Accessibility links

Дариға Назарбаева вице-премьер болды


Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева. Астана, 18 ақпан 2015 жыл.

Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева. Астана, 18 ақпан 2015 жыл.

Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева вице-премьер болып тағайындалды. Сарапшылар Азаттыққа "бұл - тағайындаудың соңы емес" дейді.

Мәжілістің вице-спикері, Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева бүгін вице-премьер болып тағайындалды. Бұған дейінгі вице-премьер Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысына әкім болды. Ал Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай облысының әкімі болып тағайындалды.

Азаттық бұл тағайындауларға қатысты бірер саясаттанушының пікірін сұраған. "Кто есть кто в Казахстане" энциклопедиясының авторы, саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың ойынша, биліктегі ауыс-түйіс бүгінгі тағайындаулармен аяқталмайды.

- Қазір бір нәрсе деп пікір білдіру қиын. Барлық құрылымды тұтастай қарау керек. Жалпы кескін қалай пайда болып жатыр - бұдан басқа да вице-премьерлер бола ма, олардың міндеттері қалай бөлінеді, тағы қандай тағайындаулар болады деген сұрақтарға жауап табу керек. Осыдан кейін ғана нақты бір нәрсе айтуға болады. Бұл - соңғы тағайындау емес, - деді Әшімбаев Азаттыққа.

Оппозицияшыл саясаткер Әміржан Қосанов Дариға Назарбаеваның үкіметте әлеуметтік мәселелерге жауап беруі екіталай деген пікірде.

Оппозицияшыл саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 10 желтоқсан 2013 жыл.

Оппозицияшыл саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 10 желтоқсан 2013 жыл.

​- Назарбаевтың билікті мұрагерлікпен беру жоспарлары бар. Оның бірнеше нұсқасы болуы мүмкін. Олардың бірі - билікті отбасы мүшелеріне беріп, олардың позициясын нығайту. Отбасы мүшелері президент тұсында ғана осындай қызметтерді атқаруы мүмкін. Егер президент болмаса олардың ашық саясатта мұндай орындарға қол жеткізуі екіталай болар ма еді. Қазір саяси өмір, саяси бағыт та өзгеріп жатыр ғой. Бұл - билікті мұрагеріне немесе мұрагерлеріне беру сценариі, - дейді Қосанов.

Саясаткердің пікірінше, Назарбаеваның құзыретіне үкіметте Бердібек Сапарбаевқа жүктелген әлеуметтік мәселелерге жауап беру міндеті жатпауы мүмкін.

- Сапарбаев әлеуметтік блокты иеленген, экономика немесе салық мәселелеріне тікелей жауап бермейтін. Назарбаев отбасы мүшелеріне бұл бағыттағы мәселелерге жауапкершілік тапсырылады деу қиын. Бұл лауазымды орындарды тек саяси камикадзелер ғана иеленуі мүмкін. Себебі дағдарыс кезінде халық толқып, басқа да әлеуметтік қарсылықтар болуы мүмкін. Ал Дариға тәжірибе жинайды. Бұған дейін партияда жұмыс істеген, ақпарат құралын басқарған тәжірибесі бар, - деді Қосанов.

Дариға Назарбаева мәжілісте вице-спикерліктен өзге "Нұр Отан" партиясының фракциясына жетекшілік еткен. 2012 жылғы парламент сайлауында "Нұр Отан" партиясы атынан мәжіліске депутат болып сайланып, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жетекшісі болған. 2004 жылғы парламент сайлауында мәжіліске "Асар" партиясы атынан депутат болып сайланған. Дариға Назарбаева 1990 жылдардың ортасынан 2001 жылға дейін бірнеше телеарна мен радиодан тұратын "Хабар" агенттігін басқарған еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG