Accessibility links

БТА банкі сотқа берген «Республика» газеті жабылса, интернет-кеңістікке көшеді


"Республика" газеті бас редакторының орынбасары Оксана Макушина. Алматы, 25 тамыз, 2009 жыл.
"Республика" газеті бас редакторының орынбасары Оксана Макушина. Алматы, 25 тамыз, 2009 жыл.

25 тамыз күнгі баспасөз- мәслихатында тәуелсіз «Республика» басылымының басшылары газетке жабылу қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді. Мұхтар Әбілязов басқарған БТА банкі журналистерді әдепсіздіктері үшін айыптап, моралдық өтем талап етіп отыр.


"АСАУҒА -ТҰСАУ" САЛУҒА СЕБЕП БОЛҒАН МАҚАЛА

Осы жылдың шілде айының соңынан бері «Республика» газеті БТА банкімен соттасып жатыр. 2009 жылдың 6 наурызында «Республика» газетінің 8-санында жарық көрген Мұхамеджан Әділовтің «Хрен редьки не слаще» атты мақаласы банктің 6 миллиард 770 мың теңге депозитінен және клиенттерінен айырылып қалуына тікелей әсер еткен деп аталмыш басылымның үстінен БТА банк сотқа шағым түсірген болатын.

Осыған байланысты банк басылымның бас редакторы мен аутордан 80 млн. теңге талап еткен. «Республика» газеті бас редакторының орынбасары Оксана Макушинаның сөзіне қарағанда, сот ісінің жылдам жүріп жатқанына қарап, газет өз оқырмандарымен жақын арада қоштасуы ықтимал.

- Бәлкім, осы аптада газеттің соңғы саны шығатын шығар. Тіпті, осы аптаның өзінде газет шығуын тоқтатуы әбден мүмкін,- деді Оксана Макушина 25 тамызда өткен баспасөз мәслихатында.

Өз ойын одан әрі сабақтаған Оксана Макушина газеттің жабылуына кімдер мүдделі болуы мүмкін деген мәселеге өз болжамын білдірді.

- Біріншіден, банкирлер мемлекеттен, президенттен, үкіметтен қауіпті әрі үлкен құпияны жасырғысы келетін шығар. Екінші жағынан, үкімет немесе президент аппараты қоғамдағы шындықты айтып жүрген басылымның жұмысын БТА банк арқылы тоқтатпақ ниетте болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, шындықты естігісі келмейтіндердің баяғыдан зығырданы қайнап жүргені белгілі,- деді Оксана Макушина.

МАҚСАТ - БАСЫЛЫМДЫ ШЫҒАРТПАУ

«Республика» басылымының басшылығы, журналистер және газеттің адвокаты БТА банкінің сотқа түсірген шағымы негізсіз деп санайды. Өйткені, шағымда жоғарыда аталған мақаланың екі абзацы 13 наурыз -31 наурыз аралығында банктен 6 миллард 770 мың теңге депозиттің кетіп қалуына тікелей әсер еткен деп көрсетілген.
"Республика" газетінің бөлім меңгерушісі Сергей Зелепухин мен заңгер Сергей Уткин баспасөз-мәслихатында. Алматы, 25 тамыз, 2009 жыл.


«Республика» басылымы қаржы бөлімінің шолушысы Сергей Зелепухиннің айтуынша, мақаладағы екі абзацтың кесірінен жоғарыда көрсетілгендей сомадағы депозиттердің кетіп қалуы мүмкін емес.

- Өйткені, бұл журналистің баға бере отырып, талдап болжам жасағаны. Бұл жерде ескере кететін бір жайт, мұндай бағалау арқылы талдай отырып болжам жасауды халықаралық рейтингтік агенттіктер де кеңінен пайдаланды. Алайда, БТА банк мұндай талдаулардың қолданыс аясы кең екеніне назар аударғысы келмей отыр.

Екіншіден, 2 ақпан, яғни биліктің БТА банкіне кірген күнінен бастап, 31 наурыз яғни банктің біздің газеттің кесірінен депозиттердің кетуінің аяқталған уақыты аралығында, қоғамда БТА банк туралы жағымсыз мақалалар көптеп тараған. Бір сөзбен айтқанда, тек біздің басылым ғана емес, басқа да басылымдар банкте не болып жатқанын және алдағы уақытта не болуы мүмкін деген сауалдар төңірегінде талдау, болжам жасаған. Біз наурыз айында БТА банк туралы жарық көрген әртүрлі басылымдардың 30 мақаласын қарап шықтық. Бәрінде де БТА банк басшыларының көзімен қарағанда, банктің жұмысына нұқсан келтіріп, кері әсер ететіндей ақпараттар бар, - деді Сергей Зелепухин.


Сонымен қатар, басылым өкілдері, шағымданушы тарап депозиттер мен клиенттерден айырылып қалуға сөз болып отырған мақаладағы екі абзацтың тікелей қатыстылығын дәлелдеп бере алмады деп отыр. Және газет редакциясы өкілдері БТА банк бейбіт келісімге келуден бас тартып отырғанын айтады. Өйткені, БТА банк газет 80 млн. теңге төлегеннен кейін ғана бейбіт келісімге келуі мүмкін екенін айтқан. Осыдан кейін, басылым өкілдері БТА банкі басылымды жабуға бекініп отыр деген тұжырымға келген.

БТА БАНКТІҢ ҰСТАНЫМЫ

Осыған орай біз БТА банкінен қандай да бір пікір алуға тырыстық. БТА банкінің баспасөз хатшысы Әділ Досымов Азаттық радиосы тілшісінің: ««БТА» банкі газетті жабуға мүдделі ме?»,- деген сұрағына төмендегідей жауап қайтарды:

«Білесіз бе, мен қазір барлық жайтқа байланысты толық пікір айта алмаймын. Біздің мүддеміз газетке қатысты талаптарымызда көрсетілген. Меніңше, мәселе газеттің жабылу немесе жабылмауына қатысты емес, журналистік этикада жатқан сияқты.
Егер сіздің басқа да сұрақтарыңыз бар болатын болса, мен оған жазбаша түрде жауап беруге дайынмын»

Ал, «Республика» газетінің редакциясы егер газет жабылған жағдайда интернетке ауысатындарын айтады. Сонымен қатар, басылым өкілдері жаңа газетті тіркеуге жіберетіндерін де атап өтті. Олардың «Ассанди таймс» атты тіркеуден өткен газеттері болғанына қарамастан, газет басшылығы басылымның бұрынғы атпен қалғанын қалайтындарын жеткізді.
XS
SM
MD
LG