Accessibility links

«Сөйлеу кәсібі»


Дариға Назарбаева, Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты

Дариға Назарбаева, Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты

«Біздің кәсібіміздің бір маңызды бөлігі – сөйлеу. Сөйлегенде де әдемі, шешен сөйлеу, жұртты сендіру» деген Дариға Назарбаева әріптестерін шешендікке баулу үшін Ресейден маман алдырды.

Бүгін парламенттің жоғарғы палатасы Еуразия одағы туралы келісімді асқан шапшаңдық, ерекше әбжілдікпен мейлінше тез мақұлдау үшін жаппай дауыс берген кезде бір сенат депутатының аяқ астынан қалыс қалғаны көрінді. Байланыстың барлық түрін қолдансақ та, қалыс қалған депуттаттың кім екенін біле алмадық. Көмекшілері мен хатшылары өздерінің бұл дүние ісінен хабарсыз екенін айып, ант-су ішкен соң әрі қарай іздемедік. Оның үстіне «қалыс қалған мен едім» деген депутат та болмады. Байқамай қалыс қалды ма, саналы түрде кнопка баспай қалды ма белгісіз. «Қалыс қалған – мынау» деп әріптесін әшкерелеген депутаттар да болған жоқ. Олар да үнсіз.

Бірақ бұл үнсіздік енді ұзаққа бармайды деп үміттеніп отырмын. Кеудемде мұндай үміт отын жаққан адам – парламенттің төменгі палатасының депутаты, мәжіліс төрағасының орынбасары, Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева. Не айтса да ойындағысын еркін, өзгеден қысылмай, әлдекімдерден тартынбай айтып салатын парламенттің депутаты айналасындағы үнсіздіктен жалыққан болуы керек, Ресейден депутаттарға сөйлеуді үйрететін Радислав Гандапас деген маман алдырғанын бүгін жалпақ жұртқа жария етті. Ресейден арнайы келген Гандапастың кіресін «Нұр Отан» партиясы төлеген.

Қазақстан парламентінің депутаттары

Қазақстан парламентінің депутаттары

Дариға Назарбаева әуелі Гандапасты не үшін алдырғанын түсіндірді. «Біздің (депутаттардың – ред.) кәсібіміздің бір маңызды бөлігі – сөйлеу. Сөйлегенде де әдемі, шешен сөйлеу, жұртты сендіру» деп салды ол.

«Тек шындықты айту, халықпен еркін араласу, азаматтық белсенділермен пікір таластыру, оппозициялық саясаткерлермен дебатқа шығу, баспасөз өкілдерімен еркін сұхбаттасу» деп сөзін жалғар деп күткенбіз. Дегенмен Дариға Назарбаева бәрібір осыны меңзеді деп ойлаймыз.

Бір қызығы депутаттар Назарбаеваның ұсынысын естіген кезде де үнсіз қалды. Жұртты сендіріп жүргенін де, сендіре алмай жүргенін де айта алмады. «Халық алдында, партияның ішіндегі, сыртындағы айтыстарда сөйлеп, бәсекелесімізді шаң қаптырған ел қалаулылармыз» демеді. Үнсіз құтылды. Соңғы рет шығар деп ойлап отырмын. Өйткені Дариға Назарбаева әріптестерін «Гандапастың тренингіне өте серьезно қарауға» шақырды.

Қалай ойлайсыздар, Гандапас депутаттарымызды сөйлете ала ма?

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG