Accessibility links

Судья Жолдасбеков өзі соттаған Жәкішевтің жазасын жақтап, денсаулығын мақтады


Жәкішев ісі бойынша үкім шығарған судья Нұрлан Жолдасбеков. Астана, 26 наурыз, 2010 жыл.
Жәкішев ісі бойынша үкім шығарған судья Нұрлан Жолдасбеков. Астана, 26 наурыз, 2010 жыл.

Астанада бірлескен баспасөз-мәслихатын өткізген сот пен прокуратура Жәкішевтің лайықты еңбек сіңірген маман екенін мойындай келе оның денсаулығының жақсы болуына тілек білдірді. Баспасөз жиынына топ-менеджердің жұбайы Жәмила Жәкішева қатыстырылмады.


«ЖӘКІШЕВ – АҚЫЛДЫ, БІРАҚ - АЙЫПТЫ»

26 наурыз күні Астанада «Қазатомпром» ісіне қатысты баспасөз конференциясы болып өтті. Брифингте осы істі қараған судья Нұрлан Жолдасбеков пен мемлекеттік айыптаушы Әкім Адай журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Нұрлан Жолдасбеков Ұлттық атом компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевке шығарылған үкімді аса ауыр деп есептемейтіндігін мәлімдеді. Судьяның пікірінше, тергеу мемлекет қаржысын талан-таражға салу және пара алу айыптарына қатысты 29 эпизод бойынша Жәкішевтің кінәсін дәлелдеп шыққан.

Астана қаласы №2 Сарыарқа аудандық соты 12 наурызда Мұхтар Жәкішевті 14 жылға, оның оққағары Талғат Қыстаубаевты 5 жылға бас бостандығынан туралы үкім шығарған болатын.

«Біздің тәжірибеде 2-3 мың теңге пара алған МАИ қызметкерін біз 3-5 жылға соттаймыз, онда неге талан-таражға салынған қомақты қаржы мен үлкен көлемдегі пара үшін 14 жыл түрме жазасын бермеске»-, деді судья.

Дей тұрғанмен, Жолдасбеков Жәкішевтің менеджерлік қабілетін жоғары бағалайтындығын арнайы атап өтті.

«Ия, Жәкішев «Қазатомпромның» дамуына көп үлесін қосты, ол – көздеген мақсаты бар қабілетті менеджерлердің бірі, бірақ заң барлығына ортақ және заң мен соттың алдында бәрі де тең»-,деді ол.

Осылай дей келе, аудандық соттың төрағасы өзі шығарған шешімнің дұрыстығын дәлелдеуге тырысты. Судьяның айтуынша, Жәкішевтің өзінің қызметін пайдалана отырып, компанияның 111 миллион теңгеден астам қаржысын талан-таражға салғандығы, сондай-ақ 790 миллион теңгеден астам пара алғандығы дәлелденген.

«ЖОҒАРЫДАН ТАПСЫРЫС БОЛҒАН ЖОҚ»

Жолдасбеков сөз болып отырған сот процесі әділ өтті деп есептейді және аудандық сот жоғарғы биліктің тапсырмасын орындаған дегендей болжамдардың ешқандай қисыны жоқ деп санайды.

«Бұл сот талқылаулары әлде бір тапсырыспен және «жоғарғы жақтың» нұсқауымен жүрді деу дұрыс емес»-, деді судья. Өзінің осы айтқандарына дәлел ретінде Жолдасбеков істі қарау барысында қосымша куәгерлер шақырылғандығын алға тартып отыр.

«Бұған айыптау тізіміндегі куәгерлермен бірге, қосымша ретінде қатыстырылған куәгерлер дәлел бола алады» деді Жолдасбеков.

Брифингте Жолдасбеков топ-менеджердің денсаулық жағдайына қатысты өз бағасын бере кетуді де ұмытқан жоқ.

«Жәкішевтің денсаулығына қатысты түрлі әңгімелер болды, бірақ мен мұның барлығы шындыққа жанаспайды деп айта аламын»,- дейді судья.

Сондай-ақ ол әрбір сот отырысы барысында судья айыпталушының денсаулық жағдайы туралы анықтама алып отырды деп атап көрсетті.

ҚҰПИЯ ПӘТЕРДЕГІЛЕР ӘЗІРГЕ СОНДА ҚАЛА БЕРЕДІ
Мұхтар Жәкішевтің ісі бойынша айыптаушы Әкім Адай. Астана, 26 наурыз, 2010 жыл.


Бас прокуратурдың аға көмекшісі, Жәкішев ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы Әкім Адайдың айтуынша, «Қазатомпромның» бұрынғы басшысына қатысты жаңа қылмыстық істерді зерттеу кезінде компанияның бұрынғы екі вице-президенті «куәгерлерді қорғау бағдарламасы» аясында қала береді.

«Қазатомпромның» бірқатар қызметкерлері өз іс-әрекеттерін мойындағандығына байланысты оларды қылмыстық қудалауды тоқтату туралы шешім қабылданды»-, дейді Адай.

Сонымен бірге, прокуратура өкілі Жәкішевке қатысты қозғалған жаңа қылмыстық істер уран көздерін заңсыз саудаға салу іс-әрекеттеріне байланысты екендігін еске салып өтті.

«Қазатомпром» ісіндегі екі куәгер - Дмитрий Парфенов пен Малхаз Цоцория өткен жылдың мамыр айынан бері Астанада құпия пәтерлерде тұрып жатыр.

«ЖӘМИЛА ЖЕКЕ КЕЛІП ЖОЛЫҚСЫН»

Сот пен прокуратураның бірлесіп өткізген брифингіне топ-менеджердің зайыбы Жәмила Жәкішева қатыстырылмады.
Жәкішеваның пікірінше, өзін судьямен кездесуге жібермеген билік өкілдері оның «сұрақтарынан қорқады».
"Қазатомпром" ісі бойынша соталғандардың әйелдері Жәмила Жәкішева (сол жақта) мен Сара Сағындықова. Астана, 26 наурыз, 2010 жыл.


Судья Жолдасбеков Жәкішеваның баспасөз конференциясына жіберілмеуін: «қояр сұрақтары болса, менің қабылдауыма жазылсын» деп түсіндірді.

Сонымен бірге, аудандық сот төрағасы «Қазамопром» ісі бойынша шығарылған сот үкімінің көшірмесі процеске қатысушыларға неге берілмегендігін түсіндіріп өтті.

«Іс жабық жағдайда қаралғандықтан, процесуалдық түпкілікті құжат – үкімге де құпия таңбасы басылды, қылмыстық іс материалдары мазмұнының мемлекеттік құпияға қатысы бар, ол үкімде де көрініс тапқан»,- деді Жолдасбеков.

Судьяның айтуынша, процеске қатысушылар үкімнің мазмұнымен сот ғимаратында немесе арнайы бөлмеде, ал айыпталушылар ҰҚК-нің абақтысында таныса алады.

Бұған дейін Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев сот үкімінің көшірмесі қолына тимегендігіне байланысты аудандық соттың шешіміне апелляциялық шағым түсіре алмағандығын мәлімдеген еді. Бастапқы сот шешіміне апелляциялық шағым 10 жұмыс күні ішінде берілуі тиіс.
XS
SM
MD
LG