Accessibility links

Қырым мектеп оқулықтарында «Ресей субъектісіне» айналған


Алматы облысындағы мектептің бірі. 5 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Алматы облысындағы мектептің бірі. 5 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

«Мектеп» баспасынан былтыр және биыл жарық көрген кей оқулықтарда Қырым автономиялы республикасы «Ресей субъектісі» ретінде көрсетілген. Оқулық авторларының өз уәжі бар, ал кей сарапшылар олармен келіспейді.

Орта мектептерге арналған мектеп оқулықтарын шығаратын Қазақстандағы баспалардың бірі - «Мектеп». Осы баспа шығарған үш оқулықта Қырым Ресей аумағы ретінде көрсетілген.

«МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ»

Мәселен, жаратылыстану-математика бағытындағы мектептің 10-сыныбына арналған «География» оқулығында 2014 жылы Ресей аннексиясынан кейін тәуелсіздік туралы референдум өткізіп, іле-шала Ресейге қосылған Қырымның осы тарихын баяндамас бұрын оқулық авторлары «шекарасына жақын аудандарда саяси жағдайдың шиеленісуі Ресейдің мемлекеттік шекараларын нығайтуына ықпал етті, Ресей Федерациясының бұрынғы одақтас елдермен шекаралары арнайы келісімдер арқылы толық бекітіліп біткен жоқ» деп жазады.

Осыдан кейін «2014 жылы 17 наурызында Қырым Республикасының тәуелсіздігі жарияланып, республиканың Мемлекеттік Кеңесі Ресей Федерациясы құрамына ену жөнінде ұсыныс жасады. 18 наурызда Қырым мен Севастополь қаласын Ресей құрамына қабылдау жөніндегі мемлекетаралық келісімге қол қойылды» деп баяндайды.

"Мектеп" баспасынан 2014-2015 жылдары шыққан орта мектепке арналған "География" оқулықтары.
"Мектеп" баспасынан 2014-2015 жылдары шыққан орта мектепке арналған "География" оқулықтары.

Ал осы баспа шығарған 11-сыныпқа арналған «Қазіргі дүние географиясы» оқулығында «Украинаның Қырым Автономиялық Республикасы мен Севастополь қаласы 2014 жылғы 16 наурыздағы референдум қорытындысына сай қайтадан Ресей Федерациясының құрамына оның субъектісі ретінде қосылды» деп жазылған.

Украина мен Ресей арасындағы даулы аумақ болып саналатын Қырым мәселесі 11-сыныпқа арналған «Дүниежүзі тарихы» оқулығында да осыған ұқсас баяндалған. География оқулықтарына қарағанда мұнда 2014 жылдың бас кезіндегі Украинадағы саяси процесс ұзағырақ сипатталып, Қырым «Ресейдің тоғызыншы округі болып құрылғаны» баяндалған.

Оқулықта авторлар «Киевтегі оқиғалар бүкіл елді қозғалысқа келтірді. Қырым Республикасының үкіметі Киевте биліктің заңсыз басып алынғанына келіспейтіндігін білдірді және референдум өкізу туралы жариялады... 2014 жылы 16 наурызда болған референдумда дауыс берушілер Қырым Республикасының Украина құрамынан шығып, Ресей Федерациясына қосылуын жақтады. 2014 жылы 18 наурызда Ресей парламенті Қырымның Ресей Федерациясының құрамына кіруін жақтап, бірауыздан дауыс берді» деп жазады.

«ДУМА ШЕШІМІ СОЛАЙ»

Азаттық тілшісімен сөйлескен «Мектеп» баспасының тарих және география бөлімдері редакторлары мен оқулық авторларының пікірі «Қырым туралы тек ақпарат қана берілген, ешбір саяси жайттар сөз болмаған» дегенге саяды.

11-сыныпқа арналған "Дүниежүзі тарихы" оқулығының Украинада 2014 жылы болған оқиғаларды баяндаған беті.
11-сыныпқа арналған "Дүниежүзі тарихы" оқулығының Украинада 2014 жылы болған оқиғаларды баяндаған беті.

11-сыныпқа арналған «Дүниежүзі тарихы» оқулығы авторларының бірі, Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінің оқытушысы Розалия Қайырбекова Азаттық тілшісіне «Қырым мәселесін оқулыққа енгізгенде Украина мен Ресей арасындағы саяси жанжалдың ескерілгендігін, сол себепті аталған мағлұматтарды ақпарат құралдарынан алып, объективті беруге тырысқанын» айтты. Ол «Украинадан бөлініп шығу туралы референдумды Украина мен халықаралық ұйымдардың мойындамағаны маңызды емес» деп санайды.

- Референдум болды ма? Болды. Нәтижесін неге мойындамағанын Батыстың өзінен сұрау керек. Ресей парламентінің бірауыздан шешім қабылдағаны рас. Ресей думасының ісіне араласып, Қырым үшін қалай дауыс беру жөнінде нұсқау көрсетуге құқығымыз жоқ, - дейді ол.

Аты-жөнін атамауды өтінген «География» оқулығы авторларының бірі де «Қырымды Ресей субъектісі ретінде көрсеткен жөн» деген пікірін айтты. Оның сөзінше, «Қырым Ресей құрамындағы субъект ретінде жарияланғаны, Қырым татарлары қарсы болғанымен де басшылықтың осындай шешімге келгені - факт». Ол «Украина заңсыз деп санайды» деп сөзді көбейтпедік, балалар әрі қарай өздері қарап алуы керек» дейді.

Абай атындағы Алматы ұлттық педагогикалық университетінің «Қазақстан географиясы мен экологиясы» кафедрасының оқытушысы, оқулық авторларының бірі Ертіс Ахметов «Қырым мәселесін арнайы сараптамадан кейін енгізгендерін» айтады. Ал сараптаманы Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығы жасатқан.

Қырымның Ресейге қосылғанын Украина мойындамайтынын білемін. Бірақ ол жөнінде жазбай-ақ қою жөнінде ұйғарым болды.
Ертіс Ахметов.

- Қырымның Ресейге қосылғанын Украина мойындамайтынын білемін. Бірақ ол жөнінде жазбай-ақ қою жөнінде ұйғарым болды. Тек фактіні жазайық, саяси мәселені қосып, пікірталасқа айналдырмайық дедік,- дейді ол.

Азаттық тілшісі Білім және ғылым министрлігіне де хабарласқан еді. Алайда министрлік өкілдері мән-жайды республикалық «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығынан сұрау керек екенін айтты. Аталған орталық бастығының орынбасары Әділхан Дүйсебаев бұл мәселе бойынша авторлармен және сарапшылармен кеңесіп барып жауап қайтарды.

Әділхан Дүйсебаевтың айтуынша, «Оқулықтарда Қырымның Ресейге қосылу фактісі тек тарихи оқиға ретінде баяндалған. Ал референдумның қандай жағдайда өткені, халықаралық ұйымдар мен өзге елдердің бұл фактіні мойындауы немесе мойындамауының бұл мәселеге қатысы жоқ».

«БҰҰ МОЙЫНДАМАҒАН»

Алайда тарихшылар мен географтардың арасында Қырымды Ресей субъектісі ретінде көрсетуді дұрыс көрмейтіндер де бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті география факультеті оқытушысы Санат Түгелбаевтың пікірінше мемлекеттік шекарадағы өзгерістер оқулыққа арнайы тәртіппен енгізіледі.

- Шекарадағы өзгерістерді екі мемлекет парламенті бекітіп, президенттері қол қойғаннан кейін БҰҰ жаңа шекара мен халық санын мойындайды. Қырымға байланысты біз ондай мәселе көргеніміз жоқ, қайта керісінше болып отыр. Сондықтан Қырымды оқулықтарда Ресей субъектісі ретінде көрсетуге құқығымыз жоқ. Дәл қазір Қырымды Ресей субъектісі ретінде қарайтын бір-ақ құжат бар. Ол тек Ресей Думасының шешімі, - дейді ол.

Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директоры Хангелді Әбжанов мектепке арналған тарих және география оқулықтарындағы Қырым туралы мағлұматтарды біржақты ақпарат деп санайды.

Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директоры Хангелді Әбжанов. Алматы, 27 желтоқсан 2013 жыл.
Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директоры Хангелді Әбжанов. Алматы, 27 желтоқсан 2013 жыл.

- Қырымның Ресейге қосылуына Қазақстан мейлінше бейтарап баға беруге тырысып, «Қазақстанда Қырымдағы референдум нәтижесіне түсіністікпен қарады» деп ресми мәлімдеген. Ол бірақ қолдайды, немесе қарсы деген сөз емес. Бәлкім мектеп оқулығына саяси мәселені араластырмаған да жөн шығар. Бірақ Украинаның келісімінсіз Қырымның Ресейге күшпен қосылғаны анық ескертілуі керек, - дейді ол.

Оның айтуынша, «әлемде даулы аумақтардың қай мемлекетке тиесілі екендігі жөнінде оқулыққа жазғанда дауласушы тараптар мен халықаралық ұйымдардың ұстанымдары ескерілуі тиіс».

Оқи отырыңыз: Қазақстанның Қырым жайлы мәлімдемесін әртүрлі жорыды

2014 жылы көктемде Ресей Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алды. Сол жылы наурыздың 16-сы күні Ресей Қырымда референдум өткізіп, түбекті өз аумағына қосып алды. Халықаралық құқық нормаларына сай келмеген бұл шешімді Украина да, әлемдік қауымдастықтың басым бөлігі де құптаған жоқ. БҰҰ Бас Ассамблеясы Украинадан Қырымның бөлінуі туралы референдумды заңсыз деп танитын қарарды көпшілік дауыcпен сол наурыз айында қабылдады. Осы жиында Армения, Беларусь, Боливия, Венесуэла, Зимбабве, Куба, Никарагуа, Ресей, Сирия, Солтүстік Корея мен Судан ғана референдумды заңды деп танитынын білдірген. Дауыс беру кезінде Қазақстан қалыс қалды.

XS
SM
MD
LG