Accessibility links

Құрылыс компаниялары үлескерлерінің күдігі мен қорқынышы ұлғайып барады


Үйлестіру кеңесінің «Еуразия» қонақ үйіндегі митингісі. Алматы, 27 қаңтар, 2009жыл.

Үйлестіру кеңесінің «Еуразия» қонақ үйіндегі митингісі. Алматы, 27 қаңтар, 2009жыл.

27 қаңтар күні 7 құрылыс компаниясы үлескерлерінің бастамашыл тобынан құрылған Үйлестіру кеңесі жиналыс өткізді. Олар «біздің мәселеміздің түп-төркіні қаржы дағдарысы емес, құрылыс олигархтарының тойымсыздығы мен жемқорлық жайлап алған шенеуніктердің конституциялық құқықты белден басуы» деп, билікке кезекті үндеулерін жолдады.

«Еуразия» қонақ үйінің тар залына бас аяғы 7 құрылыс компаниясының жүздеген үлескерлері мен бастамашыл тобы жиналып, әркім бастарына түскен жағдайларымен бөлісті. Олар мұны ғимарат ішіндегі жабық митинг деп атады.

«Қуат», «Ақ ауыл», «Алматыинвестстрой», «Верный.kz», «Спецстальснаб» сияқты құрылыс компаниясы басшыларының мойнында мыңдаған қарапайым адамдардың көз жасы бар екенін жеткізген үлескерлердің бастамашыл топ өкілдері көпшілікке араша бола алмаған билікті де кінәлады. «Қазір осы сияқты ауасы тар бөлмеде отыруға мәжбүрміз, бірақ жаз түссе, көшеге де шығамыз» деген «Алматыинвестстрой» құрылыс компаниясының бастамашыл тобының жетекшісі Элмира Айсабаева үлескерлер біріккенде ғана олардың үні билікке жететінін айтады.
Элмира Айсабаева - "Алматыинвестстрой" құрылыс компаниясы үлескерлері тобының жетекшісі. Алматы, 27 қаңтар, 2009 жыл.


- Біздің бірлестікте 7 құрылыс компаниясы бар. Олардың әрқайсысының жағдайлары әртүрлі. Мысалы, біз «Алматыинвестстрой» компаниясы үлескерлерінің даулы боп жүргеніне 2,5 жыл болды. Біз көп «жетістіктерге» жеттік десек те болады. Сот та болды. Тергеу жұмыстары болды. Үкімет бізге ақша да бөлді. Сол ақшаның тып-тыныш банкте жатқанына 5 ай болды. Біз осы бірлестікті құрғанға дейін, митингті жариялағаннан кейін ғана барып, жұмыс аздап жүре бастады. Үкімет бізді сондай амалдарға баруға өзі мәжбүрледі.

Өткен жылдың қараша айында құрылған Үйлестіру кеңесінің негізгі мақсаты айғайлап көшеге шығу емес, билікпен конструктивті диалог жүргізу екенін ескерткен кеңес мүшелері, алайда биліктің оған дайын еместігін де жеткізді.

Сондай ақ, жиналғандар өздерінің осындай мәселеге тап болуына қаржы дағдарысы емес, жекелеген шенеуніктердің тойымсыздығы кінәлі деп есептейді.. Ал депутаттар өздерінің сайлаушыларының мүдделерін қорғауға дәрменсіз екенін баса айтты. Кеңеске келген «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметов үлескерлер мәселесінің жақын күндері шешілмейтінін айтады. Ал үлескерлер алдында тұрған қорқыныш Ұлттық қордан бөлінетін қаржының мақсатқа сай жұмсалмай қалуы дейді ол.

- Үлескерлер дауында құрғақ сөздер тым көбейіп кетті. Нақты әрекеттер жоқ. Билік жағынан жақсы нәрселер істелініп-ақ жатыр. Ақша бөлініп жатыр. Ол дұрыс. Бірақ біздің қорқып жүргеніміз бұлардың барлығы еш бақылаусыз жүріп жатыр. Қоғамдық ұйымдар тарапынан, халық арасынан бақылаушылар болуы керек. Бөлінген ақша қалай жұмсалып жатыр? Біз білмейміз.

Үлескерлер дауының ушығып келе жатқанына міне, екінші жылдың жүзі боп барады. Мамандардың айтуынша, осы уақыт аралығында үлескерлер арасында Алматыдағы әр шаршы метрі 2 жарым мың доллар тұратын баспанаға қолы жетіп, бақыттан басы айналған отбасылар өте аз. Десек те, жергілікті ақпарат құралдарында бар баспанасын банкке өткізіп, далада қалудың алдында тұрған мыңдаған қарапайым азаматтардың қалқасында жеке ісін өркендетіп алмақшы адамдар бар деген ақпарат жүр.

Осыдан бір апта бұрын ипотекалық несиесін төлей алмай, аштық жариялаушылар турасында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов қаңтардың 26-сы күні «Время» газетінің тілшісіне берген сұхбатында былай дейді.

«Иә, аштық жариялаушылар арасында жалғыз баспанасын банкке қойған адамдар бар. Бірақ олардың арасында айналымында миллион доллар жүрген кәсіпкерлер мен риэлторлар да бар болып шықты. Бір қызығы – мұндай адамдар әні-міні үйінен қуылуы мүмкін адамдардың тасасына тығылып, айғай-шу арасында өздерінің мәселесін шешіп алғысы келеді» делінген сұхбатта.
Мәселен, қала әкімінің орынбасары аштық жариялаушылардың бел ортасында жүрген «Халыққа баспана қалсын» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Эльмира Искакованың бір жарым жыл бұрын несиеге 37 млн. доллар алғанын, бұдан бөлек оның «Нұр-Риэлти-Эстэйт» ЖШС құрылтайшысы екенін жеткізеді.

Бұған жауап ретінде газет редакциясына Эльмира Искакова былай дейді:
- Мен 310 мың долларға несиеге 4 бөлмелі пәтер алдым. Мерзімі өтіп кеткен қарыз ретінде бәлкім, шамамен 400 мың доллар қарыз шығармын.

Ал қала әкімінің орынбасары егер «үрит, соқ» деп ұрандатып, көпшілікті соңғы шараларға дейін итермелеп жүрген адамдардың кесірінен қарапайым адамдар зардап шексе, жауапқа тартылатынын айтыпты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG