қазір реформалауға да жарамайды. Баяғы Ленин «атамыз» айтпақшы, «бұл сот жүйесін біржолата құртып, басқасын жасау керек».

ВЕЛОСИПЕД ОЙЛАП ТАБУДЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ

Жүргізуші:

– Ықсанов мырза, Қазақстан судьялар корпусының кәсіби деңгейі советтік кезеңдегімен салыстырғанда қандай?

Өтеген Ықсанов:

– Менің сот жүйесінен кеткеніме 15 жыл болды. Онда да «Жоғарғы сот төрағасының аса ауыр қылмыстық іс бойынша күдікті болып отырғаны жөнінде» Жоғарғы сот пленумында мәлімдегеннен кейін кеттім. Бұл мәлімдемеден кейін қызметіммен айырылдым. Рас, сонан кейін төрағаны да қызметтен босатты, бірақ жасаған қылмысы үшін емес, этикалық нормаларды бұзғаны үшін деп көрсетті.

Біздің еліміз ЕҚЫҰ-ға мүше болып, тіпті оған төрағалық етсе де, Қазақстан әлі күнге дейін 1998 жылы 10 шілдеде Лиссабонда бекітілген сот мәртебесі туралы заң жөніндегі Еуропалық хартияның ратификациялауға бата алмай отыр. Бұл хартияда судьялардың қалай іріктеліп, қызметінен қандай жағдайда босатылатыны туралы айтылған. Жаңалық ойлап табудың керегі жоқ. Міне, осы еуропалық стандартты Қазақстан заңнамасына енгізу керек.

Жүргізуші:

– Кезекті мерзімінен бұрын өткізілген президент сайлауында қайта сайланған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің инаугурациясынан соң сөйлеген сөзінде: «Менің міндетім – барлық азаматтың заң алдында теңдігін қамтамасыз ету. Алдағы уақытта сот жүйесінің тиімділігін арттыру үшін жаңа қадамдар жасағалы отырмын. Біздің ортақ міндетіміз – жемқорлықпен ымырасыз күресті жалғастыра беру. Жемқорлықты жою ісін тек қылмыстық іс қозғау шаралары арқылы ғана күшейтіп қоймай, заңдағы құқықтық қалтарыстарды да назар аударамыз» деген болатын.

Басқа да мәлімдемелері мен бағдарламалары сияқты президенттің бұл сөзі де желге ұшпай ма? Бірншден, Қазақстанда сот билігінің тәуелсіздігіне қол жеткізу үшін, екіншіден, жемқорлықты түбірімен жоймаса да, деңгейін айтарлықтай түсіру үшін не істеу керек?

Роза Ақылбекова:

– Президенттің айтқан сөздері аяқсыз қалмайды дегенге сенгім келеді. Міндет мойынға артылды, мемлекет пен азаматтық қоғам белгілі бір жұмыстар атқарып келеді.

Әрине, азаматтық қоғам президенттің тапсырмасын мемлекеттің қаншалықты жүзеге асырып отырғанын нақты бақылай алатындай болуы керек. Мына бір аса маңызды жайтты жадымыздан шығармауымыз керек – тәуелсіз сот жүйесі дегеніміз қоғамның іргелі, негізгі құқығы деген сөз.

Серік Сәрсенов:

– Мен бір мысал келтірейін, президенттің сөзіне беретін бағамды содан аңғарарсыздар. Ол сөзінің басында барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етемін деді. Конституцияның 14-бабында азаматтардың барлығы да заң мен сот алдында тең деп жазылған. Ал әрі қарай 47-бапта «президент өз міндетін атқару кезінде жасаған әрекеттері үшін жауапқа тартылмайды» делінген. Тек мемлекетке опасыздық жасағанда ғана жауапқа тартылады. Қане теңдік? Конституцияның бір нормасы екіншісіне қайшы келіп тұр ғой. Сондықтан теңдік туралы қандай сөз болуы мүмкін?

Жүргізуші:

– Ықсанов мырза, Ақорда сот билігінің тәуелсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етуге дайын ба? Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі кезекті декларациялардың бірі болып қалмай ма?

Өтеген Ықсанов:

– Күдігім бар. Жаңалық ойлап табудың қажеті жоқ деп айттым ғой. Ең болмаса, судьялардың мәртебесі туралы заң жөніндегі Еуропалық хартияны қабылдаса да болар еді. Ол хартияда сот тәуелсіздігін қалай қамтамасыз етуге болатыны айтылған.

Демократиялық мемлекеттің басты белгісі болып саналатын тәуелсіз сотқа қоғамның қолы жетсе, сот сол қоғамның бақылауында болады. Сотты іріктеу мен тағайындау ісіне қоғам осылай араласа алады.

Құқықтар туралы биллдің негізін салушылардың бірі Джефферсон «біздің соттарға көп құқықтар мен өкілеттіктер берудің қажеті жоқ, өйткені соттың әскері де, әмияны да болмайды» деген еді. Ал атқарушы биліктің қолында әскер де, әмиян да, яғни қаржы да бар. Ең бастысы сот тәуелсіздігін жүзщеге асыру. Ол оның қалай жасалатыны Еуропалық хартияда айтылған. Сонда ғана Ақорданың нені қалайтыны белгілі болады.

Әрине, президент - заңгер емес. Алайда құқықтық кеңістікпен қамтамасыз етуге тиісті оның айналасы не бұл жөнінде дұрыс айтпайды, не пиғылдары басқа. Ол сайлау алдындағы кампаниясында судьялардың тәуелсіздігін нығайту айтқан еді, ал қалай президент болып сайланды, «тәуелсіздік» деген сөзді ұмыттты да қалды, енді сот жүйесінің тиімділігі туралы ғана айта бастады. Бұл екеу - екі басқа нәрсе.

Сондықтан Ақорда сот тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, Қазақстанды шынайы құқықтық-демократиялық мемлекетке айналдырады дегенге сене алмаймын.

Жүргізуші:

– Құрметті қатысушылар, осымен Азаттық радиосы өзінің дөңгелек үстелін аяқтайды. Пікірталасқа қатысқандарыңызға редакция атынан алғыс айтамын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG