Accessibility links

Астанада балет әртістері уәде етілген пәтерлерін талап етіп, наразылық бастады немесе президентті биге шақыру


Опера және балет театрының артистері жатақханаларында. Астана

Опера және балет театрының артистері жатақханаларында. Астана

Тұңғыш рет Астанадағы Күләш Бәйсейітова атындағы опера және балет театрында спектакль болмай қалды. Әртістер апатты жағдайдағы жатақханада тұратындарын, оның үстіне татымсыз жалақы алатындарын алға тартып наразылық білдіруде.

60 адамнан тұратын балет труппасы сахнаға шықпағандықтан, 9 қаңтар күнгі кешке болуы тиіс «Щелкунщик» балетінің билет құны көрермендерге қайтарылды.

Келесі спектакль «Баядерка» 18 қаңтарда болуы тиіс. Бірақ жатақханада тұратын әртістер ол балеттің болмауы мүмкін екенін айтады.
Балет әртістері Азаттық радиосы тілшісіне наразылық себебі туралы айта келіп, тұрмыс жағдайларымен таныстырды. Әртіс Бақыт Аңсабаев былай дейді:
Күләш Бәйсейітова атындағы балет театры жатақханасының сыртқы көрінісі. Астана,13 қаңтар, 2009 жыл


-Астанада тұңғыш рет ұлттық опера және балет театры ашылғанда шақыртумен келгенбіз. Ол кезде хореография училищесі түлектері қажет болды. Бәрімізге пәтер беруге уәде еткен. Тоғыз жылдан бері бар-жоғы бір адам ғана баспаналы болды, қалғандарымыз 4-5 адамнан жатақхананың тар бөлмесінде қысылып тұрып жатырмыз.

Бақыт Аңсабаев тар бөлмеде үш әріптесімен бірге тұрады. Бұған төзбеген екі әртіс кетіп қалған. Бөлмеде олардың буулы заттары толып тұр. Екі төсек қойылғандықтан үшінші, төртінші азамат жерге кезектесіп ұйықтайды екен. Кішкене ас ішетін үстелдің жанында электр плитасы тұр. Жалғыз шкафқа симаған киімдері жерде жатыр. Соған қарамай концертке киетін киімдерін ұқыптап іліп қойған.

Бақытпен бірге тұратын Бауыржан Мекенбаев пен Азамат Сатбеков және басқа әртістер де жағдайдың қиындығын, өмірге, творчествоға, жұмысқа құлықтары болмай жүргенін айтады. Жалақылары жартымсыз болғандықтан үйлену де оңай емес. Осында әртістерге үйленген достары ұзын дәлізде балаларын шулатып жүр. Олардың өз «концерттері» өзінде.
Бақыт Аңсабаев: құбырдың кенезесі тағы кеуіп тұр. Астана,13 қаңтар,2009 жыл.


Барлық бөлмелерден сыздың иісі шығады. Жаңа жылдың алдында ғана қырып, тазалағанымен қайтадан сызданып кеткенін, терезе алдының қарайып кететінін айтады. Елена Безбородова былай дейді:

- Менің жас балам болғандықтан сыз денсаулығына зиян келтіре ме деп қорқамын. Әр аптада хлормен жусам да иіс кетпейді. Ешқашан ыстық су болған емес. Жазда тіпті суық су да болмай қалады. Сонда да коммуналды шығындарымен қоса суық судың да ақшасын төлетеді. Бір бөлмеге 15 мың теңге /125 доллар шамасында/ төлейміз. Жөндеу жұмыстарын өзіміз жасаймыз.

Әртістердің сөзіне қарағанда жатақханада 9 жылдан астам тұрғандарға пәтер берілетіні туралы театрмен келісімшартта жазылған екен.
Бауыржан Мекенбаев пен Елена Безбородова үзілген үміттері жайлы айта келіп:

- Әрбір мемлекеттік мерекені асыға күтеміз. Кенет Республика немесе Тәуелсіздік күндерінде қуанып қалармыз деп. Үндемей жүріп жатырмыз. Наразылық білдіргендерді жұмыстан шығарып тастайды. Біз билегеннен басқа не білеміз, қайда барамыз. Бұрын үмітіміз бар еді, жақында театр басшылығы ешқандай баспана берілмейтіні жайлы айтты. Несиеге немесе мемлекеттік бағдарламамен үй алыңдар дейді. Айына 50 мың жалақымен біз қалай аламыз?

Әртістерге балалар бақшасы да жоқ. Орын алу үшін «әлдекімдерге» 1000 доллар беруің керек. Жекеменшік бақшалар айына 300-500 доллар сұрайды. Сондықтан дайындық кезінде ата-аналар балаларын ертіп жүреді.
Мадина Қадырманова мен Олжас Махамбетәлиевтердің Алина деген баласы туғанынан бастап дайындыққа қатысып жүр. Бірде кешке театрға алып барарда ол «Тағы жұмысқа барамыз ба, таңертең бардық қой. Кешке жұрттар үйіне қайтады емес пе?»- деп таңқалған.
Халықаралық конкурстардың лауреаттары Олжас Махамбетәлиев пен Мәдина Өнербаева.

Бақыт Аңсабаев Азаттық радиосының тілшісіне театр кәсіподағы ай сайын олардан 300 теңге жарна жинайтынын, сонда театрдағы 700 қызметкерден жылына 130 мың доллар жиналатынын айтады. Ал олар тек жаңа жылда ғана балаларға 300 теңгелік бір қорап кәмпит берген. Оның бағасы 2 доллардан сәл асады. Бақыт Аңсабаев театрда жершілдік жайлағанын және кәсіби шеберліктің жоқтығын айтады:

-Ешкім біздің мүддемізді қорғамайды. Театрдағылардың көбісі таныстықпен келген. Министрдің орынбасарларының туысқандары. Репертуар жаңаланбайды. Спектаклдер сапасыз. Оның үстіне бізде «өлі жандар» айлық алады.

Жатақхана 1963 жылы салынған. Бұрын медицина училищесіне қараған. Кезінде оны сүріп тастамақ болған. Оның бірінші қабаты түгелімен асхана,кафе, дүкен, шаштараз.

Бауыржан Мекенбаев пен Олжас Махамбетәлиев жас әртістерге әділетсіз қарайтынын айтады:

-Театр республикалық мәртебеге ие болса да, біз оны сезінбейміз. Көпшілігіміз халықаралық беделді конкурстардың лауреаттарымыз. Республикалық көлемде Гран-При жеңіп аламыз. Егер біз көптеген курстастарымыз сияқты шет елге кетіп қалсақ, жалдамалы жұмысшылар сияқты еденде ұйықтап бір бөлмеде алты адамнан тұрмас едік. Бірақ біз өз елімізде тұрып, жұмыс істегіміз келеді және өзімізге, яғни, өнер адамдарына лайықты көзқарас болса дейміз.

Театрдың прима-балеринасы Мәдина Өнербаева Азаттық радиосының тілшісіне өзінің бұрынғы бір әріптесінің Нұрсұлтан Назарбаевпен билегенін еске түсіреді:
Ұлттық опера жане балет театрының артисі Малика Айзарова. Астана, 8 наурыз, 2008 жыл.

- Біз министрлікке ұжым атынан хат жолдадық. Біз осы мәселемізді Нұрсұлтан Назарбаев білсе дейміз. Жаңа Астанада опера және балет театрының болуын қолдаған сол кісі. Менімен бірге менің әріптесім Малика Айзарова тұрды. Ол әйелдер күніне арналған мерекеде Назарбаевты биге шақырды. Билей жүріп, Назарбаев әртістің өмірі туралы білгісі келеді. Сонда Малика шенеуніктердің үйреткен талабы бойынша, тамаша өмір сүріп жатқанын айтқан. Сөйткен Малика қиындыққа шыдай алмай Алматыға қайтып кетті. Көбіміз балаларымыздың жолымызды қуғанын қаламаймыз.

Екі күн бойы Азаттықтың тілшісі Күләш Бәйсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының директорынан наразылыққа байланысты түсініктеме алмақ болғанымен орнынан таба алмады. Бүгін тағы да директор министрлікке, орынбасары тұрғын үй департаментіне кетті деген жауап алдық. Өз кезегінде, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қабылдау бөлмесіндегілер мәдениет комитетінің театрға жауапты директорының үкімет кеңесіне кеткенін айтты.
  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

XS
SM
MD
LG