Accessibility links

Ержан Өтембаев 13 жылға сотталды


"Алтынбек Сәрсенбайұлы мен көмекшілерін өлтіруге тапсырыс беруші" ретінде сотталған Ержан Өтембаев. 22 қаңтар 2014 жыл.
"Алтынбек Сәрсенбайұлы мен көмекшілерін өлтіруге тапсырыс беруші" ретінде сотталған Ержан Өтембаев. 22 қаңтар 2014 жыл.

Қаскелеңде өткен оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты сотта Ержан Өтембаевқа осымен екінші рет үкім шықты.

Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты айыпталған сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев "қылмысқа айдап салушы" ретінде 13 жылға сотталды.

Үкім бойынша, Ержан Өтембаев бұл жазаны қатаң режимдегі түрмеде өтейді, дүние-мүлкі тәркіленеді.

Үкімді Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотының судьясы Асқарбек Бейімбетов шығарды. Сотқа жәбірленуші тараптың өкілдері мен авдокаттары келмеді.

Үкімді оқыған судья "Ержан Өтембаевтың Рустам Ибрагимовке Алтынбек Сәрсенбайұлын ұрып-соғу туралы тапсырмасынан айнығанын ескерткенін, бірақ қылмысты болдырмау үшін ары қарай шара қолданбағанын" мәлімдеген.

Өтембаевтың үкімін қайта қарау соты қаңтардың 22-сі күні басталды. Соттың жарыссөз кезеңінде айыптаушы прокурор Өтембаевты "қылмысқа айдап салушы" ретінде айыптап, 15 жылға соттап, қатаң режимдегі колонияға жіберуді сұраған еді.

Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы 2006 жылдың ақпанында екі көмекшісі - Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапты.

Сол жылы сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының жетекшісі болған Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп тауып, оны 20 жылға соттаған. «Кісі өлтірді» деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов өмір бойы түрмеге қамалу жазасына кесілген.

Ал 2013 жылы 20 желтоқсан күні Қазақстанның бас прокуратурасы "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген" деп мәлімдеді.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Ибрагимов 2012 жылдың сәуір айында жоғарғы сотқа жүгініп, Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс берген Ержан Өтембаев емес - Рахат Әлиев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев деп көрсеткен.

Бас прокуратура 2013 жылы 11 желтоқсан күні Ибрагимов келтірген мәліметтер мен жаңа деректерге сүйеніп, жоғарғы соттан Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің өліміне қатысты сот үкімін қайта қарауды сұрады. Жоғарғы сот 19 желтоқсан күні Өтембаевқа қатысты үкім күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген.
XS
SM
MD
LG