Accessibility links

Журналистерді қорғау комитеті Усмоновқа араша сұрады


Би-Би-Си арнасы өзбек қызметінің тілшісі - Орынбай Усмонов.
Би-Би-Си арнасы өзбек қызметінің тілшісі - Орынбай Усмонов.

Журналистерді қорғау комитеті ВВС арнасы өзбек қызметінің Тәжікстандағы тілшісі Орынбай Усмоновтың қамауға алынғанын айыптады. Штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан комитет журналистің жедел босатылуын талап етті.


Орынбай Усмонов 13 маусым күні ұсталғанымен, бұл турасында тек екі күннен кейін хабарланды. Тәжікстан билігі оны Хизб ут-Тахрир ұйымына мүше болды деп айыптады. Бұл ұйымға Тәжікстан 2001 жылдан бері тыйым салған еді. Алайда ВВС басшылығы Усмоновтың Хизб ут-тахрир туралы хабар дайындау барысында ұсталғанын айтады.

ХИЗБ УТ-ТАХРИР ТУРАЛЫ ХАБАР ДАЙЫНДАҒАН

Журналистерді қорғау комитетінің өкілі Музаффар Сулаймановтың айтуынша, Орынбай Усмоновқа тағылып отырған айып - негізсіз. Ол тағылған айыпты Усмоновтың қызметімен байланыстырады.

Дүйсенбі күні ұсталған Усмоновтың әлі күнге Худжандта қамауда отырғанын айтқан Музаффар Сулайманов былай дейді:

- Біз ВВС-дің Лондондағы редакциясымен хабарластық. Олардың айтуынша, Усмонов журналистік қызметіне байланысты қамауға алынған. Өйткені ол Тәжікстанда тыйым салынған Хизб ут-Тахрир ұйымының әрекеті жөнінде хабар дайындап жүрген.

Азаттық радиосының тәжік қызметіне берген сұқбатында Сулайманов журналиcтерді қорғау комитетінің Усмоновты қамаудан босату үшін қолдан келгенше ұмтылыс танытатынын айтты.

- Біз Тәжікстан басшылығын сөз бостандығына қатысты халықаралық міндетін орындауға шақырамыз. Тәжікстан қызмет барысында журналистер мен тілшілерді түрмеге тоғытпауы керек, - дейді Музаффар Сулайманов.

ТӘЖІКСТАН ӨЗБЕКСТАННАН ОЗЫП КЕТУІ МҮМКІН

Тәжікстанда қызмет барысында ұсталған Урунбай Усманов жалғыз емес. Қазір Ашт ауданында сөз бостандығын қорғау ұйымдарының мәліметінше тілшілік қызметін атқару кезінде ұсталған Мухаммадюсуф Исмоиловтың соты жүріп жатыр.

- Біз Исмоиловтың сотына да назар аударып отырмыз. Біздің білуімізше, Исмоиловтың мақалаларына тілдік талдау жасалмақшы. Біз лингвистердің бұл мақаладан балағат болатындай ештеңе таппас деп үміттенеміз. Біз Тәжікстан басшылығы Исмоилов пен Усмоновты қамаудан босатады деп ойлаймыз. Олардың қамуда жатқаны Тәжікстан беделіне нұқсан келтіреді,-дейді Музаффар Сулайманов.

Оның айтуынша қамаудағы журналистер жағынан Өзбекстан алда тұр. "Тәжікстан да бүйте берсе, таяуда Өзбекстаннан озып кетеді",-дейді журналистерді қорғау комитетінің өкілі.
XS
SM
MD
LG