Accessibility links

Кеден комитеті: «Тәкееваның сөздері дәлелденбесе, оны сотқа береміз»


Қазақстан Кеден комитетінің ресми өкілі Ержан Байтана. Астана, 8 желтоқсан 2010 жыл.

Қазақстан Кеден комитетінің ресми өкілі Ержан Байтана. Астана, 8 желтоқсан 2010 жыл.

Кәсіпкер Қанағат Тәкееваның «Қорғас» кеден бекеті қызметкерлеріне байланысты мәлімдемелері дәлелденбесе, Кеден комитеті оны сотқа беруі мүмкін. Алайда, кәсіпкер әйел өз айтқандарының дәлелденетініне сенімді.


– «Қорғас» кеден бекетінің қызметкерлеріне жала жабылған болса Қанағат Тәкееваны сотқа береміз, – деп мәлімдеді Қазақстан Кеден комитетінің ресми өкілі Ержан Байтана желтоқсанның 8-і Астанада.

Кәсіпкер Қанағат Тәкеева «Қорғас» кеден бекеті қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттерге қатысы бар деп осыған дейін бірнеше рет мәлімдеме жасағанын Азаттық хабарлаған. Ал, Алматы облысының Кедендік бақылау департаментінің басшылығы кәсіпкердің айтқандары шындыққа жанаспайды деп, әлгі айыптауларды жоққа шығарған болатын.

Ержан Байтана қазіргі кезде Кеден комитеті кәсіпкердің айыптаулары бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын хабарлады.

– Қанағат ханымның арыздары бойынша Кеден комитеті жедел түрде тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Осы күнге дейін барлық брокерлік компаниялар мен ішкі саудаға қатысушы бизнесмендерден түсініктеме алынды. Олардың барлығы ондай келеңсіздіктердің жоқ екенін түсініктемелерінде жазды. «Қорғас» кеден бекетіндегі барлық қызметкерлер уақытша жұмыстарынан шеттетілді, – деді Ержан Байтана.

Кеден комитетінің ресми өкілі тергеу амалдары аяқталысымен оның
Кәсіпкер Қанағат Такеева журналистерге сұқбат беріп тұр. Алматы, 24 қараша 2010 жыл.
нәтижелерін хабарлауға уәде берді.

Кәсіпкер Қанағат Тәкееваның айтуынша, осы жылы жазда контрабандалық тауар тиелген жалпы саны 173 машина ұсталып, уақытша сақтау қоймасына аттандырылған.

– Бұл ақпаратты жеткізген адамдардың айтуынша, бірнеше күнге жалғасқан Астанамен келіссөздердің нәтижесінде бұл машиналар бір күннің ішінде жіберіліпті. Ал ол үшін 5 миллион доллар жұмсалған. Мұны осы операцияға қатысқан құқық органы өкілдерінің өздері айтып отыр, – дейді Қанағат Тәкеева.

Сейсенбі күні Алматыдағы ұлттық баспасөз клубының алдында тұрып журналистерге берген сұқбатында Қанағат Тәкеева Қорғас кеденіндегі заңсыз іс-әрекеттердің бір шеті Астанаға – президент әкімшілігіне апарып тірелетіні туралы мәлімдеген еді. Кәсіпкер өз айтқандарын дәлелдеу үшін тіпті халықаралық ұйымдарға дейін шағымданатындығын айтып отыр.

Сонымен қатар Қанағат Тәкеева Ресей және Белоруссия президенттеріне де хат жолдайтынын айтады. «Өйткені Кеден одағына біріккен елдер Қазақстанның кеден бекеттерінде болып жатқан жайттан хабардар болуы тиіс», – дейді кәсіпкер әйел.

Қазақстан, Ресей және Белоруссия бірлесіп құрған Кеден одағы биылғы шілде айынан жұмыс істей бастады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG