Accessibility links

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасына халықаралық іздеу жарияланды


Қазақстан ішкі істер министрлігі Қазақстанда «Нұрбанктың» бұрынғы басшылары Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың жоғалуына қатысы бар деген күдікпен елдің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы генерал Әлнұр Мұсаевқа халықаралық іздеу жарияланғанын растап отыр. Кейбір деректер бойынша, мамыр айында Австрияның Вена қаласына кеткен Әлнұр Мұсаев қазір Европа елдерінің бірінде деп айтылады.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевқа халықаралық іздеу жарияланғаны туралы ақпарат жергілікті бір басылымда ғана жарияланды. Онда «құқық органдарындағы сенімді ақпарат көзінің айтқанына» сілтеме жасалыпты. Бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз бөлім бастығы Кенжеболат Бекназаров не теріске шығармады, не растамады, тек «бұл мәселе бойынша тергеу-тексеруді ішкі істер министрлігі жүргізіп жатыр, сондықтан соған хабарласыңыздар» деп жауап берді. Ал Ішкі істер министрлігінің баспасөз бөлім бастығы Бағдат Қожахметов «бұл хабарды тек дүйсенбі күнгі брифингте айтамын» деп қысқа қайырды.

Әлнұр Мұсаев КТК телеарнасы Рахат Әлиевке бағынышты кезінде осы арнаның бақылаушылар кеңесінің мүшесі болған және бақылаушылар кеңесінің тағы бір мүшесі академик Мұхтар Әлиевпен бірге КТК телеарнасын жақтап мамыр айында мәлімдеме жасағандар қатарында бар болатын. 2001 жылдары Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Мұсаев, одан соң президенттің күзет қызметінің басшысы болған. Қазір отставкадағы Әлнұр Мұсаев «Нұрбанктың» төңірегіндегі дауға байланысты қамауға алынған не іздеу жарияланған бесінші генерал. Австрия соты босатып жіберген соң, қазірде емін-еркін Венада жүрген генерал Рахат Әлиевтің үстінен қозғалған қылмыстық істі тексеру барысында, онымен бірге қызметтес болған қаржы полициясының жоғарғы лауазымды қызметтерін атқарған генерал Сергей Кузьменко, генерал-майору Владимир Курбатов және Рустам Ибраимов қазір Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің абақтысында қамауда отыр. Олардың үстінен «қызмет бабын асыра пайдаланған» деген айып бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Нұрбанктың» бұрынғы басшылары Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасенов банк ішінде жоғалған кезде, Алматы қаржы полициясын басқарған генерал Владимир Курбатов баспасөз мәслихатын өткізіп, «полицияның арнайы жасақтары банкқа баса-көктеп кіріп құжаттарды ұрламақ болды, ал әртүрлі қаржылық былықпай жасаған Темірәлиев пен Хасенов қашып жүр» деп мәлімдеме жасаған болатын. Ал ертесіне осы сияқты мәлімдемені «Казахстансакая правда» газетінде Рустам Ибраимов жасаған-тұғын. Бірақ, сол жасаған мәлімдемелерден соң көп ұзамай олардың өздері қамауға алынып, енді тергеу астында отыр. Сондай-ақ осы генералдардың мәлімдемелерінде күдікті ретінде аталған «Нұрбанктың» директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Әбілмәжін Ғилымов пен полицияның арнайы жасағының екі басшысы да әлі қамауда отыр. Олардың үстінен басталған сот ісінде белгісіз уақытқа үзіліс жариялаған.
XS
SM
MD
LG