Accessibility links

СССР-ге қайта оралу немесе Кеден одағына «өз еркіңмен мәжбүрлеп» енгізу


Солдан оңға: Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей президенті Дмитрий Медведев Кеден одағына мүше елдер саммитінде. Мәскеу, 9 желтоқсан 2010 жыл.

Солдан оңға: Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей президенті Дмитрий Медведев Кеден одағына мүше елдер саммитінде. Мәскеу, 9 желтоқсан 2010 жыл.

Наурыз-сәуір айларында Кеден одағы мен Қырғызстан, Тәжікстан және Украина арасындағы интеграциялық үдерістер одан әрі дами түсті. Бұл жерде басты тізгінді қолына Ресей алды.


Бұл елдердің интеграциялық үдерістері мәселелерімен айналысатын саясаткерлер, экономистер сарапшылар Кеден одағына енудің тиімді және тиімсіз қырлары жайында көптен бері талқылап жатыр. Қырғызстандағы пікірталастардың нәтижесінде үкімет 11 сәуірде елдің Кеден одағына өтуі жайында шешім қабылдады. Украина мен Тәжікстанның Кеден одағына өту мәселесіне қатысты пікірталастар жалғасып жатыр.

Кеден одағы: БҮГІН ЖӘНЕ ЕРТЕҢ

АҚШ Орталық барлау басқармасы деректері бойынша, Кеден одағының қазіргі аумағы 20 миллион шаршы шақырым, ал халық саны 163,8 миллион адам көрінеді. Бұл ұйымға болашақта мүше болмақшы мемлекеттердің экономикалық байланыстары былай сипатталады: Кеден одағына мүше елдермен
Ресей премьер-министрі Владимир Путин (сол жақта), Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов (ортада) және Беларусь премьер-министрі Сергей Сидорский Кеден одағының сессиясында. Санкт-Петербург, 11 желтоқсан 2009 жыл.
Қырғызстанның сыртқы сауда көлемі 45 пайыз, Тәжікстан – 34 пайыз, Украина – 40 пайыз.

Егер өзге үш елдің Кеден одағына енуі туралы идея жүзеге асар болса, онда КО-ның кеңейтілген құрамының жер аумағы 20,9 миллион шаршы шақырым, халқы 222,1 миллион адам болады. Салыстырып қарайтын болсақ, Еуропалық одақтың жер аумағы бұдан бес есе аз да (4,3 миллион шаршы шақырым), ал халқы екі есеге (492,3 миллион адам) артық.

КО елдерінде энергетикалық шикізаттар мен өзге де пайдалы қазбалардың орасан қорлары бар екендігін есте ұстау керек, ал Еуроодақ елдерінде мұндай байлық жоқ. Бұдан бөлек, Кеден одағы елдерінің экономикалары дамушы экономикалар қатарына жатады және оларға өсу үрдісі тән. Әлемдік қаржы дағдарысы КО елдерінің экономикаларына да зиянын тигізсе де, олардың жағдайы біраз бөлігі банкроттықтың аз-ақ алдында тұрған Еуроодақ елдерімен салыстырғанда соншалықты жаман емес. КО елдерінен өнім экспорттаушы негізгі серіктес елдер – Германия, Нидерланды, Латвия, Польша, Франция, Италия.

«ЕРІКТІЛІК» ҚҰРАЛЫ

Өткен жылы Ресей Кеден одағы құрамына енбейтін мемлекеттер үшін мамыр айының 1-інен бастап мұнай өнімдеріне экспорттық баж салығын енгізіп, өзінше бір қадам жасады. Бұл кезде аталған одақ әлі жоқ болатын. Ішкі нарықтары Ресейдің жанар-жағар май материалдарына қатты тәуелді Тәжікстан мен Қырғызстан мұндай шешімнің ауыр соққысын бірінші болып сезінді. Мұнай өнімдеріне экспорттық баж салығының артуы бұл елдердегі тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуіне душар етті.

«Тізе батыру» әрекеті жемісін берді: өткен жылғы Астана саммитінде Эмомали Рахмон мен Роза Отунбаева Кеден одағына өтудің мүмкіндігін зерттеп көретіндіктері жайында бір ауыздан мәлімдеді. Қырғызстан, тіпті, Кеден одағына енудің мәселесін зерттеуге арналған жұмысшы тобын құрып тастады.

Өткен жылдың ортасынан бастап қырғыз билігі елдің Кеден одағына ену мәселелерін зерттеп, оның пайдасы мен зиянын саралай бастады. Одаққа енудің пайдасы мен зияны жайында сарапшылардың берген бағалаулары БАҚ-тарда жарияланды. Олар бірнеше жүздеген миллион доллар шамасында болды.

Мысалы, Қырғызстанның энергетика министрі Асқарбек Шадиев ресейлік жанар-жағар май материалдарын экпорттық баж салығынсыз әкелу арқылы елдің жыл сайын 400 миллион доллар үнемдейтінін есептеп шығарды. Қырғыздың «Кабар» агенттігі елдің Кеден одағына мүше болуына байланысты негізгі ауыртпалықтың қырғыз бизнесі мен халқына түсетіндігі туралы ескертулердің болғанын да хабарлайды.

Дәл осы кезде Қырғызстанның премьер-министрі Алмазбек Атамбаев Ресей тарапынан мұнай өнімдеріне кедендік баж салықтарының алынып тасталуы жөнінде келіссөздер жүргізумен болды. Тіпті, Қырғыздың жоғары басшылығы ресей билігінің көңілін табу үшін Тянь-Шань тауының бір шыңына Путиннің атын беріп, бұл шешімді Қырғыз парламентінде бекітіп те қойды. Сонымен бірге, Қырғызстан «Қырғызгаз» акцияларының 75 пайызын «Газпромға» және әскери өнім шығаратын «Дастан» зауыты акцияларының 48 пайызын Ресей жағына беруге уәде етті. Нәтижесінде әр тарап өз дегеніне жетті: мұнай мен мұнай өнімдеріне баж салығы алынып тасталды және КО-ға ену туралы өтініш те жасалды.

ТӘЖІКСТАН ЖОЛ АЙЫРЫҒЫНДА ТҰР

Тәжікстан бұрынғысынша жол айырығында тұр. Билік Ресей жанар-жағармай материалдарына кедендік баж салығын алып тастаудың әрекетін жалғастырып жатыр. Тіпті өткен жылдың соңында екі ел арасында баж салығын алып тастау жөнінде алдын-ала келісімге де келген, алайда Мәскеу түпкілікті шешім қабылдауды созып отыр.

Бұл мәселенің былайғы көзге көріне бермейтін астыртын кілтипандары да бар Тәжіктің оппозициялық жетекшілерінің бірі Рахматилло Зойиров: «Егер бүгін Тәжікстан шегініс жасап, «Айни» аэродромын Ресейге толығымен тегін берсе, осылайша екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың, оның ішінде жанар-жағар майға қатысты қарым-қатынастардың дамуына қол жеткізсе, бұл тиімді болар еді. Бірақ мұнда: Ресей бұдан ары қарай өзінің міндеттемелері мен келісімдерді тұрақты түрде орындауға қаншалықты құлықты болады деген кілтипан бар» деген мәлімдемесін «Неміс толқыны» радиосы хабарлайды.

Ресейлік «Независимая газетадағы» Виктория Панфилованың «Жанар-жағар май қысымы» атты мақаласында: «Импорттық алымның нөлдік ставкасына Кеден одағына ену арқылы келу керек. Оның үстіне Тәжікстан оған қосылу туралы ниет білдірді» деп айқын жазылған.

Дәл осы кезде, сәуірдің 1-інен бастап шикі мұнайдың бір тоннасы үшін кедендік баж салығының ставкасы 423 долларға дейін көтерілді; мамыр айында Ресей алым мөлшерін тағы жеті пайызға көтеруді жоспарлап отыр. Демек, Тәжік экономикасын алдағы уақытта жаңа соққылар күтіп тұр.

УКРАИНА ЕКІ ОДАҚТЫҢ АРАСЫНДА

Ресей премьер-министрі Владимир Путиннің Украинаға сәуір айында жасаған сапары, оның премьер-министр Николай Азаров пен президент Виктор Януковичпен жасаған келіссөздері негізінен газ бағасы мен Украинаның Кеден одағына қосылу мәселелеріне арналды. Ресей премьері Украинаның Кеден одағына ену арқылы 6-9,5 миллиард доллар көлемінде пайда көретіні жайында айтты. Ал Кеден одағы комиссиясының хатшысы Сергей Глазьев одан да асып түсіп, Украина алдағы 10 жылдың ішінде бюджетке қосымша 100 миллиард доллар алады деп мәлімдеді.

Украина тек газ бағасын төмендетіп қана қоймай, газдың Еуропаға өз аумағы арқылы тасымалдануын сақтап қалуға кепілдік алғысы келіп отыр.

Украин саясаткерлері елдің Кеден одағына енуі туралы пікірлерін абайлап айтады. Украина президентінің соңғы айтқан пікіріне қарағанда, аталған ел Кеден одағына «3+1» формуласы арқылы еніп, сонымен бірге Еуропа одағының еркін сауда аймағына қосылмақ ниетте. Алайда бұл нұсқа Ресей тарапының көңілінен шықпай отыр, сондықтан ол кез-келген уақытта қосымша кедендік қорғаныс шараларын ендіре алады.

Украинаның ұсынысы Еуропаға да ұнап отырған жоқ. Ресей делегациясынан соң Киевке келген Еурокомиссия басшысы Жозе Мануэль Баррозу Украинаның бір мезгілде екі ұйымға мүше болуы мүмкін еместігін айтып кетті.

Бұл жерде Еуропаның оңтүстік аймақтарын газсыз қалдыра жаздаған Украина мен Ресей арасындағы 2009 жылғы «газ соғысын», Беларусьтің мұнай алымдарына байланысты айтыс-тартысын және ресейліктердің түркімен газын Еуропаға жібермеу туралы әрекетін де ұмытпау керек.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG