Accessibility links

Кәсіпкерлер 2013 жылдан бастап есеп айырысу үшін төлем карталарын қабылдауға міндетті. Бірақ жұрттың көбі әлі қолма-қол ақшамен есеп айырысқанды қолайлы көреді.

Астанадағы «Столичный» гастрономында әр кассаның жанында төлем картасы арқылы есеп айырысуға арналған арнайы аппарат – POS-терминалдардың тұрғанына жеті жылдан асты.

– Клиенттер оны жиі пайдаланады. Әрине, кейде чипі бұзылып немесе карточкадағы ақша бітіп қалатын сияқты қиындықтар болып жатады. Карточка, әсіресе, сатып алушылар үшін қолайлы, – дейді дүкен менеджері Марина Манкеева.

ТӨЛЕМ КАРТАСЫ ТУРАЛЫ ЗАҢ

Қазақстанда заңсыз жолмен табылған кірісті заңдастыру және қолма-қол ақшаға айналдыру, терроризмді қаржыландыру сияқты әрекеттерге тосқауыл қою мәселелері жөніндегі заң актілеріне былтыр жазда түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер бойынша, кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап сауда орындарында төлем карталары арқылы есеп айырысу құрылғыларын орнатуы тиіс.

Арнайы салық тәртібін пайдаланатын жеке кәсіпкерлер (яғни, жеңілдетілген декларация бойынша берілетін патент негізінде жұмыс істейтіндер) үшін аппаратты орнату мерзімі 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылды. Бұл шарт ауыл Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

шаруашылық өнімдерін өндірушілер, тауарын дүкен алдына шығарып сататын азаматтар, автодүкен, палатка, дүңгіршек, сауда базарларындағы контейнерлердің иелеріне де қатысты.

Заң талабын орындамағаны үшін қарастырылған айыппұлдың көлемі де белгілі. Төлем карточкасын қабылдайтын аппаратты белгіленген мерзімде орнатпаған кәсіпкер 65 мың теңге айып төлеуі тиіс.

Қолма-қол ақшамен есеп айырысуға болатын соманың мөлшері азайды. Егер бұрын ол 4 мың айлық есептік көрсеткішке (АЕК – 1 мың 618 теңге) тең болса, енді 1 мың АЕК болды. Яғни енді 1 миллион 618 мың теңгеге (10 мың 700 доллар) қолма-қол сауда жасауға болады.

Ірі қалаларда бұл жаңа тәртіп шағын және орта бизнесі бар кәсіпкерлердің 60-70 пайызын, ал ауылдық жерде 80-90 пайызын қамтымақ.

КАССАЛЫҚ АППАРАТТЫ ҚАЛАЙ ҚОЮҒА БОЛАДЫ?

«Казкоммерцбанктің» жетекші менеджері Қуандық Сақаевтың айтуынша, ескі кассалық аппараттардың бағасы – 50-60 мың теңге, ал жаңалары – 70-200 мың теңге.

– Өкінішке қарай, кәсіпкерлердің көпшілігі аппаратты формальды түрде ғана, көз алдау үшін қояды да, біз айыппұл саламыз. Біздің аппарат басқа банктердің карточкаларын да қабылдайды. Операцияның бәрі теңгемен жүреді. Белгілі бір сыйақыға біздің терминалдар кез келген карточканы оқиды. Комиссия мөлшерлемесі – 1-4 пайыз, – деді менеждер.

Оның айтуынша, посттерминалды пайдаланғаны үшін жалдау ақысы алынбайды.

– Тек комиссиясын ғана аламыз. Біз халықаралық төлем жүйелеріне қызмет көрсетеміз ғой. Терминалды орнату арқылы адамның есеп айырыса алатынына кепілдік береміз, – деді Қуандық Сақаев.

Қазақстан ұлттық банкінің деректеріне сәйкес, төлем карталарын қабылдайтын аппарат саны жылдан жылға көбейіп отыр. Егер 2008 жылы 4 мың 117 POS-терминал болса, 2012 жылы қарашаның 1-інде олардың саны 5 мың 981-ге жеткен.

