Accessibility links

Наразылық танытып, сотты тастап шыққан оппозиция жетекшілері сот залына қайта оралды


Оппозиция жетекшілерінің қоғамдық қорғаушылары Амантай Ахетов пен Петр Своик. Алматы, 30 наурыз, 2009 жыл

Оппозиция жетекшілерінің қоғамдық қорғаушылары Амантай Ахетов пен Петр Своик. Алматы, 30 наурыз, 2009 жыл

Наурыздың 30-ында оппозиция жетекшілеріне қарсы соттың кезекті отырысы болды, өткен аптада сот залын тастап шыққан айыпталушылар өз соттарына қайтадан қатыса бастады. Соттың жүріп жатқанына 3 аптадан асса да әлі негізгі тыңдауларға жеткен жоқ.

Наурыздың 27-ісінде оппозиция жетекшілеріне қатысты жүргізіліп жатқан соттың кезекті отырысында өз қарсылығын білдірген Болат Әбіловты судья сот залынан шығарып жіберген болатын. Бұдан соң Болат Әбілов пен Асылбек Қожахметов шешімі алдын ала белгіленіп қойған сотқа қатысудан бас тартамыз деген еді. Бұған қоса Болат Әбілов пен Асылбек Қожахметов адвокаттарын да кері шақырып алды. «Сыртымыздан-ақ соттай берсін» деп кетіп қалған оппозиция жетекшілерінің сот залына қайта оралып, шешімдерін өзгертулеріне не себеп болғаны жөнінде Азаттық радиосына Болат Әбілов былай деді:

-Бұған дейін судья Әшкеева біздің және адвокаттарымыздың бірде-бір өтініш-тілектеріне құлақ аспай қойған еді. Енді судья олай болмайды деп уәде беріп отыр, сондықтан біз ақылдаса келе, сотқа қатысатын болып шешім қабылдадық. Бүгін ол біздің бірқатар өтініштерімізді тыңдай бастады.

Сонымен наурыздың 30-ындағы мәжіліске судья Райхан Әшкеева Болат Әбіловты сот залына қайта кіргізіп, бұдан былай айыпталушы жақтың барлық өтініш- талаптары қаралатындығын мәлімдеген.

Алдағы сот отырыстарына Украинадан да куәлар, атап айтқанда, Байсақовтарға саяси баспана беру туралы шешімнің қабылдануына қатысқан Украинаның ресми өкілдерін шақырту жөнінде өтініш жасадық дейді Болат Әбілов. Судья Райхан Әшкеева бұндай өтінішті қабылдауға келіскен.

Дүйсенбі күні оппозиция жетекшілеріне қарсы сот процесіндегі осы және де басқа жайттарға қатысты Болат Әбіловтің қоғамдық қорғаушысы- Петр Своик пен Төлен Тоқтасыновтың қоғамдық қорғаушысы- Амантай Ахетов Алматыда арнайы баспасөз-мәслихатын өткізіп мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, бұл сот отырысы - "саяси тапсырыстан аса алмайтын сот" және бұл құқық қорғау орындары жүйесіндегі дағдарысты байқатады.

Қылмысқа қатысы бар деп күдіктелген Қазақстан азаматтары ағайынды Байсақовтарға Украинадан саяси баспана беру жөнінде өтініш хатқа қол қойғаны үшін айыпталған Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов пен Төлен Тоқтасыновтарға қатысты сот процесі алғашқы сәттен бастап-ақ өзінің саяси тапсырыспен орындалып жатқандығын анық аңғартты деп бағалаған Болат Әбіловтың қоғамдық қорғаушысы Петр Своик былай деп атап көрсетеді.

- Судья тиісті процедураларға қарамастан, Павлодардан алып келген жалған куәгерлерді тыңдауға асықты. Бұдан тапсырыс болғандығы айқын көрініп тұрды. Әрине, бұл істі тезірек аяқтағысы келетін басшылық бар екендігін де мойындау қажет,- дейді Петр Своик.

–Процестің алғашқы күндерінен бастап, мемлекеттік айыптаушымен бірге судья Қылмыстық-процесуалды Кодекске қайшы келетін бірқатар заң бұзушылықтарға жол берді,– дейді Төлен Тоқтасыновтың қоғамдық қорғаушысы Амантай Ахетов.

Сонымен қатар, сот адвокат Сәлімжан Мусинге және басқа да қорғаушыларға іс материалдарымен танысу үшін жеткіліксіз уақыт беріп, сол арқылы ҚР ҚПК-нің 74- бабында көрсетілген қорғаушы тараптың құзырын шектеді дейді ол.

Сондай-ақ ҚР ҚПК-нің 343- бабында көрсетілген тәртіп бойынша қорғаушы жақтың өтініш білдіруіне қарсылық жасау арқылы судья Райхан Әшкеева бүгінгі қолданыстағы заң талаптарын өрескел бұзды деген айыпталушылардың қорғаушылары Конституциямен кепілдендірілген қорғану мен білікті заңгерлік көмек алу адам құқының бір бөлігі болып табылатындығын алға тартады.

Ал саясаттанушы Дос Көшім сот біржақты айыптау бағытында жүріп жатқандығы көрініп тұр дегенді айтады.

- Менің ойымша бұл жерде тек қана соттың төрағасының әлсіздігі немесе дайындықсыздығы деп айта алмаймын. Бұл өзі оның белгілі бір бағыты деп есептеуіміз керек. Бұл жалпы Қазақстандағы сот жүйесінің бағыты, –дейді Дос Көшім.

Оппозиции жетекшілерінің ісі бойынша ендігі сот отырысы сәуірдің 2-сіне белгіленді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG