Accessibility links

Суретші Назарбаеваның өмірін де «аттракционизм» деп сипаттайды


Дариға Назарбаеваның "Жұлдыздар аллеясы" инсталляциясы.
Дариға Назарбаеваның "Жұлдыздар аллеясы" инсталляциясы.

Өзбек суретшісі Вячеслав Ахуновтың Берлиндегі фестивальде көрсетіліп жатқан туындылары арасында Қазақстан президентінің қызы да бейнеленген. Автор кейіпкерінің "ел назарын аударатын ісі мен сөзін байқамау мүмкін болмағаны" айтады.

Өзбекстандық суретші Вячеслав Ахуновтың Берлинде қарашаның 14-інен бері өтіп жатқан сурет өнері фестиваліне қойылған шығармалары арасында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы әрі елдің вице-премьері Дариға Назарбаеваның да бейнесі бар. ​Суретші голливудтық ​«Жұлдыздар аллеясы» стиліндегі инсталляциясына Қазақстанның вице-премьерінің де бейнесінің енгізілуін «ақылға сыймайтын әрекеттерімен, пікірлерімен ел назарын аударатындықтан оны байқамау мүмкін емес» деп түсіндіреді.

Вячеслав Ахунов бұл туындыларындағы кейіпкерлердің екеуінің - "Өзбекстан мен Қазақстан президенттерінің қыздары Гүлнара Каримова мен Дариға Назарбаеваның тағдыры ұқсас" екенін айтады.

Өзбек суретшісі Вячеслав Ахунов.
Өзбек суретшісі Вячеслав Ахунов.

- Әкелері елдегі ең басты адам болып еді, екеуі де әртіс, саясаткер болып шыға келді. Екеуі де ән салады. Аяқ астынан қомақты ақшаның иесі болады. Содан екеуі де бүкіл әлемге жар салып ажырасады. Біз мұны аттракционизм деп атаймыз. Олар бізге аттракционизмнің тамаша үлгісін көрсетіп жатыр, оны байқамау мүмкін емес, - деді Азаттық тілшісіне телефон арқылы сұхбат берген суретші Вячеслав Ахунов.

Оның сөзінше, белгілі тұлғалардың «Жұлдыздар аллеясы» стилінде бейнеленуінің өзі астарлы сарказмды меңзейді.

- Бұл аллеяны адамдар көріп ойлансын деп жасадым. Қарапайым адамдар қайда қалады? Демократия қайда? Әлде бүкіл ел жекелеген адамдарға қызмет етуі тиіс пе? Миллионның тағдырын санаулы адам шешуі керек пе? Тек Өзбекстан мен Қазақстанда емес, Түркіменстан, Ресей, Қырғызстанда да солай, - дейді суретші Вячеслав Ахунов.

Вячеслав Ахуновтың бұл инсталляциясында француз саясаткерлері - Жан-Мари Ле Пен мен оның қызы Марин Ле Пен, ресейлік саясаткерлер Владимир Путин мен Владимир Жириновский, Сирия президенті Башар Асад сияқты 37 адам бейнелеген.

67 жастағы суретші Ташкент қаласында тұрады. Өзінің айтуынша, азаматтық ұстанымы мен тәуелсіз көзқарасына бола, шетелдегі өзбек оппозиционерлерімен байланысы салдарынан оған 2011 жылдан бері Өзбекстаннан шығуға шектеу қойылған. Сондықтан оның Германиядағы «Жұлдыздар аллеясы» инсталляциясы автордың қатысуынсыз көрсетіліп жатыр.

Әлемнің 14 елінде тұратын 74 суретшінің шығармалары қойылған сурет өнері фестивалі Германияда желтоқсанның 23-іне дейін өтпек.

XS
SM
MD
LG