Accessibility links

Шағын бизнес өкілдері: Бизнесті қолдау үшін бөлінген қаржы кәсіпкерлерге жетпей жатыр


Сауда-өнеркәсіптік палатасының вице-президенті Серік Тұржанов.Алматы, 3 ақпан, 2009 жыл.

Сауда-өнеркәсіптік палатасының вице-президенті Серік Тұржанов.Алматы, 3 ақпан, 2009 жыл.

Қазақстандағы орта және шағын бизнес өкілдерінің айтуынша, дағдарыс салдарынан соңғы 1,5 жыл ішінде кәсіпкерлік деңгейі 70 пайызға түсіп кетіпті. Өздеріне бөлінген қаржылай көмекті күте-күте шаршаған бизнес өкілдері «жығылғанға жұдырық» болып отырған рейдерлік әрекеттерге де үкімет тосқауыл қойсын деп отыр.

Дағдарыстың ешкімді айналып өтпегені анық. Кәсіпкерлер дағдарыстың өз жеке шаруаларына ауыр тиіп жатқандықтарын айтып, үкіметке ұсыныстар жолдады.

-Біз қаржыландыру мәселелеріне алаңдап отырмыз. Президент тапсырмасы бойынша бөлінген қаржы әлі күнге дейін экономиканың нақты секторларына жеткен жоқ. Дағдарыстың етек алғанына 1,5 жыл болды. Бүгінгі күні үкіметтің бөліп отырған 1 млрд доллар көлеміндегі қаржысы бізге қажет қаржының оннан бір бөлігі ғана,- деді Сауда-өнеркәсіптік палатасының вице-президенті Серік Тұржанов.

Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Талғат Ақуовтың айтуынша, қаржының жоқтығы салдарынан елде жаппай бизнес ошақтары жабылуда.Шағын және орта бизнес республикадағы жұмыс орындарының 65 пайызын құрайтынын ескерсек, бұған үкіметтің неге жайбарақат қарап отырғанына таңдануға болады.

- Алматыда былтыр жылдың басында 69 мың кәсіпорын болған. Соның ішіндегі нақтылы жұмыс істеп жүрген белсендісі 14 мың болып шықты. Енді қарасақ, одан да екі есеге азайды. Мысалы, біздің қауымдастығымызға айына 30 кәсіпорын кіреді. Ал 15-20-ы қайтадан шығып жатыр. Кәсіпорындардың 90 пайызының жабылу себебі -жұмыстың жоқтығы. Ешқандай тапсырыс түспегендіктен кәсіпорын жұмысшыларына айлық төлеуге мүмкіндігі жоқ. Сонан кейін жабылуда.

Кәсіпкерлер сонымен қатар елдегі инфляция деңгейін ескере отырып, кәсіпкерлерге екінші деңгейдегі банктер арқылы берілетін несиенің де пайыздық көрсеткіштерін азайту керек дейді.

Үкіметтің бизнес иелеріне 14 пайыздық көрсеткішпен бермек болып отырған несиесі де аса қолайлы емес. Кәсіпорын аяғынан тік тұрып кетуі үшін бұл көрсеткіш кем дегенде 7-8 пайызға дейін азайтылуы керек. Себебі, нақты сектор саласында іс жүзінде салық көлемі төмендетілген жоқ. Ал банктің проценттері өсуде,– дейді Серік Тұржанов.

Кәсіпкерлердің айтуынша, елдегі бизнестің бойына қан жүгіртудің өзге де шарттары бар. Атап айтқанда, бизнес иелеріне 2 жыл көлемінде салық каникулын беру, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың шығынын азайту, бизнес пен билік арасында делдал рөлін атқарып отырған мемлекеттік институттарды құруды тоқтату, кәсіпкерлерді ретсіз тексеруге жарияланған мораторийдің мерзімін келесі жылға дейін ұзарту т.б

Мораторий демекші, Қазақстан тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Талғат Ақуовтың айтуынша, кәсіпорындарды тексерудің тәртібіне қатысты бірде-бір құжат әлі күнге дейін дайын емес, Ал тексерістер болса жиілеуде дейді ол.

–Жаңа жылдан бастап, тексерістер қайтадан басталды. Күн сайын Алматыдан, аймақтардан телефон соғып сұрап жатады. «Не істейміз? Мораторийді соза ма, әлде оның мерзімі бітті ме? Оның мерзімі бітсе, онда біздің де біткеніміз» дейді. Бір жылдың ішінде бірде-бір нормативтік құқықтық акт дайындалған жоқ. Бірде-бір заңға өзгерістер енгізілген жоқ. Тексерістің тәртібі қандай болуы керек? Шағын және орта бизнес кәсіпкерлерінің құқықтары қандай т.б сұрақтар әлі күнге дейін бұлыңғыр болып отыр.

Бұған қоса елдегі бизнес өкілдері жеке кәсіп иелерін жеңнен тартып, аяқтан шалып отырған рейдерлік әрекеттерге де наразылық танытады. Олар банктер арқылы жұмыс жасайтын аталмыш құбылыспен күресуге президент пен үкіметтің өзі араласауы керек деп санайды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG