Accessibility links

Тарихшы: «Тарихқа саясатты араластыруға болмайды»


ТМД-ға мүше елдердің бірнешеуі құрған Кеден одағына арналған карикатура. Авторы - Сәбит. Алматы, 17 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

ТМД-ға мүше елдердің бірнешеуі құрған Кеден одағына арналған карикатура. Авторы - Сәбит. Алматы, 17 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейлік шенеунік ТМД елдеріне арналған бірыңғай тарих оқулығын жазу мәселесі көптен бері талқыланып жатқанын айтты. Қазақстандық тарихшы мұндай оқулықтың керектігіне күмәнданады.

Қазақстандағы әлеуметтік желілерде Ресей федерация кеңесі спикері Валентина Матвиенконың «ТМД-ға ортақ оқулық» жайлы осы аптада айтқан сөзі талқыланып жатыр. Матвиенко «мұндай оқулық 2015 жылы құрылатын Еуразия экономикалық одағына кіретін елдерді бірі-бірімен жақындастыра түсуге керек» деген. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл ұсынысты «Совет Одағына оралудың бір белгісі» ретінде сынайды.

Қазақстандық ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлжауһар Көкебаева Азаттыққа берген сұқбатында «Қазақстан университеттерінде ТМД тарихын оқыту қажет емес» екенін айтты.

Азаттық: – Ресейде ТМД елдеріне арналған ортақ тарих оқулығы жазу жайлы сөз болды. Қазақстанға мұндай оқулық қажет пе?

Гүлжауһар Көкебаева: – ТМД тарихына жеке оқулық арнап, оның жеке сабақ ретінде енгізудің қажеті жоқ. Қазір ТМД елдерінің саясатында ортақ тұстар бар шығар. Бірақ тарихы бөлек, тарихта ортақ жайттар жоқ. Мен ТМД тарихына КСРО Тарихшы Гүлжауһар Көкебаева. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.

Тарихшы Гүлжауһар Көкебаева. Алматы, 8 мамыр 2013 жыл.

уақытын қосып отырған жоқпын, 1991 жылдан кейінгі ТМД-ны алып отырмын. Азиялық ТМД елдері мен еуропалық ТМД елдердің тарихы бір-біріне ұқсамайды. Еуропалық ТМД елдері Еуропаға интеграциялануға ұмтылады.

Жалпы, Қазақстан университеттерінде Еуропа және Азия елдері тарихы оқытылады. Сондықтан еуропалық ТМД елдері тарихын «Еуропа тарихына», азиялық ТМД елдері тарихын «Азия тарихына» қосқан дұрыс. Бұл – ғылыми тұрғыдан айтқан пікірім.

Азаттық: – Матвиенко қатысқан жиында еуразиялық интеграция мәселесін зерттейтін университет ашу жайлы да сөз болды. ТМД-ға ортақ оқулық шығып, ортақ университет құрылып кетсе не болады?
«ТМД тарихы Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украинаға ортақ» деген пікірмен келіспеймін.

Гүлжауһар Көкебаева: – Егер ТМД тарихы оқулығы жазылып жатса, ол ғылыми тұрғыдан жазылуы керек. Әр елге жеке тарау арнап, бір-бірінің тарихын қоспаған жөн. «ТМД тарихы Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украинаға ортақ» деген пікірмен келіспеймін. Бағдарлама дұрыс ұйымдастырылып, әр елдің мықты тарихшылары жазуы тиіс. Осы жағынан алсақ, ғылыми тұрғыдан тарихқа келетін зияны жоқ. Саяси жағына жауап бере алмаймын. Тарихқа саясатты араластыруға болмайды.

Азаттық: – ТМД тарихы жайлы оқулық жазылса, ол СССР тарихын қайталау болып кетпей ма?

Гүлжауһар Көкебаева: – СССР тарихын қайталау болады деп ойламаймын. СССР тарихын өшіріп тастай алмаймыз. Ғылымнан еш тарихты алып тастауға болмайды. Ол қазір де оқытылып келеді, кейін де оқытылады. СССР тарихы – Қазақстан тарихының бір бөлігі. Ал ТМД тарихы жазылып жатса, оған тек 1991 жылдан кейінгі тарихты қарастыру қажет.

Азаттық: – Сұқбатыңызға рахмет.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG