Accessibility links

Дариға қатысатын фестивальге жұрт құжатпен кіреді


Дариға Назарбаева ретрофестивальде ән айтып тұр. Алматы, 8 қыркүйек 2012 жыл.

Дариға Назарбаева ретрофестивальде ән айтып тұр. Алматы, 8 қыркүйек 2012 жыл.

Дариға Назарбаева қатысатын «Алматы – менің алғашқы махаббатым» ретрофестивалі бұрын-соңды болмаған сақтықпен өтпек. Әр көрермен есімі билетке жазылып, ол билет төлқұжатпен тексеріледі.

Көпшілік жиналатын шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты адамдар әдетте жұрт көзіне түсе бермейді. Бірақ «Алматы – менің алғашқы махаббатым» ретрофестивалі қарсаңында өткен баспасөз жиынында президиумдағы спикерлердің арасында фестивальдің қауіпсіздік қызметінің басшысы Юрий Бочкарев те отырды. «Шоудың бас күзетшісінің журналистер алдына шығуына тамыздың 31-і күні Алматыдағы «Прайм Плаза» сауда орталығындағы концерттің тәртіпсіздікке ұласқаны түрткі болған шығар» деген ой келеді еріксіз.

БЕС АДАМҒА - БІР КҮЗЕТШІ

Мұндай сақтық шаралары алдыңғы 13-фестиваль кезінде де, басқа көпшілік-сауық кештерінде де болмағаны Бочкаревтің сөзінен аңғарылып тұрды.

Фестиваль қауіпсіздік қызметінің басшысы Юрий Бочкарев. Алматы, 3 қыркүйек 2013 жыл.

Фестиваль қауіпсіздік қызметінің басшысы Юрий Бочкарев. Алматы, 3 қыркүйек 2013 жыл.

Фестивальде тәртіпті қадағалайтын күзетші саны көп. Юрий Бочкаревтің айтуынша, әр бес көрерменге бір қарауылдан келеді. Яғни Алматының бес мың адам сыятын шаңғы трамплині кешенінде күзет агенттіктерінің бір мың өкілі қызмет атқарады.

Салыстыру үшін көрші елдердегі мемлекет басшыларының қатысуымен өткен шаралардағы полицейлер саны туралы деректерді келтірейік. Мысалы Vesti.ua сайтының хабарлауынша, Орыс православие шіркеуінің патриархы Кирилл, Ресей, Сербия, Молдова, Украина президенттері қатысқан «Русьті шоқындыру» мерекесінде Киев қаласындағы (халқының саны үш миллионға жуық) тәртіпті бес мыңнан аса милиционер қадағалаған.

Беларусь ішкі істер министрлігінің сайты ел президенті Александр Лукашенко келген «Витебскідегі Славян базары» 22-халықаралық өнер фестивалінде (биылғы шілде айында) қауіпсіздік шараларын елдің ішкі істер органдары мен ішкі әскердің 1 мың 300 қызметкері қамтамасыз еткені туралы жазды.

ӘУЕЖАЙДАҒЫ ТЕКСЕРІСПЕН БІРДЕЙ

«Алматы – менің алғашқы махаббатым» ретрофестиваліне ерекше қорғалатын адамдар қатысады. Бірінші кезекте ол - Қазақстан президентінің үлкен қызы, ретрофестивальдің негізін қалаған және оған үзбей қатысатын Дариға Назарбаева. Бұрынғы фестивальдердің бәрінде ол сахнаға шығып, ән айтатын.

Ретрофестивальде ән айтып тұрған Дариға Назарбаева. Алматы, 17 қыркүйек 2011 жыл.

Ретрофестивальде ән айтып тұрған Дариға Назарбаева. Алматы, 17 қыркүйек 2011 жыл.

Ретрофестивальге кейде Қазақстан президенті отбасының басқа мүшелері де келетіні бар. Мысалы, 12-фестивальде (Филипп Киркоров ән айтқан сәтте) сахнаға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы Сара Назарбаева, қызы Динара, оның күйеуі Тимур Құлыбаев шыққан. Бірақ сахнадағы жарықтың көмескілігінен және қалың күзеттен олардың кім екенін жұрт көре алмады.

14-ретрофестивальдің жұрт күтпеген жаңалығы – келетін адамдардың аты-жөні алдын ала белгілі болады. Бұл жолы билетке концертке келген адамның аты-жөні жеке куәлігіндегі деректер бойынша жазылады. Біреудің билетімен біреу кіріп кетпес үшін келушінің аты-жөнінің жеке куәлігімен сәйкестігі де тексеріледі. Қазақстан тарихында концерт кезінде мұндай қауіпсіздік шаралары тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Мұндай мысалды әлемнің басқа жерінен табу да қиын болар. Бір сөзбен айтқанда, бұл концертке кіру әуежайдағы тексеріспен бірдей болайын деп тұр.

Билетті басқа біреу пайдаланбасын деген оймен бірегей QR-код та орнатылған. Оны кіреберісте ғана емес, көрермендерге арналған трибунаға барған кезде де сканерден өткізеді. Ал сыртқа шыққан адам билетін сканерден тағы бір мәрте өткізген соң ғана трамплинге қайта кіре алады.

ӘНШІЛЕР ТІЗІМІНДЕ НҰРТАС ТА БАР

Қауіпсіздік мақсатында және автотұрақта орын жетпейтіндіктен, трамплин маңындағы территорияға жеке меншік автокөліктердің кіруіне тыйым салынады. Қала әкімдігі бөлген автобустар көрермендерді Спорт сарайының жанынан тасиды.

Бұл жолы ақпарат құралдарын аккредитациялау да қатал болды. Журналистерден аты-жөні, басылым атауы мен байланыс телефонын ғана емес, куәлігінің нөмірін, туған айы-күні мен жылын да көрсету талап етілді.

Қайрат Нұртас қатысқан концерттен соң "Прайм Плаза" сауда орталығының аумағындағы бүлінген сахна. Алматы, 31 тамыз 2013 жыл.

Қайрат Нұртас қатысқан концерттен соң "Прайм Плаза" сауда орталығының аумағындағы бүлінген сахна. Алматы, 31 тамыз 2013 жыл.

Қауіпсіздік шараларының күшейтілуіне байланысты туындаған қолайсыздықтардың өтеуі де бар. Бұл жолы кейбір көрерменге билет тегін тиеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің бас демеушісі «Самұрық-Қазына» қоры алдын ала өткізілетін викторина жеңімпаздарына жүлде ретінде фестивальге тегін кіру билетін үлестіреді.

Қауіпсіздік қызметінің басшысы тәртіп пен қауіпсіздікті қандай құрылымдар қамтамасыз ететінін де айтты. Трамплиннің жергілікті күзетінен басқа бұл шараның қауіпсіздігін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті мен шекара қызметінің бұрынғы қызметкерлерінен тұратын күзет агенттігі, Қазақстан президентінің күзет қызметі мен полицейлер қамтамасыз етеді.

Юрий Бочкаревтің айтуынша, Алматының ішкі істер департаменті тамыздың 31-і күні «Прайм Плаза» сауда орталығы аумағында болған тәртіпсіздіктен кейін бұл концерттің қауіпсіздігіне баса назар аударған. Айтпақшы, ретрофестивальде сахнаға шығатын әншілер тізімінде «Прайм Плаза» сауда орталығында ән айтып, оның соңы тәртіпсіздікке ұласқан Қайрат Нұртас та бар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG