Accessibility links

Кәсіпкер мен кеденнің арасындағы дау ушыға түсті


Алматы облыстық Кедендік бақылау департаментінің бастығы Құрманбек Артықбаев. Алматы, 25 қараша 2010 жыл

Алматы облыстық Кедендік бақылау департаментінің бастығы Құрманбек Артықбаев. Алматы, 25 қараша 2010 жыл

Бүгін Алматыда журналистер үшін арнайы жиын өткізген Алматы облысының Кедендік бақылау департаментінің басшылығы «Қорғас» кеден бекеті жемқорлыққа белшесінен батты» деген кәсіпкердің сөзі жалған деп мәлімдеді.


Жоғары лауазымды кеденшілер «Қорғаста» ешқандай жемқорлық жоқ деп санайды және «ұсақ-түйек» заңсыздықтармен күресіп жатқандарына сендіруге тырысады.

Кеше, қарашаның 24-і күні кәсіпкер Қанағат Тәкеева өзі жұмыс істеген «Қорғас» кеден бекетін жемқорлық жайлаған деген еді. Оның сөзінше, шекарадан өткен әр жүк көлігі ондаған мың АҚШ долларын «қара кассаға» төлеуі тиіс. Ол қаржы мемлекетке емес, базбіреулердің қалтасына түсетін көрінеді.

«КЕДЕН АҚШАНЫ КҮРЕКТЕП ТАБАТЫН ЖЕР ЕМЕС»

Алматыда бейсенбі күні өткен баспасөз жиынын Алматы облыстық Кедендік бақылау департаментінің басшысы Құрманбек Артықбаев бастады. Ол сәрсенбі, қарашаның 24-і күнгі кәсіпкер Қанағат Тәкееваның мәлімдемесіне қатысты жиналғандарын айтты.

- Бұл кісінің өзі елбасына жазған хатында айтып отыр, «менің қарызым көп, сол қарызымды қайтара алмаймын» деп. Бұл кісі «Қорғас» кеден бекетіне барсам ақшаға қарық боламын деп барған шығар, бірақ ол жерде ондай ақша жоқ жерде жатқан. Бұл кісінің сөз саптауына қарағанда, ана жерге барып сұраған, мына жерге барып сұраған, біреулер арқылы кірген. Мен енді ақшаны күректеп табамын деген оймен кірген ғой. Бар қарызымнан бір-ақ құтыламын деп. Кейін басқа жағдайды көргеннен кейін, ашынған адам қазір, міне, жала жабуға барып отыр, - деді Құрманбек Артықбаев.

Оның сөзінше, Тәкееваның ақпарат құралдарына мысал ретінде келтірген мәліметтері тіптен ақылға сыймайды.

- Бұл кісі «жиһаз өткізгеніме 52 мың доллар сұрады» деп айтып отыр. Бір көліктен 52 мың доллар шекарадан өткені үшін беретін болса, оның иесінде не қалады? Қазір Қытайдың ең арзан жиһаздарын алып келіп жатқан адамдардың көбісінің жағдайы жоқ. Мысалы, жеміс-жидек таситындардың алып жүрген тиын-тебені, көп болса, 100-200 доллар. Ал одан үлкендеу зат таситындар сәл ғана көп ақша табады. Сол ақшаның он есе көбін кеденшілерге беріп отырса, оларға не қалады сонда? - дейді Құрманбек Артықбаев.

Ол кеден территориясында ешқандай кедендік рәсімдеу жасалмайтынын, тек кедендік бақылау ғана жүзеге асырылатындығын айтты. Сондықтан мұнда қандай да бір пара беру немесе алу фактілері жоқтың қасы деп санайды.

«КЕДЕНДІ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІ ТЕКСЕРСІН!»

Айта кету керек, баспасөз мәслихатына кәсіпкер Қанағат Тәкеева да келген болатын. Алайда негізгі спикерлер – кедендік бақылау органы қызметкерлері кәсіпкерге сөз берген жоқ.

Дегенмен баспасөз жиынының соңында кәсіпкер Қанағат Тәкеева кедендік бақылау департаменті басшылығы өзінің айтқан сөздерін бұрмалап отыр дегенді айтты.
Қанағат Тәкеева, кәсіпкер. Алматы, 25 қараша 2010 жыл

- Менің сөзімді неге бұрмалап отырғанын түсінбеймін. Мен тағы қайталап айтамын, «Қорғаста» тек тауарды жеткізуді бақылау құжаты толтырылады. Алайда сол құжатты толтыру барысында әр жүк көлігі үшін төленетін соманың мөлшері келісіледі, - дейді.

Қанағат Тәкеева айтқандарын жоққа шығармақ болып, өзін пайда табуды көздеді деп айыптаған Құрманбек Артықбаевпен келіспей отыр.

Артықбаевтың кеденге ішкі істер министрлігінен ауысқанын атап өткен Қанағат полициядан қайыр жоқ дегенді айтады. Сондықтан бұл істі тергеуде тәуелсіз орган болып саналатын Ұлттық қауіпсіздік қызметінің қарауын қалайды.

- Менің арызым мен бұл істі ұлттық қауіпсіздік қызметі тексергенін қалаймын. Өйткені қаржы полицисы мені тыңдағысы да келген жоқ. Мен оларға өзімнің клиентімді де алып бардым, бірақ мені тыңдап, істі қозғаған ешкім болған жоқ. Менде дәлел жетеді. Менде кедендегілердің қалта телефоныма жіберген СМС-тері бар, диктофондағы жазбалары бар, - дейді Қанағат Тәкеева.

Осылайша екі жақ өз уәждерін жеке-жеке ортаға салды. Тәкееваның ақпарат құралдарына берген сұхбатының негізінде қазір Кедендік бақылау комитеті «Қорғас» кеден бекетінде қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Кеден бекетінің бастығы мен тағы екі қызметкер тергеу аяқталғанға шейін қызметтерінен уақытша шеттетілді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG