Accessibility links

Сарапшылар әлемдік қаржы дағдарысы алдағы жылы артпаса кемімейді дейді


Сергей Грисюк - "Аспандау" қорының басқарма төрағасы. Алматы, желтоқсан, 2008 жыл.

Сергей Грисюк - "Аспандау" қорының басқарма төрағасы. Алматы, желтоқсан, 2008 жыл.

Алматыдағы «Аспандау» ғылыми білім беру қорының мамандары әлемді қамтып отырған дағдарыс жақын күндері аяқтала қоймайды, ал оның туындауына себеп болған ақша көлемінің артуымен мамандар күресіп отырған жоқ деп есептейді .

«Аспандау» ғылыми білім беру қоры мамандарының таратқан дерегіне сүйенсек, 2008 жылы әлемдік ЖІӨ 64-65 трлн АҚШ долларын құраған. Ал әртүрлі қаржы құралдарының құнын қолма-қол ақшамен бірге есептегенде 500 трлн доллар шығыпты. Айналымда артық ақшаның пайда болуы, монетарлық саясаттың дұрыс жүргізілмеуі ақырында әлемдік экономиканы тығырыққа тіреді. Бүгінде қаржы дағдарысы деген атауға ие дағдарыстың түрімен күресу үшін тағы да ақша бөлу отқа май құйғанмен тең дейді олар.

Сөйтіп, осындай түйін жасаған аталған қордың мамандары сонымен бірге төмендегідей дерек келтіреді. 2008 жылдың күз айларында ЕуроOдақ дағдарыспен күресуге 2 трлн еуро бөлсе, АҚШ шамамен 1 трлн доллар бөліпті. Ал жаңадан сайланған АҚШ президенті Обама тағы 7 трлн бөлуді жоспарлап отырған көрінеді. Мұның барлығы дағдарысты одан әрі тереңдете түсетініне сарапшылар сенімді.

- Әлемдік экономикада айналымда жүрген тауарлық құны жоқ ақша массасы өзінің қызметін атқарудан қалды. Ең әуелі - құн өлшеуші қызметін жоғалтып алды. Ал егер электронды ақша түрін алатын болсақ, онда олардың құны мүлде төмен. Бұл қағаз ақшаларды шығара беруге болады, бірақ тек белгілі бір уақытқа дейін ғана. Соңғы он жылда үкімет қаржылай несиелік әрекеттерді қалай болса солай, жоспарсыз жүзеге асырды. Қазір туындап отырған қарама қайшылық соның жемісі, - дейді «Аспандау» ғылыми білім беру қорының басқарма төрағасы Сергей Грисюк.

Аталған елдер мәселені байыптамай, осы бағытын өзгертпесе ,онда әлемдік қақтығысқа дейін алып келуі мүмкін деген қаупін де жасырмайды сарапшы. Бұл дағдарыс - шынайы экономиканың заңдарын бұзғаны үшін келген зауал дейді ол. Аталған қордың мүшесі Қанат Нұров қор төрағасының сөзіне қосыла келе, дағдарыстың алдын алу үшін ақша айналымы мен тауар айналымы қатынасы тепе-тең болуы керек деп есептейді:
Алматыдағы Жоғары басқару мектебінің директоры Қанат Нұров. желтоқсан, 2008 жыл

- Қазақстан үшін дағдарыстан шығуда ең басты мәселе - банктердің сыртқы қарызын өтеу мәселесі. Егер банктер ол қарызды өтей алмаса, ол екінші мәселеге алып келеді. Жылжымалы мүлік нарығына әсер етеді. Әлемдік нарықта шикізат бағасының төмендеуі де ел экономикасы үшін жағымды әсер етіп отырған жоқ. Дағдарыстан шығудың жолы банктердің сыртқы қарызын төлеуге атсалысу. Бұл әрине, оңай емес. Бұған қоса Қазақстан шетелдік қарыз берушілердің алдында сенімін жоғалтып алды. Бұл да кедергі.

Сарапшылардың бұл пікірін құптаған экономист Бейсенбек Зиябеков бұл тұрғыда мынадай ой білдірді:

- Біз көбіне соңғы кезде өндіріске көңіл бөлмей, тек ақша мәселесін өндірістен бөліп алып қарастырудамыз. Ақша көлемі ғана көп мәселені шешеді, нарық өзін-өзі реттейді деп ойладық. Нарық өзін-өзі реттеуге қауқарсыз. Ол үшін мемлекет микроэкономикада қатал саясат жүргізу керек. Экономиканың мақсаты – халықтың тұрмысын жақсарту, сол елдің егемендігін сақтау қалу деп есептеймін. Ұлттық шеңберде алсақ, біз нарықты мемлекет деңгейінде өте қатал реттеуіміз керек.

Мамандардың айтуынша, аталған экономикалық доктринаны өзгерту дағдарыстан құтылудың бастапқы қадамы болмақ. Әзірге бұл тұрғыда еш қимылдар білінбейді. Соған қарағанда дағдарыс әлі тереңдей бермек дейді олар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG