Accessibility links

Дәріптелген зауытта дағдарысқа шағынады


"Локомотив құрастыру зауыты" жұмысшысы Станислав Никулин. Aстана. 29 маусым, 2015 жыл.

"Локомотив құрастыру зауыты" жұмысшысы Станислав Никулин. Aстана. 29 маусым, 2015 жыл.

Астанада локомотив зауытының жұмысшылары жалақының азайғанын айтып, кәсіпорын дағдарысқа ұшырады деп шағымданады. Зауыт басшылығы өндірістің "жартылай" жұмыс істеп жатқанын мойындады.

Астанада алты жыл бұрын салтанатпен ашылған локомотив зауытындағы жағдай мақтағандай болмай шықты. «Локомотив құрастыру зауыты» компаниясының жұмысшылары бас прокуратураға, кәсіподақтар федерациясы мен зауыттың бас компаниясы «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) басшылығына хат жолдап, кәсіпорындағы дағдарысқа шағымданды.

«МӘЛІМЕТТІ БҰРМАЛАУ»

Бірнеше беттен тұратын үндеуге 135 адам қол қойған. Жұмысшылар зауыттың шынайы жай-күйі туралы мәліметтер бұрмаланып отыр деп жазады. Олардың айтуынша, өткен жылдан бері өндіріп жатқан тепловоздар сатылмайды. Себебі «локомотив қозғалтқышы «еуростандартқа» сай келмейді» екен.

Жұмысшылардың айтуынша, 2014 жылдан бері зауыттың қаржылық жағдайы түзелмеген. Төртінші цех жұмысшысы Станислав Никулиннің сөзіне сенсек, зауыт ұжымдық шартқа сай тоқсандық және жылдық сыйақыны төлеуді доғарған және жалақыны қысқартқан. Соның кесірінен білікті мамандар жұмыстан кетіп жатыр. Жұмысшылардың шағымында келтірілген дерек бойынша, биылғы 10 маусымға дейін кәсіпорыннан 87 адам жұмыстан шыққан. Ал 2014 жылы 210 адам жұмыстан босаған. ҚТЖ да мұны растады.

Видео: Зауыттағы биылғы 29 маусымдағы наразылық.

- Сағаттарын қысқартқан соң жұмыстан шығуға ниет білдіргендер көбейді. 170 сағаттан 71 сағатқа қысқарды. Үшінші разряд – 60 мың теңге алып жүрсе, 71 сағатпен 25 мың теңге алады. Разрядтар жоғарылатылмайды. Бұны "Украинадағы соғыстың кесірі" деседі, болмаса "еуростандартқа сай келмеген тепловоздар сатылмай жатыр" деп жауап береді, - дейді Станислав Никулин.

Маусым айының соңында «Локомотив құрастыру зауытының» 50-ден астам жұмысшысы түскі үзіліс кезінде кәсіпорынның бас кеңсесінің алдына жиналды. Адамдар компания басшылығы кәсіподақ төрағасын қайта сайлауға мәжбүрледі деп наразылық танытты. Себебі мамыр айында ғана Людмила Яковлева кәсіподақ төрайымы болып сайланған еді.

Зауыт қызметкерлері сол кезде компания басшылығы кәсіподақ төрағасы етіп «өздеріне қолайлы адамды» - төртінші цех жетекшісінің айтуы бойынша Абзал Кенжеғалиевті сайламақ болған, солайша «жұмысшыларға қысым жасауды» жалғастыруды көздеген.

"Локомотив құрастыру зауыты" кеңсесі. Астана. 29 маусым, 2015 жыл.

"Локомотив құрастыру зауыты" кеңсесі. Астана. 29 маусым, 2015 жыл.

Сол кезде Азаттыққа мәселеге қатысты өз пікірін айтқан зауыттың экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті Әділбек Мақышев 600 адамның ішінен кәсіпорындағы тоғыз цехтың біреуінің ғана жұмысшылары наразылық білдірді деді.

- Тек бір цехтан түскен жазбаша шағым бар. Сол бойынша қазір жұмыс жүргізіліп, жауап дайындалып жатыр. Бұрын басшылыққа жіберілген ақпаратты «бұрмаланған» деуге болар, енді бәрі ресми түрде ұсынылады. Бұрын да жауап бергенбіз, ҚТЖ өкілдерінің өздері келіп, түсініктеме берді. Бірақ аталған цех жұмысшылары оған қанағаттанбады, - дейді Әділбек Мақышев.

ЗАУЫТТЫҢ «ЖАРТЫЛАЙ ЖҮКТЕМЕСІ»

Алты жыл бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы салтанатты жағдайда Қазақстанның үдемелі индустриалдық-инновациялық дамуы мемлекеттік бағдарламасы аясында локомотив құрастыру зауытын ашты. Қазақстандық БАҚ «бірегей» деп дәріптеген зауыт құрылысының жобасы «30 корпоративтік көшбасшы» үкіметтік жобасына енгізілді.

Астана күніне орайластырылған зауытты ашу салтанатында бұл зауыт "әлемдік General Electric компаниясымен бірігіп, ТЭ33А/АС Evolution тепловоздарын шығарады және өнімге сұраныс өте жоғары" деп мәлімделді.

Бірақ ҚТЖ келтірген сату туралы мәліметтер көрсеткендей, жыл өткен сайын зауытқа өнімді сату қиынға соғып барады. ҚТЖ ақпаратына сәйкес, кәсіпорын 2010 жылдан бері 289 тепловоз сатқан. Ал биылғы алты айда – тепловоздың небәрі 17-сі ғана сатылған.

Азаттық сауалына жауап берген ҚТЖ өкілі «қазіргі кезде өндіріс жартылай жүктемемен бетпе-бет келді. Себебі ішкі нарық толықтай қанағаттандырылған, ал сыртқы нарықта сұраныс аз» деді. Зауыт әкімшілігі адамдарды жұмыспен қамту үшін әрекет етіп, «қосымша жұмыс мөлшерін іздестіріп, жүк тасымалдау электровозына арнап вагон мен шанақ тетіктерін шығаруды» қолға алған.

ҚТЖ-ның хабарлауынша, зауытта «болашақта міндетті орындау үшін ұжымды сақтап қалу» мақсатында жартылай жұмыс уақытын енгізу туралы шешім қабылданған. Жұмысшылардың ешбірі қысқармаған.

Алматы облысындағы станциялардың бірінде темір жолда тұрған тепловоз.

Алматы облысындағы станциялардың бірінде темір жолда тұрған тепловоз.

ҚТЖ жауабында «жалақы мен тарифтік мөлшерлеме қысқартылмағаны» айтылады. Қайта керісінше, жұмысшылардың жалақысы өсе түскен. "Өткен жылдың қаңтарында жалақы – 7 пайызға, ал осы жылдың сәуірінде – 10 пайызға өсті" делінген компания жауабында. "60-тан астам жұмысшының біліктілік разрядын өсірдік" деген ҚТЖ ұжымдық шартта қарастырылған төлемдер «толық мөлшерде» төленіп жатыр дейді.

Өткен аптада рэнкинг пішімінде экономикаға мониторинг жасайтын Ranking.kz сайты Қазақстандағы ұлттық компаниялар «тұрақсыздық белдеуіне өтті», олардың биылғы бірінші тоқсандағы шығындары 18 миллиард теңгеге жетті деп жазды. Сайттың жазуынша, республиканың ұлттық компанияларының түсімі азайған, ал өндірістік емес шығындар артып барады. Ranking.kz зерттеушілері оны сыртқы нарықтағы конъюктураның нашарлауымен және несиелік міндеттеме көлемінің артуымен байланыстырады.

Мақаланы орыс тілінен аударған - Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG