Accessibility links

Астана циркінің директоры сот орындаушылары арқылы креслоға қайта жайғасты


Астанадағы цирк ғимараты. 17 сәуір, 2009 жыл

Астанадағы цирк ғимараты. 17 сәуір, 2009 жыл

Цирктің бұрынғы директоры Өмірбек Исабеков сот шешіміне сәйкес басшылыққа қайта келді. Осыған дейін директор болып істеген Бекболат Байсағатов әзірге апелляциялық соттың шешімі шыққанша, директордың орынбасары болып қалды.

Енді «Исабеков қайтып келсе, кетеміз» деген цирктің шығармашылық қызметкерлері «күшіміз жеткенше соңына дейін күресіп көреміз» деп белдерін бекем буып отыр.

Өмірбек Исабековтің Астаналық циркке бас директор болып қайта келуіне қарағанда мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың әмірі үстем болып шықты дейді цирк қызметкерлері.

Осыған дейін жазғанымыздай, Астананың Сарыарқа аудандық соты мәдениет департаментінің бұйрығымен орнынан кеткен Өмірбек Исабековті қайта қызметіне алу жөнінде шешім шығарған. Алайда, оны осы уақытқа дейін цирк қызметкерлері ғимаратқа кіргізбеген. Бұл жөнінде Астана әкімінің өзі тікелей тапсырма берген көрінеді.

Бірақ бір топ сот орындаушылары келіп, осыған дейін директор болып істеген Бекболат Байсағатовқа жұмыс бөлмесін босатқызып, оның орнына Өмірбек Исабековті отырғызып кетті. Ал Өмірбек Исабековтің өзі әзірге түсініктеме беруден бас тартты.

«Алдағы дүйсенбіде баспасөз мәслихатын өткізуді жоспарлап отырмын. Сонда мәселенің басын ашып айтамын», - деді Өмірбек Исабеков.

Ал цирктің шығармашылық ұжымының жартысы әзірге бұл жайттан бейхабар. Олардың біразы көрші елдерде гастрөлдік сапарда жүр екен. Астанада қалғандарының «төбелерінен жай түскендей» болды.

Олар кезекті рет жиын өткізіп, енді бірден кете салмаймыз, соңына дейін күресеміз деп отыр. Себебі, цирктің бұрынғы директоры мен ұжым арасындағы дау-жанжал туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялағаннан кейін цирктің біраз қызметкерлеріне қоқан-лоққы әрекеттері жасалыпты.Аттарын атағысы келмеген олар «Бұл сендердің соғыстарың емес. Тыныштық керек болса, бұған араласпаңдар» деген ескерту жасалғанын айтты.

- Өміріміздің шындығын да айтуға қорқып қалдық. Ертеңгі күні көшеде кетіп бара жатқанда ұрып-соғып не болмаса бірнәрсе істеп кетсе не істейміз? Біз сонда үндемей айтқанға көніп жүре беруіміз керек пе? Біз ұжым болып соңына дейін бірге болуға серт бердік, - дейді цирктің әртісі Ғабиден Еркінбек.

Астаналық цирктің бас үйлестірушісі Бақыт Жүнісова бір жарым жыл бойы түк істемеген Өмірбек Исабеков қайта келіп, бар істі тындырады дегенге сенбейтінін айтады.
- Бірінші басшы марқұм Балтабек Жұмағұлов цирк үшін жанын берді. Екінші басшы Исабеков келіп түк бітірмеді. Үшінші басшылыққа Бекболат Байсағатов келіп, ол бірден іске көшіп еді. Оған жұмыс істеткізбей отыр, - дейді Бақыт Жүнісова.

Ал әзірге Өмірбек Исабековтің шығармашылық жөніндегі орынбасары болып қалған Бекболат Байсағатов «егер апелляциялық сот бізді қолдайтын болса, бәрі өзгереді. Алдымызға қойған үлкен жоспарларымыздың барлығын жүзеге асырамыз» деп шығармашылық қызметкерлерді сабырға шақыруда.

Мәдениет департаменті Сарыарқа аудандық сотының шешімімен келіспей, қалалық сотқа шағым түсіріпті. Екі аптаның ішінде сот шешімі шығуға тиіс.

Ал әртістер болса, президенттің өзі тұсауын кескен Астана циркінің директорлық орынтағы тіреуі мықтының қолындағы қақпақылға айналғанын түсіне алмайды.
XS
SM
MD
LG