Accessibility links

Ресей қауіпсіздік қызметінің өкілдері аннексияланған Қырым түбегінде тұратын украиналық екі журналистің үйін тінткен. Бақылаушылар бұл әрекетті даулы аймақтағы саясаттың бір бөлігі ретінде қарастырады.

Украинаның Қара теңіз жағалауындағы түбегі Қырымды Ресей өзіне қосып алғаннан бері бір жыл өтті. Қазіргі ресейшіл Қырым үкіметі елдегі тәуелсіз журналистерді сөйлетпеуге тырысады.

ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ҮЙІН ТІНТУ

Өткен аптада Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметкерлері (ФҚҚ) Қырым астанасы Симферопольде Журналистік зерттеу орталығының екі журналисінің үйін тінткен. 2014 жылдың наурызында Қырым Ресей иелігіне өткен соң Журналистік зерттеу орталығы Киевке ауысуға мәжбүр болды.

Наурыздың 13-і күні Нью-Йорктегі Журналистерді қорғау комитеті бұл тексерісті «репрессиялық әрекет» деп атап, Қырымдағы жағдайды жария еткен журналистер былтырдан бері «қудаланып, шабуылға ұшырап, тұтқындалып, қамалды, құрал-жабдықтарын тәркіледі» деп мәлімдеді.

Журналист Наталья Кокоринаның мәлімдеуінше, ФҚҚ өкілдері оның ата-анасының үйін тінткен. Наурыздың 13-і күні таңғы сегізде Кокоринаға біреу қоңырау шалып, пәтерге дереу келуді бұйырған.

Журналист Наталья Кокорина.

Журналист Наталья Кокорина.

- Хабарласқан адам "полиция қызметкеріміз" деді, - дейді Кокорина Азаттық радиосына, - Ата-анам тұратын және мен ресми тіркелген пәтердің есігіне сүргі салдық деді. Ал ата-анамның телефоны өшіп тұрды.

Ал Кокоринаның өзін кейін оны тұтқындап, алты сағат бойы тергеген.

«Наташа Қырымдағы түрлі мәселелерді зерттеп, жемқорлық, биліктегі ұрлық пен орыстардың басқыншылығына қатысты мақалалар жазды» дейді Журналистік зерттеу орталығының негізін қалаушы Дмитрий Гнап. «Ол басқа әріптестерімен бірге көптеген материалдарды жасырын әзірлеуге мәжбүр болды» деп жазды ол Facebook парақшасына.

Сол күні ФҚҚ қызметкерлері тағы бір журналист Анна Андриевскаяның да ата-анасының үйін тінткен. Андриевскаяның өзі ол пәтерде 10 жылдан бері тұрмайды. Ал Қырымға соңғы 10 айда бармаған. Ол Facebook парақшасына ФҚҚ өкілдері әкесіне көрсеткен құжаттарда журналистті «Ресейдің Қырымды басқаруына қарсы шығуға шақырады» делінген екен.

Оның айтуынша, тінту кезінде әкесінің компьютері мен флешкасын алып кеткен. Қырым Ресейге қосылған соң Андриевская «Аргументи недели – Крым» газетінде жұмыс істеді. Бірақ газет басшылығы Қырымдағы қазіргі билікті сынауға тыйым салған соң ол жерден кетті.

ҚЫРЫМДАҒЫ РЕПРЕССИЯНЫҢ БІР КӨРІНІСІ

Қазір Анна Андриевская Азаттықтың Украин қызметінде жұмыс істейді. Қырымдағы Ресей құқық қорғау мекемесінің өкілі жағдайға қатысты еш түсінік бермеді. ІІМ-нің жергілікті өкілі Дмитрий Полонский журналистерді тұтқындау туралы ештеңе естімегенін айтты.

Кокоринаның қорғаушысы Жемил Темишев Азаттық радиосына сұхбат беріп, Натальяға Журналистік зерттеу орталығында жариялаған мақалаларына қатысты сұрақтар қойғанын айтты. «Дәл қазір бәрін толық баяндай алмаймын. Тергеуден соң нақты айып тағылмады. Натальяға қауіп төніп тұр деп айта алмас едім» деді ол.

Журналист Анна Андриевская.

Журналист Анна Андриевская.

Еуропа қауіпсіздік және ынтамақтастық ұйымының сөз бостандығы жөніндегі өкілі Дуня Миятович наурыздың 13-і күні мәлімдеме жасап, «Қырымдағы тәуелсіз журналистерді қорқытып-үркітуді» сынады. Оның пікірінше, «Қырымның қазіргі билігі тәуелсіз БАҚ өкілдеріне сес көрсетіп, адам құқық елеулі бұзып келеді».

Қырым татарлары Межилисінің жетекшісі Рефат Чубаров Азаттыққа Қырымда репрессияның күшейіп келе жатқанын жеткізді. Қазіргі билік түбекке келуге тыйым салғандықтан, Чубаров Киевте тұрады.

«Олар Қырым татарларына, журналистерге, кәсіпкерлерге – бәріне тиісіп жатыр. Киевте отырғандар соларға көмектесу үшін, олардың отбасын қорғау үшін қолдан келетін шараларды істеуге тиіс. Қазір біздің қолымыздан келетіні – халықаралық журналистика мен адам құқын қорғау ұйымдарын барынша тарту» деді ол.

Осы айдың басында Freedom House ҮЕҰ баяндама жасап, Қырымның қазіргі билігін «Қырым түбегін ақпараттық геттоға айналдыру үшін жұмыс істейді» деп айыптады. Олар «БАҚ бетінде Қырымды Ресейдің бір бөлігі деп жазғандары үшін бес жыл бас бостандығынан айыруға болады» деп ескертеді.

Аймақтағы барлық украиналық телеарналар жабылып қалды. Тек ойын-сауық арналарын ғана кабель арқылы көруге болады.

Иван Путиловтың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG