Accessibility links

Адам өлсе, электрондық поштасы кімге қалады?


Google басшысы Эрик Шмидт. АҚШ, 5 қыркүйек, 2012 жыл

Google басшысы Эрик Шмидт. АҚШ, 5 қыркүйек, 2012 жыл

Қолданушыға көз жұмғаннан кейін жеке деректерін не істейтінін алдын-ала анықтайтын жаңа функция ұсынған Google Еуропада "монополист" деген күдікке ілінді.

Интернеттегі деректерін "мұраға қалдыру" функциясы Google-ге тиесілі Gmail, Google Plus, YouTube, Picasa, т.б. сервистердің бәрінде бар. Бұл сервис қолданушыларға Google-дегі аккаунты қандай да бір себептен істемей қалған жағдайда жеке деректерін (Gmail-дағы хаттар, мәтіндер, т.б.) реттеуге мүмкіндік береді.

«Қолданушылар белгілі бір уақыттан кейін деректердің жойылғанын немесе арнайы адамға берілгенін таңдай алады» деп жазады ВВС.

Қолданушы интернетке кіре алмай қалған күннен бастап үш, алты, тоғыз немесе он екі айдың ішінде деректерінің өшірілуін таңдай алады. Google қандай да бір әрекет жасардың алдында қолданушы көрсеткен қосымша нөмірге немесе электронды жәшікке ескертеді.

Бүкіл әлемде ақпараттарды әлеуметтік желі немесе «бұлтқа» көшірген адамдар көбейіп бара жатқанын айтқан басылым Google-дің ізінше өзге компаниялар (мысалы, Facebook) да қолданушы қайтыс болғаннан кейін туындайтын виртуалды мәселелердің шешуге мән бере бастағанын жазады.

«ҚАЙТЫС БОЛҒАН АДАМНЫҢ ҚҰПИЯСЫ»

Facebook қолданушысы Бейбіт Сарыбай әрбір адамның интернеттегі деректері иесі о дүниелік болысымен жойылғаны дұрыс деп есептейді.

- Әркімнің жеке поштасы болады. Біреудікі біреуге не үшін қажет? Ол бір мұраға қалатындай дүние емес. Ол түгілі ұялы телефон номерін де жою керек. Бірде қайтыс болып кеткен танысымыздың номерінен түннің бір уағында қоңырау түскенде шошып кеткенім бар. Сөйтсек, жұбайы екен. Қайтқан адамның адресінен хат алу ешкімге жағымды болмас, - дейді ол.
Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.


Ернар Кейкин есімді интернет қолданушының ойынша, әрбір адам көзі тірісінде өзінің деректерінің «тағдырын» шешіп алғаны дұрыс.

Ал Жазира Маратқызы есімді Facebook қолданушысы "адамның әлеуметтік желілердегі парақтарының парольдерін жақындарының бірі біліп жүргені абзал" деп біледі.

- Кейде ішінде маңызды дүниелер қалуы мүмкін. Кейбір адамдар барлық құжаттарын, бейне мұрағаттарын, фотоларын Google-диск, SkyDrive сияқты файл алмасу серверлерінде сақтайды. Сондықтан жақын адамдарынан біреу құпия сөздерін біліп жүрсе артық болмайды. Ал кейде құпия болып қалуы тиіс дүниелер болады. Өмірден қайтқан адамның соңынан поштасын ашып, ол туралы білмеген құпияларын білудің қажеті жоқ, - дейді ол.

GOOGLE-ДІҢ КӨНУІ

Ұлыбританиялық Guardian басылымы әлемдік интернет нарығында алып компанияға айналған Google мен Еуропа комиссиясы арасында бірнеше жылға созылған дауға мақала арнады.

Мақалада ұзақ сот процестерінен қашқан Google-дің антимонополия жөнінде Еуропа комиссиясы талаптарына бой ұсынғаны жазылған.

Енді Google іздеу нәтижелерін көрсеткен кезде өзіне бәсекелес сервистерін де қатар шығарады.

«Бірақ бұл ұсынысқа Еуропа комиссиясына шағымданған компаниялардың келісе қоюы екіталай. Олар Google жасанды түрде өзіне тиесілі сервистерге артықшылық беріп, бәсекелестерін жолдан қағып отыр деп шағымданған» деп жазады басылым.
Интернетте әр минут сайын не болатынын сипаттаған сурет.

Интернетте әр минут сайын не болатынын сипаттаған сурет.


Guardian-ның жазуынша, Google-дің үстінен шағымданған алғашқы компаниялардың арасында еуропалық Foundem іздеу торабы да бар.

Басылым өткен айда 11 еуропалық компанияның Еуропа комиссиясындағы бәсекелестікті бақылау жөніндегі комиссар Хоакин Альмунияға хат жазып, "Google-дің әрекетіне байланысты іс қозғауды қиыла өтінгенін" айтады.

Хат иелері әлемдегі ең ірі іздеу тораптарының бірі Google-дің өзіне қарсы келген бәсекелестерін жойып, нарықта өзінен басқа ешкімді қалдырмағанын сынаған.

Басылым Альмунияның үнемі Google-мен ұзын-сонар соттардан гөрі келіссөз арқылы мәселені шешуді қалайтынын айтып келгенін еске салады.

Еуропа комиссиясы 2012 жылы мамыр айында Google-ге бәсекелестік шарттарды сақтамай отырғанын жазбаша ескерткен. Ол кезде Google-дің басшысы Эрик Шмидт компанияның еуропалық антимонополиялық заңды бұзып отырғанын жоққа шығарған.

Бірақ кейін жылдық айналымының он пайызына дейін айыппұл төлеу қаупі туғанын сезген компания бұл пікірінен айнып, комиссияның шартын қабылдады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG