Accessibility links

Жазушы әрі бұрынғы кеңесші Бектұрғановтың түрме жазасы бір жылдан төрт жылға еселеніп кетті


Полиция облыс әкімінің бұрынғы кеңесшісі Бектұрғановты үкім шыққаннан кейін сот залынан әкетіп бара жатыр. Орал, 13 тамыз, 2009 жыл.
Полиция облыс әкімінің бұрынғы кеңесшісі Бектұрғановты үкім шыққаннан кейін сот залынан әкетіп бара жатыр. Орал, 13 тамыз, 2009 жыл.

Алпамыс Бектұрғановты бір жылға бас бостандығынан айырған сот үкімі күшінде қалды. Мұның сыртында оның жазасын түмеде өтеу мерзімі төрт жылға ұзартылды. Бұрынғы шенеуніктің адвокаттары істің саяси сипатына мән беріп отыр.


24 қыркүйекте Батыс Қазақстан сотының апелляциялық алқасы әкім Бақтықожа Ізмұхамбетовті сыбайлас жемқорлық істерге қатысы бар деп айып таққаны үшін сотталған оның бұрынғы кеңесшісі Алпамыс Бектұрғановтың адвокаттарының шағымдарын қанағаттандырмады.

Ал екі күн бұрын, 22 қыркүйекте Алпамыс Бектұрғановтың бір жылдық түрме жазасына қосымша жемқорлыққа қатысты басқа қылмыстық іс бойынша үш жылға бас бостандығынан айыру үкімі шыққан болатын. Осылайша, оның облыс әкіміне ашықтан - ашық қарсы шығуының соңы азаттығынан айрылуға әкелді.

Ең қызығы, дауласушы тараптардың екі жағы да іс шегіне жеткенше қоғамдық пікірді өз пайдаларына бұруға әрекеттенді. Әкім атына кеңесшісінің тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айып тағылуы ел құлағын елең еткізгенімен, бірақ оны дәлелдейтіндей айғақтар келтірілген жоқ.

Бектұрғановтың бірінші сотының алдында «Жас Алаш» газетінде оның жазушылық шығармашылығын әжуа еткен, өзін өсекші, пайдакүнем деп бейнелеген мақала жарияланды. Мұндай айыптаулар Орал өңірінің өзге әдебиетшілерінің аузымен айтылған еді.

13 тамыз Бектұрғанов үшін ең сәтсіз күн болды. Ол өзіне жала жабылғаны жөнінде сотқа берген талап-арызы бойынша жеңемін деген үмітпен келгенімен, керісінше өзі сотталып кете барды. Үкім шыға салысымен сот залында-ақ Бектұрғановтың қолына кісен салынып алып кетілуі адвокаттар мен бақылаушылардың барлығын қайран қалдырды.

Бірақтағдыр талқысы мұнымен аяқталмады. 2009 жылдың тамыз айының басында Орал прокуратурасы мен қаржы полициясы Алпамыс Бектұрғановтың үстінен қызметтік жағдайын асыра пайдаланып, мемлекеттке 119 мың тенге шығын әкелді деп айыптайтын екінші қылмыстық іс қозғап қойыпты. Сот процесінде прокурордың айыпталушыны екі жылға бас бостандығынан айыруды сұрағанына қарамастан, сот басқаша шешім қабылдап, Бектұрғановқа үш жыл түрме жазасын кесті.

БЮДЖЕТТІҢ ҚАРЖЫСЫНА ШЫҒАРЫЛҒАН ҚОС КІТАП

Сотталушының адвокаты Хамит Қожаназаров жоғары инстанцияларға шағым түсіретіндіктерін айтады.

- Бірінші қылмыстық іс бойынша айтарлықтай қызық жағдай орын алды. Біріншіден, біз Бектұрғанов тарапынан қылмыс құрамының жоқ екендігін айғақтайтын біршама дәлел келтірдік. Екіншіден, жала жабу туралы шешуші роль атқаратын белгілі құжатты талап етуімізге мүмкіндік бермей қойды. Жалпы сот, қылмыстық-процесуалдық заңнаманың талаптарын өрескел бұзды,- деді Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында адвокат Хамит Қожаназаров.

Хамит Ходжаназаров сондай-ақ екінші қылмыстық іс бойынша толығырақ айтып берді:

«15 шілдедегі Бектұрғановтың әкім Ізмұхамбетовке қарсы сөз сөйлеген баспасөз маслихатынан кейін, Қаржы полициясы Бектұрғановқа қарсы бюджеттік қаражатты мақсатсыз пайдаланды делінген қылмыстық іс қозғай бастады. 2005 жылы Бектұрғанов Облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары болған кезінде бюджеттік қаражат есебінен екі кітап шығарған. Қаражат қалалық мәслихат шешімі бойынша Облыстық мәдениет басқармасына бөлінген. Ендігі жерде айыптаушылар қаражаттың заңсыз бөлінгендігін айтады. Олардың келтірген дәлелі бойынша, Бектұрғанов сол кезде «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды бұзған, ал олардың бұл айып тағуы менімше негізсіз, себебі ол сол кезде тендерді ұйымдастырушы болған жоқ. Бұл іспен тікелей басқарма бастығы Айдар Батырханов айналысқан болатын. Сонда ол неге айыпталушының орнында отырған жоқ? Бұл сауалға ешқайсысы дәйекті дәлел келтіре алмай отыр».

Адвокат Хамит Қожаназаров жазушы Алпамыс Бектұрғановты қылмыстық қудалаудың саяси астары бар екендігіне сенімді

- Салыстыру үшін айтсақ, құрылыс басқармасының бастығы Жұма Жавлиев бюджет қаражатынан 20 миллион теңге ұрлағандығы үшін айыпталып, бірақ 120 мың теңге көлемінде айыппұл төлеумен құтылды. Қазір ол өзінің қызметіне қайта орналасу үшін қуынып жүр. Менің қорғалушымның ешнәрсе дәлелденбей тұрып, мұндай қатаң жазалануы тіпті де ақылға симайды. Мұның саяси тапсырыс екендігінде сөз жоқ. Менің құқыққорғау жүйесіндегі көпжылдық тәжірибем бар және мұндай сұрқиялық тәсілдердің талайын білемін. Судья мен прокурорларға үлкен қысым көрсетіледі. Сол себептен бұл жерде заңға сәйкес ешнәрсе шешілмейді.

Бұл жағдайда бірден-бір тығырықтан шығар жол – қоғамдық ашықтық. Біз Бектұрғановтың ісіне қазақстандық және халықаралық қауымдастықтың назарын аударғымыз келеді. Менің қорғалушымның денсаулығына күннен-күнге қауіп төнуде. Ол адамда кейде гипертониялық дағдарыс пайда болып отырады. Оның жасын ескере отырып, біз оның денсаулығының күрт нашарлап кетуінен қауіптенеміз, - деп Хамит Қожаназаров ойымен бөлісті.

ӘКІМНІҢ ҚОРҒАУШЫСЫН СОТ ШЕШІМІ ҚАНАҒАТТАНДЫРДЫ

Талап-арыз иесі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың мүддесін қорғаушы адвокат Мұстақым Төлеев билік тарапынан саяси тапсырыс болды деген сөздердің шындыққа жанаспайтынын және өзінің Алпамыс Бектұрғанов адвокатының біліктілігіне күмән келтіретіндігін айтты.

-Адвокат Шонаев пен Қожаназаровтың біліктілігінің жарамсыздығы өз ұстанымдарын білдіру кезінде байқалды. Шынын айтканда, бұл әрине өкінішті-ақ. Екінші инстанция соты бірінші инстанциядағы сот шешімі негізінде шешім қабылдады, ал Орал қаласы сотының шығарған үкімі барлық қылмыстық-процесуалдық нормаға сәйкес келді және ол шын мәнінде әділетті үкім деп есептеймін, - деді адвокат Мұстақым Төлеев.

Екі қылмыстық істің бір-біріне байланысы қаншалықты деген Азаттық радиосы тілшісінің сұрағына Мұстақым Төлеев жауап беруден бас тартты, бірақ екінші қылмыстық іске қатысты апелляциялық шағым бойынша қабылданатын шешімнен кейін соттың Алпамыс Бектұрғановтың түрме мерзімі бойынша түпкілікті үкім шығаратындығын атап өтті.

Мұстақым Төлеевтің пікірінше Алпамыс Бектұрғановтың жаза мерзімі азайтылуы немесе төрт жыл кесімді сол күйінде қалуы да мүмкін.

Ендігі жерде Алпамыс Бектұрғановтың туғандары мен туыстары оны қорғау үшін қоғамдық науқан ұйымдастырмақшы, олар жақын арада баспасөз-мәслихатын өткізгелі отыр.
XS
SM
MD
LG