Accessibility links

«Артық» адамдар туралы фильмді көрсетті


Санкт-Петербургтен келген суретші Дмитрий Виленский көрермендермен сөйлесіп отыр. Алматы, 31 тамыз 2016 жыл.
Санкт-Петербургтен келген суретші Дмитрий Виленский көрермендермен сөйлесіп отыр. Алматы, 31 тамыз 2016 жыл.

Алматыда ресейлік «Исключенные. В момент опасности» («Аластатылғандар. Қауіп сәтінде») фильмінің ашық көрсетілімі болды. Фильм кейіпкерлері Қырым аннексиясынан кейінгі Ресейдегі жаңа саяси жағдайды зерделейді.

Санкт-петербургтік суретші әрі «Что делать» («Не істеу керек») шығармашылық тобын құрушылардың бірі Дмитрий Виленский Оңтүстік Кореяның Кванчжу қаласында өтетін халықаралық фестивальға бара жатқан жолда Алматыда бір күнге аялдады. Сәрсенбі күні кешке ол «Исключенные. В момент опасности» фильмінің ашық көрсетілімін өткізді. Бұл идеяны оған алматылық достары айтқан әрі қандай фильмді көрсетуді де солар таңдаған.

Көрсетілім алдында Дмитрий Виленский фильмге қатысты кей жайттарды түсіндірді.

– Фильм Ресей мәдениетінде баяғыдан бар «артық адамдар» дәстүрін жалғастырады. Бұл дәстүр оның «Аласталғандар» деген атауында да қамтылған. Оны ешқандай сценарийсіз, эксперимент түрінде 10 күнде, бірақ қатаң құрылыммен түсірдік. Біз кез-келген шығарма көп қатпарлы әрі жұрттың бәріне ұғынықты болуы тиіс деп санаймыз, – дейді ол.

ҚЫРЫМ МӘСЕЛЕСІ

Фильм түрі жағынан төрт арналы видеоинсталляция сияқты түсірілген, яғни төрт мониторда трансляциялануы тиіс. Бірақ техникалық мүмкіндік болмағандықтан фильмнің демонұсқасы көрсетілді, яғни төрт арна бір экранда трансляцияланды.

Фильмге «Что делать» тобының достары мен топтың өнер мектебі түлектері түскен. Барлығы 15 қыз-жігіт 12 эпизодтан тұратын фильмде құр гаджет шұқылаудан 2014 жылдың көктеміндегі Қырым аннексиясынан кейін Ресейде қалыптасқан саяси ахуалды зерделеуге дейін өседі. Дмитрий Виленскийдің сөзінше, олар азаматтардың «мән-мағынадан жұрдай әрі жымысқы соғысқа елігіп кеткенін, ой-пікір білдіретін алаңның жұрнағы да қалмай бара жатқанын, ал біздің қолымызда саясатқа ықпал ететіндей ешқандай тетік жоқ екенін» түсінеді.

Санкт-Петербургтен келген суретші Дмитрий Виленский. Алматы, 31 тамыз 2016 жыл.
Санкт-Петербургтен келген суретші Дмитрий Виленский. Алматы, 31 тамыз 2016 жыл.

Фильм финалына қарай Маша есімді бойжеткен «Ресей өлтіріп жатыр» деген ұранмен наразылық акциясына шығуға бел байлайды. Мұның ақыры оны соққыға жығумен аяқталады, сондықтан өзгелері мұны кім істеуі мүмкін деген сұрақтың жауабын табуға тырысады. Бұл аула сыпырушыдан бастап Машаның әке-шешесіне дейінгі көп адамдардың әрекеті болуы мүмкін екені анықталады.

Фильм кейіпкерлері – қазір Ресейде «ұлтшыл-сатқындар» деп атайтын өзгеше ойлайтын жандар. Жұрттың көбі соғысты қолдайтын қоғам оларды қабылдамайды. Бірақ Дмитрий Вилинскийдің айтуынша, 50-100 жылдан кейін әлгі адамдар қоғам мойындаған тұлғаға айналатынын тарихи тәжірибе көрсетеді.

Алматыдағы фильм көрсетіліміне 20 шақты көрермен келді. Қазіргі заман өнері жанры суретшісі Александр Угай фильмнен алған әсерлерімен бөлісті.

– Маған фильмнің формасынан гөрі, мазмұны көбірек ұнады. Қоғамдық өмірдің бір бөлігі болғандықтан, мұндай фильмдер өнерді әлеуметтендіру үшін керек. Мұндай жұмыстар арқылы байланыс орнап, жаңа мән пайда болады. Бізде де видеоарт бар, бірақ оның формасы да, мазмұны да өзгешелеу. Ұран сөздері бар, саясатты тікелей сынайтын мұндай дидактикалық туындылар бізде жоқ, – дейді ол.

СОЛШЫЛ ПЛАТФОРМА

Көрсетілімді ұйымдастырушылардың бірі Мария Вильковиская фильм неліктен алматылықтардың қызығушылығын тудыруы тиіс екенін айтады

– Фильм Қазақстанда онша дамымаған солшыл өнермен таныстырады. Ал солшыл өнер дегеннің не екенін жұрттың көбі білмейді. Бізде Қазақстанда өнер саясаттан ығыстырылған, өйткені қоғамның өзі саясаттан тыс. Ал «Что делать» тобының айқын саяси платформасы – солшыл платформасы бар. Бұл – солшыл өнер, – дейді ол.

Алматыда солшыл өнер жанрына екі жыл бұрын «партизандық кино» манифестін жариялап, «Шлагбаум», «Қаратас ауылындағы оба» фильмдерін оның принциптері негізінде түсірген жас кинорежиссерлер мен сценаристер тобы шығармашылығын жатқызуға болады.

Топ сайтында «Что делать» мүшелері солшыл философиялық және саяси дәстүрді қайда зерделеп, жаңарту үшін 20-ғасырдағы озық ойлардың зор мәні барын мойындайды деп жазылған.

Фильмді өнер галереяларының бірінің жертөлесінде көрсетті. Алматы, 31 тамыз 2016 жыл.
Фильмді өнер галереяларының бірінің жертөлесінде көрсетті. Алматы, 31 тамыз 2016 жыл.

Алматыдағы көрсетілім алдында Дмитрий Виленский «Что делать» тобы 2003 жылы құрылғанын айтты. Оның сөзінше, топтың болашақ мүшелері өнерде қалыптасқан жағдайдан, сол кездің өзінде байқала бастаған, ал қазір тіпті құбылысқа айналған консерватизмге оралудан әбден «шаршаған».

– Біз бұған бірге жұмылып қана әрі мәдениет идеологиялық күрес алаңы екенін түсіну арқылы ғана қарсы тұруға болады деп ұйғардық. Совет өнеріндегі авангард ағымдарды, 1960 жылдары, қайта құру кезінде пайдалана алмаған мүмкіндіктерді құтқаруға үлкен мән бердік. Сондықтан әлдебір дүниелерді құтқарып қалдық деп үміттенеміз, – дейді ол.

Топ 14 жыл ішінде 25 фильм түсіріп, газеттің 45 санын шығарған, 50 театр қойылымын таныстырған. «Что делать» тобына суретшілер, философтар, ақын-жазушылар кіреді. Топ бұған қоса еліктіру өнері мектебін де құрған. Бейтараптыққа, жалпылама (абстрактылы) білімге орын жоғы оның атауынан да байқалады. Топ мүшелеріне «әлемде өз ұстанымың болуы тиіс» деген талап қойылады.

Дмитрий Виленскийдің сөзінше, топтың өнер мектебіне сан қилы адамдар келеді.

– Біз оларды мотивациялық дәрежесіне қарай іріктейміз. Оған қоса біздің саяси ұстанымымыз берік. Сондықтан бізбен пікірлес болмаса да, ортақ кеңістікті бөлуге әзір, яғни өнер байлар үшін емес, баршаға ортақ дүние екенін түсінетін жандарды қабылдауға тырысамыз, – дейді ол.

Мектепте перфоманс, ұжымдық шығармашылық түрлеріне, қоғамдастық қалыптастыруға үлкен мән беріледі. Мектептегі оқу – бір жыл. Оның жұмысы көбінесе ТМД елдері азаматтарына арналған. Шеттен келгендер баспана, стипендиямен қамтамасыз етіледі.

XS
SM
MD
LG