Accessibility links

Жалпыұлттық жиын өткізбекші жастар Кедендік одақты қауіп-қатер одағы деп бағалайды


Алматыда 11-сәуір күні жастардың алғашқы жалпыұлттық жиынын ұйымдастырушылар (солдан оңға қарай): журналист Инга Иманбай, Ұлан Шәмшіт – «Еркін интернет үшін» қозғалысының өкілі және Жанболат Мамай – «Рух пен тіл» клубының жетекшісі. Алматы, 6 сәуір 2010 ж

Алматыда 11-сәуір күні жастардың алғашқы жалпыұлттық жиынын ұйымдастырушылар (солдан оңға қарай): журналист Инга Иманбай, Ұлан Шәмшіт – «Еркін интернет үшін» қозғалысының өкілі және Жанболат Мамай – «Рух пен тіл» клубының жетекшісі. Алматы, 6 сәуір 2010 ж

Қазақстанда үштік Кеден одағына қарсы наразылық кең етек алып барады. Сейсенбі күні Алматыда бірқатар жастар қозғалыстарының өкілдері 11 сәуір күні Кеден одағына қатысты наразылық жиынын, жергілікті билік рұқсат етпесе де, өткізетіндіктерін мәлімдеді.


ЖАСТАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ЖИЫНЫ

Қазақстанның кедендік одаққа енуін – мемлекеттің тәуелсіздігіне төнген қауіп деп білетін бір топ жастар, алдағы жексенбі күні Алматыда жастардың алғашқы жалпыұлттық бейбіт жиынын өткізбекші.

Осы мақсатпен ақпан айында Алматы қаласы әкімшілігіне өтініш берілген екен. Алайда сейсенбі күнгі әкімшіліктен келген жауапта «өтініште ұйымдастырушыларға қатысты анықтамалар дұрыс көрсетілмеген» деген желеумен әкімшілік өз келісімін бермей қойды, -дейді «Рух пен тіл» клубының жетекшісі Жанболат Мамай.
Жанболат Мамай, «Рух пен тіл» пікірсайыс клубының жетекшісі. Алматы, 6 сәуір 2010 жыл.

- Тәуелсіздік –киелі ұғым. Бұл осы мемлекеттегі барлығымызға да қатысты. Сондықтан біз барлығымыз өз пікірімізді айтуымыз керек. Жиын барысында арандатушылық әрекеттердің барлығының жолын кесуге тырысамыз. Біздің басты мақсатымыз – митинг емес, біздің мақсатымыз – жастардың жалпыұлттық жиынын өткізу. Бұл бейбіт жиын, - дейді Жанболат Мамай.

Оның сөзінше бүгіннің өзінде билік тарапынан жастардың бұл бастамасын болдырмауға түрлі қадамдар жасалынып жатыр екен. Өздерін қолдаушыларға қысым көрсетіліп, қорқытып-үркітулер де болған. Алайда жастар өздерінің талаптарын ашық айтып, Кедендік одақтың Қазақстан үшін тиімсіз екендігін дәледемек ниетте.

Алматыда өткен баспасөз жиынында «жастардың алдағы жиынында – түрлі арандатушылық әрекеттерден 1986 жылғы алаңға шыққан жастардың тағдыры қайталанып жүрмесін» деген пікірлер де айтылды. Алайда ұйымдастырушылар алаңға жиналатын жастардың барлығы алдын ала ескертілгендігін айтып отыр.

- Алдағы жексенбіде алаңға әр азамат өзінің азаматтық позициясын білдіруге шығады. Және өздерінің құқыққорғау органдары тарапынан қудалануы мүмкін екендігін сезіп, біліп отыр. Біз де осы жиыннан кейін сотқа тартылатындығымызды жоққа шығармаймыз. Себебі қазірдің өзінде ескертулер болып жатыр, - дейді Жанболат Мамай.

БЕС ЖЫЛ КҮТЕ ТҰРАЙЫҚ

Айта кетсек, бұдан бұрын «Тәуелсіздікті қорғау» қоғамдық қозғалысы кеден одағына қарсылық үндеулерін билік тармақтарына бағыттаған болатын, оған тиісті бір жауап берілмей жатып-ақ осы қозғалыс атынан ақын Шаханов премьер-министр Мәсімов атына интернет арқылы тағы да ашық хат таратты.
Беларустың Ресеймен шекарадағы кедендік бекеті. 19 қаңтар 2010 жыл.
Сәуірдің 6-сы күні "Тәуелсіздікті қорғау" қозғалысының атынан ақын Мұхтар Шахановтың Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовке жолдаған ашық хатында Кеден одағына кіру мәселесін 5 жылға шегере тұру жайлы ұсыныс айтылған.

Оның пікірінше осы аралықта елдегі саяси жүйенің жетілуі мен экономиканы индустрияландыру мәселелері қолға алынуы керек. Үндеу авторлары «Асылында біз, Қазақстан әлемдегі өзге 150 мемлекет сынды Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі керек деп есептейміз» деп атап көрсеткен.

Қазақстан тәуелсіздігіне нұқсан келтірілуі мүмкін деп есептейтін «Тәуелсіздікті қорғау» қозғалысы премьер министрден бірқатар сұрақтарға жазбаша жауап талап етіп отыр.

Олар:

1. Кедендік одаққа енгенен кейін аталған үш мемлекетте бірыңғай валюта бола ма?

2. Одаққа мүше елдердің азаматтарында бірыңғай төрқұжат (паспорт) болады деп естідік, сол рас па?

3. Қазақстан, Ресей және Беларусь меммлекеттері арасында кеден бекеттері мен кедендік бақылау қала ма?

4. Кедендік одаққа мүше елдерде бірыңғай жұмыстық қолданыс тілі – орыс тілі болуы мүмкін бе?
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG