Accessibility links

Серік Баймағамбетов 10 жылға сотталды


Қазақстан кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағамбетов сот залында отыр. Астана, 8 қаңтар 2013 жыл.

Қазақстан кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағамбетов сот залында отыр. Астана, 8 қаңтар 2013 жыл.

Қаңтардың 8-і күні Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Қосмұратов Серік Баймағамбетовті айыпты деп тауып, оны 10 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.

Сот кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағамбетовті қылмыстық кодекстің 307-бабы 2-тармағы («қызмет өкiлеттiгiн терiс пайдалану») бойынша ақтады, ал 311-бап бойынша («аса ірі көлемде пара алу») айыпты деп тапты.

Үкім бойынша, экс-шенеуніктің дүние-мүлкі тәркіленеді, өзі жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.

ПРЕЗИДЕНТ МАҚТАҒАН МАМАН

54 жастағы Серік Баймағамбетов – Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған, заң ғылымдарының кандидаты. Ол президент әкімшілігі қызметкері, ішкі істер және әділет вице-министрі, қаржы полициясы төрағасының орынбасары, парламент депутаты болған.

Серік Баймағамбетов 2009 жылы ішкі істер министрі болып тағайындалды. Сол кезде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдары жүйесіндегі «келеңсіз құбылыстарды түп-тамырымен жою» мен «өз ішінде тәртіп орнату қажеттігін» айтқан. Президент Назарбаев ішкі істер министрінің орынбасары болып үш жыл жұмыс істеген Баймағамбетов жайлы «тәжірибелі маман», «жаңаша стильмен жұмыс істейді» деген пікір айтқан. Алайда ол ішкі істер министрі қызметінде ұзақ отырған жоқ.
Алма Баймағамбетова, сотталған Серік Баймағамбетовтің қарындасы. Астана, 8 қаңтар 2013 жыл

Алма Баймағамбетова, сотталған Серік Баймағамбетовтің қарындасы. Астана, 8 қаңтар 2013 жыл


2011 жылы қаржы полициясы «Қорғас» және «Қалжат» кеден бекеттерінде экономикалық контрабандамен айналысу және ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу фактілері бойынша іс қозғап, бірқатар лауазымды тұлғаларды (кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрібозовты да) қызметтен босатқан еді.

2011 жылдың мамыр айында Серік Баймағамбетов кедендік бақылау комитетіне жұмысқа ауысты. Бұл орында ол тоғыз айдан астам уақыт қызмет атқарып, 2012 жылдың ақпанында кедендік бақылау комитеті төрағалығынан кеткен соң бірден қамауға алынған.

Астанадағы уақытша оқшаулау орнына қамалған Баймағамбетовке «қызметін асыра пайдаланды және ірі мөлшерде пара алды» деген айып тағылған.

Қаржы полициясы Серік Баймағамбетовтің «80 мың доллар көлеміндегі параны облыстық кедендік бақылау департаменттерінің бірінің бастығының орынбасары қызметіне тағайындағаны үшін және оған қорғаныш болғаны үшін» алғанын айтады.

Серік Баймағанбетовке қатысты сот 2012 жылдың 19 қыркүйегінде басталды. Прокурорлар желтоқсанның 25-і күні оны айыпты деп тауып, 12 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал экс-шенеунік өз кінәсін мойындамайтынын мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG