Accessibility links

«Бесағаш ісі» бойынша үкім шықты


Бесағаш ауылында зорлықтан қаза тапқан қазақ қызына қатысты жергілікті қазақтардың күрдтерге қарсы наразылық танытқан күндері түсірілген сурет. Алматы облысы, 11 наурыз 2011 жыл.

Бесағаш ауылында зорлықтан қаза тапқан қазақ қызына қатысты жергілікті қазақтардың күрдтерге қарсы наразылық танытқан күндері түсірілген сурет. Алматы облысы, 11 наурыз 2011 жыл.

Бүгін Алматы маңындағы Бесағаш ауылында болған оқиғаға қатысты соттың үкімі шықты. Айыпталушы Ахмед Қахаоғлы 20 жылға сотталды. Ол заңға сәйкес 15 күннің ішінде шешімді қайта қарауға өтініш беруге құқылы. Дегенмен оның туыстары өтініш бермейтіндерін айтып отыр.


17 жасында қаза тапқан Жанайым Сыдықованың туыстары «сот қандай шешім шығарса да, қызымыздың орны толмайды» дейді.

ҮКІМ

Дүйсенбі, мамырдың 30-ы күні Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Бесағаш ауылында қаза тапқан Жанайым Сыдықованың өліміне қатысты істің соңғы отырысын өткізді. Судья Ертарғын Садуақасов айыпталушы Ахмед Қахаоғлыны 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

- Мен қараған іс бойынша 1989 жылы туған Ахмед Қахаоғлы қылмыстық кодекстің 96, 120 және 179 («Қарақшылық ниет», «Зорлау», «Жасөспірімді өлтіру») баптары бойынша айыпты деп танылды. Оған 20 жыл қатаң режимдегі колонияда бас бостандығынан айыру туралы шешім шықты, - деді процестен кейін Азаттық тілшісіне түсініктеме берген судья Ертарғын Садуақасов.
Сұлушаш Көмекбаева - Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында кісі қолынан көз жұмған Жанайым Сыдықованың нағашы әжесі. Алматы, 29 наурыз 2011 жыл

Үкім оқылып, сот залынан шыққан кезде зорлықтан қаза болған Жанайым Сыдықованың туыстары сот шешіміне қатысты не дерін білмеді.

- Қызымызды қайтадан көмген сияқты болып тұрмыз. «Сот болады, болады» десе, тірілетіндей болып еді. Білмеймін. Қанағаттанамыз, не қанағаттанбаймыз деп айта алмаймын, - деді Азаттық тілшісіне қайтыс болған қыздың тәтесі Мәрзия Сыдықова.

- Заңды жазасын берді, бірақ бұл қызымды қайтармайды, орнын толтырмайды, - деп көзіне жас алды Жанайымның әкесі Ерғали Сыдықов.
Мемлекеттік айыптаушы Исахан Әбішев, судьядан айыпталушыны 22 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған.

БІЗ ОСЫНДАЙ ШЕШІМГЕ ДАЙЫН БОЛДЫҚ

Жабық есік жағдайында өткен сот процесіне айыпталушы жақтан тек адвокат қана қатысты. Оның өзі Азаттық тілшісіне ешқандай түсініктеме бермейтіндігін айтты. Сотталған жігіттің туыстары «жағдайды ушықтырмайық» деп сотқа қатыспаған.

Дүйсенбіде, сот үкімі оқылғанан кейін Азаттық тілшісі сотталған Ахмет Қахаоғлының әпкесі Мери Ибооғлыға хабарласып, үкімге қатысты пікірін білген еді.

- Мен бұл шешімге дайын болғанмын. Бұл мен үшін таң қаларлық жаңалық емес. Бізді адвокат алдын-ала дайындаған еді. Анамыз қатты уайымдап жүр, ал мен эмоцияға берілмеуге тырысып жатырмын, - дейді Мери Ибооғлы.
Бесағаш ауылының кіре берісіндегі белгі. Алматы, 11 наурыз 2011 жыл.

Қахаоғлының отбасы осыған дейін қара жамылған Сыдықовтар отбасына бірнеше рет барып, кешірім сұрауға тырысқан.

- Бірақ бізді тоқтатушылар көп болды. «Ойбай, олар өлтіреді», «қазақтар сендерді жай қалдырмайды» деушілер көбейді. Тіпті ауылымыздың әкімінің өзі «әзірге оларға бармаңдар» деді. Бірақ, менің анам қыздың қайтыс болғанын естіген күні-ақ барғысы келген. Кейін жетісінде де, қырқында да барғымыз келді. Кешірім сұрайық, көмектесейік дедік. Бірақ, батпадық, қорықтық. Ата-анам әлі де қорқады, - дейді сұхбаттасымыз.

«КЕШ ТЕ БОЛСА КЕШІРІМ СҰРАЙМЫЗ»

20 жылға сотталған Ахмет Қахаоғлы үйдегі бес баланың кенжесі. Оның қылмысқа барғаны отбасы үшін үлкен қайғы болды дейді әпкесі.

- Ол қолымен істегенді мойнымен көтеруі тиіс. Шыны керек, мен оның бұл қылмысты жалғыз істегендігіне сенбеймін. Не де болса сот үкім шығарды ма, ол түрмеде отыруы тиіс. Біз аппеляцияға бермеймыз. Болған іс болды, - дейді Азаттыққа Мери Ибооғлы.

Әңгімесінің соңында ол, Азаттық радиосының тілшісіне:

- Сіздер олармен де сөйлесесіздер ғой. Жазып, айтыңыздаршы біздің отбасымыз олардан кешірім сұрайды. Біз де қапалымыз. Олардың қайғысына ортақпыз. Менің ата-анам олардың аяғына жығылуға дайын. Мүмкін екі жақтың кездесіп, мәмілеге келуімізге көмектесерсіздер, - деді Азаттық радиосына мамырдың 30-ы күні Ахмед Қахаоғлының әпкесі Мери Ибооғлы.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG