Accessibility links

"Шынайы дауысты бағалаған халықтың бізбен бірге ән айтқанынан асқан бақыт жоқ"


"МузАрт"-тың кеңейген құрамы. Алматы

"МузАрт"-тың кеңейген құрамы. Алматы

Қазір қазақ эстрадасының көгінде жұлдыздары жарқырап тұрған ән де, әнші де көп. Десек те, өнер сүйер қауым үшін "МузАрт" тобының алатын орны ерекше. Бүгін "МузАрт"-тың әншілерінің бірі Сәкен Майғазиев Азаттық радиосында қонақта.

Құрылғанына 7 жылдың жүзі болған топтың бүгінде алыс жақын шет елдерде де өз тыңдармандары жетерлік.
МузАрт тобының әншісі Сәкен Майғазиев

Мұндай ерекше ілтипатты топтың 2008 жылы көрермен алдында қойған есеп беру концертінен де байқауға болатын еді. Ол жолы Мұзарт тобының жігіттері жоспарланған 1 күннің орнына мыңдаған көрерменнің сұрауы бойынша 3 күн бойы сахнадан түспеген еді.

"МузАрт" тобы 2001 жылы сәуір айында құрылған болатын. «МузАрт» - көне түркі тілінен шыққан, «УЗ» – сал, сері, тағы сол сияқты ер азамтақа тән қасиеттерді, ал «АРТ» - биік, шың, тау деген мағынаны білдіреді. Құрылғанына 7 жылдың ғана жүзі болған топтың бүгінде Қазақстанмен қатар алыс - жақын шет елдерде де өз тыңдармандары, қолдаушы, қолпаштаушылары жетерлік.

Топтың мүшесі Сәкен Майғазиев алғашқыда жастық жалын жетегінде құрылған "МузАрт"-тың жетістігі бүгінгідей болады деп ойламаған да едік дейді - Ең алғашқы орындағанымыз Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Қанат Ибраимовтың «Сенің көзің» деген әні болды. Ол әнді біз студент кезімізде жатақханадағы кештерде айтып жүрген едік. Алдымен сол әнді көпшілік тыңдарманға ұсынып көрейік деп шештік. Ән ұнап, халық жақсы қабылдап жатса жұмысымызды жалғастырармыз. Ал көңілден шықпаса, жылы жауып қоя салармыз деп ойлағанбыз. Бірақ көпшілік ол әнді жақсы қабылдап, одан кейін Нұрғиса Тілендиев атамыздың Қадыр Мырзалиевтың сөзіне жазылған «Өз елім» деген әнін жаздық. Ол менің ойымша, көп жастарға шабыт беріп, патриоттық сезімін оятқан шығарма болды.

20003 жылы Мұзарт тобы «Өз елім» атты алғашқы жеке концертін берген болатын. Құрамына Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Беспаев және Мақсат Базарбаев кірген топ барша Қазақстанға танымал болғаннан кейін, 2004 жылы алғашқы шет елдік сапарларын бастады. Ал 2006 жылы Туркияда өздерінің жеке концертін беріп келді. Одан бері де Мұзарт тобында біршама өзгерістер орын алды.

- 2005 жылы біздің тобымызға Кенжебек Жанәбілов келді. 2008 жылы тобымыз толықты, енді біз «МузАрт» вокалдық-аспаптық ансамбліміз. Ортамыз кеңейді. Бізге деген тыңдарманның талап-тілегі де күшейді деп ойлаймын. Өйткені бір орында тұра бермеуіміз керек. Шынайы дыбысқа көшуіміз керек, биік - биік белестерден көрінуге талпына беруіміз керек деп есептейміз.
МузАрт тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов


Сәкеннің пайымдауынша, бүгіндегі қазақ эстрадасындағы әндер ертеңгі ұрпаққа асыл мұра болып қалу үшін кез келген әнші көп еңбек етуі қажет. Осы мақсатта, қолға алған туындыға салғырт қарамау керек. Бізде қазір бір рет жарқ етіп, ертесінде-ақ ұмыт болып жататын ән де, әншілер де кездеседі. Осыған орай, әр өнер иесінің, біздің әрқайсысымыздың төрешіміз уақыт пен тыңдарман екендігін ұмытпаған жөн екендігін айтқым келеді дейді Сәкен Майғазиев

- Біреулерді сөге-жамандаудан аулақпыз. Алайда бүгінгі әншілердің арасында қаншама мыңдап ақша жұмсап клип түсіріп жатқандарын байқаймыз. Менің ойымша, әншілер Қазақстанның кез келген аймағына барып, тірі дауыспен концерт беріп, толған зал жинай алса, оның еңбегінің ақталғаны. Бұл жерде бар мәселе, теледидар мен радиодан тоқтамай көрсету немесе көшеден қолтаңба таратқанда ғана емес. Мәселе шынайылықта, тазалықта, халықтың берген бағасында.

2006 жылы «МузАрт»тобы мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты атағына ие болды. Mемлекеттік деңгейде бағаланып жатқанымызға әрине қуаныштымыз, дегенмен де біздің ең басты сыншымыз қарапайым тыңдарман қауым екендігін ұмытпаймыз дейді Сәкен.

- Шыны керек қазақ эстрадасының алға жылжуы үшін көп нәрсені құрбан етіп жатырмыз десек те болады. Аспаптар алу, студия ашу, ешкімге керек болмай қалған жертөлелерде қайтадан жөндеу жұмыстарын жүргізу сынды жұмыстар аз қаражатты қажет етпейді. Алайда, бұл істің барлығы қазақ эстрадасын ың көкжиегін көркейту мақсатында істеліп жатыр. Біздің арамызда сахна арқылы байып кетеміз деген ешкім жоқ.

Қазақ эстрадасының шығар шыңы әлі алды деген Сәкен Майғазиев бүгінде осы салада оң дамудың байқалып келе жатқындығын айтады.

- Таза, шынайы дыбысты, ансамблдің қадірін түсінетін кез келеді деп ойлаймын. Халық әлі бағасын білмей жатыр. Бірақ, осы күнге дейін, концертпен біраз аймақты аралап қайттық, барлығы да риза. Біз үшін шынайы дауысты бағалап, халықтың бізбен бірге ән айтқанынан асқан бақыт жоқ.

Сәкеннің сөзіне қарағанда, өткен 2008 жыл «МузАрт» тобы үшін табысты жыл болды. - 2008 жылы көктемдегі 1 күнге жоспарланған концерттің үш күнге созылғаны, мен үшін, жалпы біздің топ үшін, ең үлкен жетістік. Сол кезде тіпті халықтың арасында 5 күнге созу турасында ұсыныстар болды. Бірақ өкінішке қарай Мейрамбегіміздің денсаулығы сыр беріп жүрген болатын. Сондай-ақ, Республика сарайын басқа да адамдар жалға алған екен. Сол себепті, біз үш күн ғана концерт бере алдық, бірақ сол үш күннің өзі есте қаларлықтай сәтті өткені біздің үлкен жетістігіміз деп білемін.
МузАрт тобының әншісі Мейрамбек Беспаев

Топ мүшелерінің әрқайсысының да жеке-жеке жыл жемістері де ауыз толтырып айтарлықтай. Алдыңғы жылы Мейрамбек қатты сырқаттанып қалған болатын. Елде және шетелде емделудің нәтижесінде ол сахнамен, көрерменмен қайта қауышты. Мейрамбек осы күнде өзінің жеке альбомын шығару үстінде екен.

- Қазір Мейрамбектің денсаулығы жақсы. Жеке үнтаспасын шығаруға Ташкент қаласына кетті. Құдай қаласа, наурызға қарай жарыққа шықпақ. Қызы Кәусәр көпшіліктің қуанышы болып өсіп келеді. Ал Кенжебк үйленіп, өткен жылы ұлды болды. Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Байтұрсынов аталарымыз сынды үлкен азамат болсын деген ниетпен, ұлының атын Ахмет қойдық. Ал менің ұлым Әділет биыл 11-ге келеді.

«МузАрт»-тың жігіттері бұл күндері Қытай мен Моңғолия елдерінен шақырту алып отыр. Сәтін салса, сол елдерге де барып, қазақ өнерімен таныстырып қайтамыз дейді топтың әншісі Сәкен Майғазиев.

- Бүкіл әлемге тарайтын Азаттық радиосы меніңше алыс жақын шет елдердегі тыңдармандармен арадағы алтын көпір болып отыр. Бір- бірімізге тілекші ғып біріктіріп дегендей. Алла Тағала барлығымызға денсаулық берсін, әлемде бейбітшілік болсын деп тілеймін. Сыртта жүрген барлық ағайындарға біз сіздермен біргеміз дегіміз келеді. Жақсы, әуезді, әдемі әндерімізді сіздер үшін шырқай береміз. Аман - сау болыңыздар.

-Сәкен, әңгімеңізге рахмет, алда сіздерге шығармашылық табыстар тілейміз.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG