Accessibility links

Павлюктің өліміне қатысты алғашқы сот отырысы өтті


Геннадий Павлюктің өліміне қатысты сотта айыпталушы Алдаяр Исманкулов пен оның адвокаты Светлана Мурзина. Алматы, 6 маусым 2011 жыл

Геннадий Павлюктің өліміне қатысты сотта айыпталушы Алдаяр Исманкулов пен оның адвокаты Светлана Мурзина. Алматы, 6 маусым 2011 жыл

Алматыда жұмбақ жағдайда көз жұмған қырғыз журналисі Геннадий Павлюктің өліміне қатысты сот процесі басталды. Тапсырыс берушілердің әлі анықталмағанын айыптаушы жақ та мойындап отыр.


Маусымның 6-сы күні болған алғашқы сот отырысына жәбірленуші жақ, айыпталушылар мен олардың адвокаттары, туыстары мен журналистер қатысты. Таңертеңнен кешке дейін созылған алғашқы отырыста қылмыстық іс бойынша айыпталушы, Қырғызстандағы ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері Алдаяр Исманқұлов пен бес куәнің жауабы тыңдалды.

Бұл іс бойынша айыпталған қалған екі азамат Алмаз Игіліков пен Шалқар Оразалин әртүрлі себептермен жауап беруді келесі сот отырысына қалдыруды сұрады.

ТЕРГЕУ АНЫҚТАЙ АЛМАҒАН ТАПСЫРЫС БЕРУШІ

Түске дейінгі сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Ертаев күдіктілерге өздеріне тағылып отырған айыпты оқып берді. Оған сәйкес, тергеу кезінде анықталмаған Қырғызстандағы белгісіз біреулер Алдаяр Исманқұловқа Павлюктен бір деректерді анықтау туралы тапсырыс берген. Осы мақсатта Алматыға келген Алдаяр Исманқұлов өзге екі айыпталушымен қылмыстық жоспар құрған.

Павлюкті Алматыдағы Фурманов көшесіндегі пәтерге алдап әкелу үшін олар өздерін журналистке «баспасөзге байланысты қордың өкілдеріміз» деп таныстырған. Осылайша қолға түсіріп, кейіннен алтыншы қабатта орналасқан пәтердің терезесінен қол-аяғы матаулы күйінде тастап жіберген. Олар қылмыс барысында құрылыс мақсатындағы балға, скотч қолданған.

САЯСИ ТОПТАР ҚАҚТЫҒЫСЫ

Дүйсенбілік сот отырысында айыпталушылардың ешқайсысы да өздеріне тағылған айыпты мойындамайтынын айтты. Сот алдында жауап берген Алдаяр Исманқұлов өзінің бұл қылмыстық іске еш қатысы жоқ екенін, мұны Қырғызстандағы белгілі бір саяси топтардың өзін түрмеге тоғыту мақсатында жасап отыр деп мәлімдеді. Оның айтуынша, 2009 жылдан бастап Қырғызстанда өзіне қарсы ақпараттық шабуыл басталған. «Сол саяси топтардағы нақты адамдарды атай аласыз ба?» деп судья Молдағұлов сұраған кезде ол қазіргі Қырғыз республикасының жоғарғы кеңеш мүшесі Өмірбек Текебаевты атап қалды.
Әу бастан-ақ, Өмірбек Текебаев менің осы іске қатысы бар екенімді айтып, маған кінә таға бастады. Сәйкесінше, мен де оны осы іске қатысы бар деп айыптаймын. Бұл соның ісі.

- Әу бастан-ақ, Өмірбек Текебаев менің осы іске қатысы бар екенімді айтып, маған кінә таға бастады. Сәйкесінше, мен де оны осы іске қатысы бар деп айыптаймын. Бұл соның ісі, - деп жауап берді Алдаяр Исманқұлов.

Әйтсе де, дәл осы күні Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Қырғызстандағы «Атамекен» партиясының жетекшісі Өмірбек Текебаев айыпталушының сөзін жоққа шығарды. Оның ойынша, Алдаяр Исманқұлов бұрынғы биліктің тапсырмаларын орындаған адам.

- Алдаяр Исманқұлов бұрындары Қырғызстанда да қылмыстық сипаттағы істерге қатысы бар күдікті ретінде танылған. Оны қырғыз парламенті бірнеше мәрте талқылаған. Қазақ полициясы оны Генадий Павлюктің ісіне қатысы бар деп айыптап отыр. Қазақстанға әсер ете алатындай мен соншалықты ықпалды емеспін, - деді Өмірбек Текебаев.
Ол кезінде «бұл іске Қырғызстанның қауіпсіздік қызметінің тұтасымен қатысы бар» деген қазақ полициясының мәлімдемесінің жаны бар екенін де айта кетті.

Павлюк ісіне қатысты түстен кейінгі сот отырысында куәгерлер тыңдалды. Атап айтқанда, Павлюкті «Қазақстан» қонақ үйінен Фурманов көшесіндегі пәтерге жеткізген таксист, Павлюк құлаған пәтердің иелері мен айыпталушылардың Алматыдағы таныстары куәлік келтірді. Олар айыпталушыларды танитын болып шықты. Куәгерлердің сөздеріне қарағанда, Павлюк айыпталушылармен таныс адамша сөйлесіп, қылмыс болған пәтерге өз еркімен барған.
Куәгерлердің сөздеріне қарағанда, Павлюк айыпталушылар-мен таныс адамша сөйлесіп, қылмыс болған пәтерге өз еркімен барған.

Дүйсенбілік сот отырысына жәбірленуші жақтан Павлюктің жақындарының бірі қатысты. Ол журналистерге сұхбат беруден бас тартып, жеке қауіпсіздік мақсатында тіпті атын да атауға тыйым салды.
Келесі сот отырысы маусымның 7-сі күні түскі сағат 3-ке белгіленді.

Қырғыз журналисі Геннадий Павлюк 2009 жылдың желтоқсан айында Алматы қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің 6-қабатынан жұмбақ жағдайда құлап, сол ауыр жарақаттан есін жимаған күйі ауруханада қайтыс болған еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG