Accessibility links

Кеден Одағы тендерлерінің болашағы бұлыңғыр


Владимир Путиннің Ресей премьері болған кезінде қазақстандық әріптесі Кәрім Мәсімов және Беларусь премьері Сергей Сидорскиймен кездесуі. Санкт-Петербург, 11 желтоқсан 2009 жыл.

Владимир Путиннің Ресей премьері болған кезінде қазақстандық әріптесі Кәрім Мәсімов және Беларусь премьері Сергей Сидорскиймен кездесуі. Санкт-Петербург, 11 желтоқсан 2009 жыл.

Кеден Одағына кіретін елдердің басшылары «болашақта бір елдің компаниялары екінші елде өтетін тендерлерге қатыса алады» деген болжам жасайды. Бірақ тендер механизмдері қайшылыққа толы.

Қазақстан, Ресей және Беларусь компаниялары Кеден одағына мүше осы үш елдің де тендерлеріне қатыса алады деген жаңалыққа біреулер бәсекелестік күшейеді деп қуанса, енді біреулер оған күмән келтіреді. Бірақ үш елдің ортақ тендер идеясына көлеңке түсіретін жаңа проблемалар шығып жатыр.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Экономист Валентин Макалкин Азаттық тілшісіне берген комментарийінде «Бұл жерде Кеден Одағы (КО) емес, Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) аясында өтетін тендерлер жайында айтылуы керек еді» деп есептейді. БЭК пен КО арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды ол былай түсіндіреді:
Кеден Одағына мүше елдердің басшылары қатысқан Еуразиялық экономикалық кеңес жиыны. Минск, 24 қазан 2013 жыл.

Кеден Одағына мүше елдердің басшылары қатысқан Еуразиялық экономикалық кеңес жиыны. Минск, 24 қазан 2013 жыл.

- Кеден Одағына да, Бірыңғай экономикалық кеңістікке де кіретін елдер бір - Қазақстан, Ресей, Беларусь. Кеден Одағы осы үш ел арасындағы және Кеден Одағының шекарасы арқылы тауар өткізуді реттейді. Ал экономикалық ынтымақтастық, компанияларының тендерге қатысуы, өзара инвестиция құю сияқты мәселелер Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында іске асады.

КО-ға мүше елдер компанияларының БЭК тендерлеріне қатысу мүмкіндігін Валентин Макалкин оң бағалайды. Өйткені оның айтуынша, «енді үш елдің әрқайсысы басқа елдің экономикасына өз ішінде жақсы дамыған салалары арқылы кіре алады және жаңа экономикалық интеграциялық байланыстар орнайды, немесе совет заманынан кейін бұзылған бұрынғы интергациялық байланыстардың орнын басқан қазіргі қарым-қатынастар нығаяды».

БЭК-ке мүше мемлекет басшылары деңгейінде мұндай шешім қабылданғанымен, компаниялардың БЭК тендерлеріне қатысу механизмі әлі жұмыс істемейді. «Мұндай механизмді іске қосу үшін тиісті жұмыс топтарына барлық мәселелерді, әсіресе технологиялық мәселелерді пысықтау қажет» дейді Валентин Макалкин. Ол осы ретте электронды сатып алу мәселелерін айта келіп, оның бір мемлекет ішіндегі түрлі аймақтардың өзінде әртүрлі қолданылатынын мысалға келтіреді.

Бірақ оның айтуынша, БЭК аясында тендер өткізу сияқты мұндай интеграциялық процестерге әр елдегі заңдардың әрқилы болуы кедергі болады. «Саяси шешім қабылданып қойған, енді заңдарды бір ізге түсіру керек» дейді Валентин Макалкин.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Ресей, Екатеринбург, 11 қараша 2013 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Ресей, Екатеринбург, 11 қараша 2013 жыл.

Бірақ Макалкиннің пайымдауынша, мұндай тендерлерге әуелі ірі компаниялар қатысады. Бұл коррупцияға жол бермес үшін тендерлердің ашықтығын бақылауды жеңілдетуі тиіс. Макалкин «бірақ БЭК құрамындағы елдердің коррупция деңгейі де әртүрлі» дейді. Халықаралық коррупция индекстерінде Кеден Одағы елдері әдетте «жемқорлық жайлаған» деп көрсетіледі.

«Нарықтық экономика негіздері» оқу құралының авторы Едіге Түркебаевтың Азаттық тілшісіне айтуынша, «бұрынғы экономикалық байланыстарды үзіп тастаған пост-советтік мемлекет басшылары 20 жыл бойы жаңа интеграциялық байланыстарды құра алмай келеді».

Түркебаев «Бұған саяси себептен бұрын, олардың іргелі экономикалық заңдарды білмеуі кесірін тигізіп отыр» дейді. Оның айтуынша, «Бұл елдердің басшылары жекелеген интеграциялық проблемаларды шешуге тырысып отырғанымен, олар жасырын экономикалық заңдар мен оларды қолдану тетіктерін білмейді. Сондықтан кейбір сәтті қадамдар жасалғанымен, интеграцияны қазіргі түрінде жүзеге асыру қиын».

ӨЗАРА ӨКПЕ

Қазір «Кеден Одағындағы әріптес елдер қарым-қатынасында тепе-теңдік жоқ» деген өкпе-реніштер жиі айтыла бастады. Одаққа мүше ел басшылары мұндай мәлімдемелерді айтып та үлгерді.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 12 қыркүйек 2013 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 12 қыркүйек 2013 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазанның 24-і күні Минскіде өткен Еуразия экономикалық кеңесі отырысында «Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысы саясиланған және комиссия мүшелеріне Ресей нұсқау береді» деген сын айтты. Назарбаевтың Еуразия экономикалық одағын (ЕурАзЭҚ) жою жөніндегі ұсынысына қатысты Ресей президенті Владимир Путин «Кеден Одағы Еуразия экономикалық одағы аясында қол қойылған келісімдерге негізделген, сондықтан оны асығыс жою Кеден Одағын заңдық тірегінен айыру дегенді білдіреді» деп мәлімдеді.

Минскіде өткен сол саммитте Назарбаев КО пен БЭК аясындағы жұмыстың заңдық механизмдері мінсіз емес екенін мойындады. Оның айтуынша, «тарифтер, электроэнергетика проблемалары, комиссияның қаржы мәселелері бойынша өкілеттілігін кеңейту сияқты мәселелер шешілмей жатқан сәтте Кеден Одағына мүше елдерге түрлі мәселелер бойынша келісімдерге асығыс қол қою ұсынылады» .

Шешімін таппаған мұндай проблемаларға енді БЭК аясында тендер өткізу мәселесі де қосылуы мүмкін екенін болжау қиын емес.

Қарашаның 11-і күні Екатеринбургте өткен аймақаралық форумда Қазақстан мен Ресей президенттері кездесуінде тараптар Минск саммитіндегі кейбір түсінбеушіліктерді жуып-шаюға тырысты. Бірақ мұнда да тараптар бір-біріне жанама сын айтып қалды.

Ресей президенті Владимир Путин «Қазақстан тауарларына қарағанда Ресей тауарлары Қазақстан нарығына баяу жетеді» деп мәлімдеп, инвестиция саласындағы «дисбаланс» туралы да деректер келтірді. Путиннің айтуынша, «өткен жылдары Ресей Қазақстан экономикасына 1 миллиардқа жуық доллар құйған, ал Қазақстанның Ресей экономикасына салған инвестициясы 1 миллиард 700 миллион доллар болған.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG