Accessibility links

Жәкішевтің адвокаттары өтініш беруден, судья оны кері қайтарудан жалықпайды


Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев. Астана, 10 ақпан, 2010 жыл.

Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев. Астана, 10 ақпан, 2010 жыл.

«Қазатомпромның» бұрынғы президенті Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев судьяны алмастыруды және істің ашық қаралуын тағы да өтінді. Ол Жәкішев ісінде құпиялылық жоқ деп есептейді. Бірақ адвокаттың өтініштері бұл жолы да қанағаттандырылмады.

БЕЙСЕКЕЕВТІҢ СОТҚА СЕНІМСІЗДІГІ

Ақпанның 18-і күні Астана қаласы №2 Сарыарқа аудандық сотында «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев пен оның күзетшісі Талғат Қыстаубаевқа қарсы қылмыстық іс бойынша кезекті сот мәжілісі әдеттегідей жабық өтті.

Топ-менеджердің адвокаты Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, сот мәжілісінде ол судьяға екі өтініш түсірді. Қорғаушы қылмыстық істің «құпия мөрін» алып тастауды сұрады, сондай-ақ Жәкішевті тұтқында ұстау амалын өзгертуді өтінді.

- Сот бұл екі өтінішті де қанағаттандырған жоқ. Соған байланысты мен тағы да өз наразылығымды білдіруге мәжбүр болдым. Өйткені, сот менің арыздарымды үнемі орындамау арқылы заң ережелерін сақтамай отыр, - деп мәлімдеді Бейсекеев.

Оның айтуынша, адвокаттың қарсылық білдіруіне байланысты судья сот мәжілісінің жалғасын жұмаға қалдырды.

ЖӘКІШЕВ ТАНЫМАЙТЫН ЖАҢА АДВОКАТ ТА БЕЙСЕКЕЕВТІ ҚОЛДАДЫ

Топ-менеджердің оққағарының адвокаты Ақан Байқанов та өзінің қорғауындағы Талғат Қыстаубаевты тұтқында ұстау амалын өзгертуді өтінді. Сот бұл өтінішті де қанағаттандырмады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан Жәкішевке тағайындалған екінші бір адвокат Болат Исатаев бүгінгі сот мәжілісінде Бейсекеев алға тартқан арыз- өтініштерді қолдаған. Алайда, бұл жағдай топ-менеджердің Исатаевқа деген көзқарасын өзгерте қоймады.

Бұған дейін Исатаевтың істен шеттетілуін сұраған Жәкішев бұл жолы процеске қорғаушы ретінде Данияр Қанафин мен Александр Розенцвайгті қосуды өтініп, Исатаевтың шеттетілуін тағы да талап етті.

Жәкішевтің пікірінше, құпия материалдарға рұқсаты жоқ бұл екеуінің де Исатаев секілді іске қатысуына құқығы бар. Бұған дейін жабық сотқа еркін кіріп-шығып жүрген Исатаев өзінің шын мәнінде құпия құжаттарға рұқсаты жоқ екендігін мойындаған болатын.

«Қазатомпром» ісі бойынша сот процесі 2009 жылы 22 желтоқсанда басталды. Компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевке сыбайласқан жемқорлық қылмысы бойынша айып тағылуда.

2009 жылы мамырда ол «Қазатомпром» компаниясының президенті қызметінен алынды. Сол айдың соңынан бері Мұхтар Жәкішев ҰҚК-нің Астанадағы тергеу абақтысында отыр.
XS
SM
MD
LG