Алматы қаласы бойынша салық департаментінің жеке тұлғалар аудиті бөлімінің бастығы Еркін Сейітжан заңды орындау барысы 2013 жылдан бастап тексерілетінін айтты.

– Ірі компаниялар үшін бұл – тиімді әрі қалыптасып қалған жағдай. Ал ұсақ саудамен айналысатын дүкендердің айналымы төмен болғандықтан, аппаратты орнату тиімсіз. Кәсіпкер аппарат жұмыс істемей, құр тұрса да, оны пайдаланғаны үшін бәрібір төлеуге тиіс. Өйткені аппаратты банк сатып алып орнатады, ал фирма банке төлеуі тиіс. Бұл тарифтер шағын бизнеске ауыр тиетін болды. Ірі және ұсақ сауда орындары үшін тарифтердің сатылық айырмасы болуы керек. Жыл соңына қарай бұл жөнінде өз ұсыныстарымызды береміз, – деді Еркін Сейітжан Азаттық тілшісіне.

ТӨЛЕМ КАРТАЛАРЫ

Астана тұрғыны Қазыбек Әміржанов төлем карталарына көшуге әзірше дайын емес екенін айтып, оған себеп ретінде өзінің қаржылық сауатсыздығын, банк пен салық жүйесіне сенбейтінін және уақытша жұмыс істемейтінін атады.

– Карточканы пайдалану қажет дүние және қолайлы екеніне дауым жоқ. Бірақ маған карточканы әр пайдаланған сайын комиссия төлеуге тура келетіні ұнамайды, – деді Қазыбек Әміржанов Азаттық тілшісіне.

Халықтың қолындағы төлем карталары көбейген сайын қолма-қол ақшаның қажеті Қазақстандағы ресейлік банктердің бірінің төлем картасы. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы ресейлік банктердің бірінің төлем картасы. (Көрнекі сурет)

​азаяды деген есеп бар. Алайда қазақстандықтар төлем карталары көп болғанымен, оларды екі есе аз пайдаланады.

Қазақстанда төлем карталарын 25 банк пен „Қазпошта” ұлттық компаниясы шығарады. Қазақстандықтар VISA International, MasterCard Worldwide, American Express International және China Union Pay халықаралық жүйелерінің төлем карталарын пайдаланады. Қазақстандық банктер Altyn Card, SmartAlemCard, Ситибанк Қазақстан сияқты төлем карталарын да шығарады.

Ұлттық банктің деректеріне қарағанда, төлем карталарының қомақты үлесі (81,3 пайызы) дебеттік карталарға тиесілі. Ал несие карталары – 16,5 пайызды, несие лимиті бар дебет карталары – 1,4 пайызды, алдын ала төленген карталардың үлесі 0,7 пайызды құрайды. Бір айырмасы, дебеттік картаның иесі өзінің төлем картасында бар ақшасын, ал несие картасының қожайыны банк берген несие ақшаны шектелген лимит көлемінде жұмсай алады

Әлемде бес миллиардтан астам банк картасы бар. Қазақстанда айналымдағы карталар мен олардың иелерінің саны жыл сайын 10-нан 20 пайызға дейін өседі.

2012 жылдың 1 қарашасындағы есеп бойынша, қолында төлем картасы бар адамдардың саны халықтың 64 пайызын құраған, ал шығарылған карталардың 70 пайызы айналымда жүр.

Қазір қазақстандықтардың көбі төлем картасын банкоматтан ақша алу үшін ғана пайдаланады. Төлем картасының көмегімен сауда жасау көлемі – айналымдағы қолма-қол ақшаның 40-45 пайызы мөлшерінде. Яғни халық әлі пластик картадан гөрі қолма-қол ақшаға көбірек сенеді.

Қазақстанның ұлттық банкінің деректеріне сәйкес, айналымда жүрген қолма-қол ақшаның көлемі бес жылға жетер-жетпес уақыт ішінде 857 миллиард теңгеден 1 триллион 379 миллиард теңгеге дейін есе өскен.

Қазақстандағы төлем картасының даму динамикасы



Мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутай қатысты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG