Accessibility links

Апелляциялық шағымды қараған Талдықорған соты Жовтистің үкімін өзгеріссіз қалдырды


Полиция қызметкерлері Евгений Жовтистің қолына сот залында кісен салып жатыр. Бақанас, 3 қыркүйек, 2009 жыл.

Полиция қызметкерлері Евгений Жовтистің қолына сот залында кісен салып жатыр. Бақанас, 3 қыркүйек, 2009 жыл.

Апелляциялық сот алқасы адам құқын қорғаушы Евгений Жовтиске Бақанас сотының оны кісі өліміне айыпты деп төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы шығарған үкімін күшінде қалдырды. Жол апаты салдарынан қаза болған азаматтың анасының кешірім берем деген сөзі де көмектеспеді.


Адам құқын қорғаушы Евгений Жовтистің бірінші сатыдағы соттың үкімін бұздыру үшін берген шағымын қараған Алматы облыстық сотының Талдықорғандағы апелляциялық алқасы Жовтистің өзінсіз өтіп, үкімді күшінде қалдырды. Үкім бойынша Жовтис жазасын қоныстану-колониясында өтейтін болады. Адам құқын қорғаушы 24 қазанда Өскемендегі қоныстану-колониясына жіберіледі. Сот процесін бақылаушылар оның тағы да заң бұзушылықтармен өткенін айтып отыр.

Адам құқы мен заңдылықтардың сақталуы бойынша халықаралық қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтисті 3 қыркүйек күні Балқаш аудандық соты жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер болды деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айырған болатын.

Евгений Жовтис пен оның адвокаты Виталий Воронов сот үкімі әділетсіз деп апелляциялық шағым берген болатын және халықаралық ұйымдар мен қазақстандық қоғамдық ұйымдар тергеу амалдары, алғашқы сот үрдісі әділетсіз болды деп наразылық танытқан-ды.

Бүгінгі апелляциялық сотта жол апатынан қаза тапқан жолаушының анасы - Райхан Молдабаева Жовтисті кешіретінін айтып, оған қарсы бұрын шығарылған сот шешімін бұзуды өтінді. Прокурор Жовтисті қорғаушылардың барлық өтініші мен Молдабаеваның өтінішіне де өз наразылығын білдірді.

Сейсенбі күні Алматыдан Талдықорғанға белгілі құқық қорғаушы Жовтистің қолдаушылары автокеруенмен жолға шыққан еді. Сағат 14-ке белгіленген Алматы облыстық сотындағы отырысқа асыққан топ жол-жөнекей бірқатар кедергілерге тап болып, сот мәжілісіне кешігіп жеткен болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG