Accessibility links

Даулы аудандар мен баспаналар тұрғындары үкіметке ойлануға 15 күн мұрсат берді


Митингке қатысушылар тұрғын үй дағдарысының шешілуін талап етеді. Алматы,12 қаңтар, 2009 жыл.

Митингке қатысушылар тұрғын үй дағдарысының шешілуін талап етеді. Алматы,12 қаңтар, 2009 жыл.

Дүйсенбі күні Алматыда жер телімі мен баспана мәселелеріне байланысты наразылық митингісі өтті. Бұл салынған үйлері мен жер телімдерін көптеген жылдар бойы заңдастыра алмай келе жатқандардың наразылығы еді. Наразылыққа қатысушылар қала билігінен осы мәселені 15 күн ішінде шешіп берулерін талап етті.

Митинг әдеттегідей, ел көзінен тасалау «Сары-Арқа» кинотеатрының артында өтті. «Шаңырақ», «Құрылысшы», «Красный трудовик», «Ұлжан», «Ақбұлақ» сияқты басқа да көптеген мәселесі шешілмеген шағын аудандардың тұрғындарынан өкілдер жиналды. Олар бір ғана нәрсені: олардың жанайқайына биліктің мойын бұруын талап етті. Ол талап: жер телімдері мен баспаналарын рәсімдеу еді.

Сонымен бірге олар осыдан екі күн бұрын, 10 қаңтарда «Жер және баспанаға конституциялық құқықтарды қорғау жөніндегі халықтық комитет» құрғанын, биліктің немқұрайдылығынан шаршағандықтан, енді белді бекем буып, дегендеріне жетуді көздеп отырғандарын мәлім етті.


Осыған орай комитет басшысы Зәуре Нұрмұқанбетова былай деді:

- Бірнеше ондаған жылдар бойы біздің азаматтық және конституциялық құқығымыз аяқ асты болып келді. Үкімет мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын орындай алмай келеді. Сондықтан бұл мәселеге өзіміз белсенді атсалысуымыз керек. Сондықтан да Алатау ауданына қарасты 18 елді мекеннің 12-нің өкілдерінен қоғамдық ұйым құрдық.

Наразылыққа шыққандар митинг барысында резолюция қабылдап, оны билік орындары мен БАҚ- тарға таратты. Оның бірінші данасын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, екіншісін —Парламент депутаттарына жолдады.

Митингке қатысқан Қайырбек деген азамат: «Алматы қаласы мен Алатау аудандық әкімшіліктеріне талай бардық. Оларға сенім жоқ. Олар тоңмойын. Егер оларға жоғарыдан айтылса ғана, орындарынан қозғалады» дейді.

Резолюцияның мәтіні өте қатаң, онда осыған дейін биліктен талай қайғы–қасірет көргендері, егер шара қолданылмаса, оның тағы да қайталанатыны жазылған:

«Бұл мәселе 2006 жылды елді белгілі болған сойқанға соқтырды. Бірақ, үкімет одан сабақ алған жоқ. Қайта қаржы дағдарысы кезінде халықтың шыдамын сымдай тартып жатыр. Алайда, халықтың төзімі шексіз емес.


«Халықта өте зор әрі заңды сұрақ бар, бұл кімге тиімді, оның артында кім тұр?» деген сөздерді оқуға болады.

Одан кейін наразылық білдірушілер Алматы әкімінің орынбасары Долженковтың, жер қатынастары жөніндегі басқарманың бастығы Торғаевтың, Алатау ауданы әкімінің орынбасары Айтқасымовтың қызметтен кетуін талап етті. Бұл адамдар халық қамын ойлаудың орнына, оларға зиян әкелуде, - деді олар.

Митинг соңында осы айтылғандар 15 күннің ішінде орындалмайтын болса, АҚШ президенті Барак Обамадан Америка азаматтығын сұрайтындықтарын мәлімдеді. Сондай-ақ олар алдағы халық санағынан да бас тартпақшы.

Жиналған адамдардың көңіл-күйлерінен олардың баспаналары мен жерлерін заңдастыру машақатынан әбден шаршағандықтары білініп тұрды. Олардың көбі ең соңғы шараларға шақырды. Бірақ іштерінде биліктің әлі де болса халыққа мойын бұратынына сенетіндері де табылды.

XS
SM
MD
LG