Accessibility links

Бұрынғы сарбаз өтемақы туралы сот шешіміне 17 жылдан соң қол жеткізді

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Әскерден мүгедек болып оралған Дәурен Кенжебеков. Бақтыбай ауылы, Алматы облысы, желтоқсан, 2010 жыл.

Әскерден мүгедек болып оралған Дәурен Кенжебеков. Бақтыбай ауылы, Алматы облысы, желтоқсан, 2010 жыл.

Алматы облысының тұрғыны Дәурен Кенжебеков арада 17 жыл өткеннен кейін материалдық және моральдық шығынын өтеу жөнінде қорғаныс министрлігін сотқа беріп, жеңіп шықты. Ол әскерде жүргенде басқа бір жауынгердің қолынан ауыр жарақат алған болатын.


Сол оқиғаның ізінше Дәуренді жаралы еткен әлгі жауынгер өзін-өзі атып өлтірді. Сөйтіп айыпқа тартылар ешкім қалмады. Алайда арада 17 жыл өткеннен кейін Дәурен Кенжебеков мемлекетке қарсы талап-арыз беріп, сотта жеңіп шықты. Таяуда Талдықорған гарнизонының әскери соты арызданушының талабын қанағаттандырып, 600 мың теңге төлеу жөнінде шешім шығарды.


ҚАПЫДА ТИГЕН ОҚ

Алматы облысы Бақтыбай ауылының тұрғыны Дәурен Кенжебеков осыдан 17 лет жыл бұрын әскери қызметте жүргенде автомат оғынан жараланған еді. Сөйтіп қос жанары мен бет сүйегінен айырылды. Өз бетімен жүріп-тұра алмайтын бірінші топтағы мүгедекке айналған оны 17 жылдан бері анасы бағып-қағып келеді. Алайда қорғаныс министрлігінің бірінші инстанциядағы сот төрелігіне келіспей, апелляция жасауына байланысты Дәурен Кенжебеков енді өз мүддесін келесі инстанциядағы сотта қорғамақшы.

– Мүгедектерді қорғау жөніндегі заңда арнайы бап бар. Маған өтемақы төленуі тиіс екенін бұған дейін білмей келіппін. Талап-арыз бердім. «Одан бері көп уақыт өтуіне байланысты»
Талдықорған гарнизоны әскери сотының судьясы Батырбек Оралбаев. Талдықорған, желтоқсан, 2010 жыл.
қорғаныс министрлігі өтемақы төлегісі келмей отыр. Бірақ әскерге өзім тіленіп барғаным жоқ қой. Мемлекет шақырған соң кеттім, сондықтан мемлекет өтемақы төлеуі тиіс, – дейді Азаттық радиосына Дәурен Кенжебеков.

Дәурен Кенжебеков сотқа түсірген талап-арызында қорғаныс министрлігінен 250 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік өтемақы, сондай-ақ 2,5 миллион теңге моральдық шығын өндіріп беруді сұрады.

Талдықорған гарнизонының әскери соты сот үдерісінің оңай болмағанын айтады. Дәурен Кенжебековтың пайдасына шешім шығарған сот заң да, мораль да зардап шегушінің жағында екенін мойындап отыр.

– Небәрі жиырма жасында көзінен айырылып, тек 20 жылдан кейін ғана сотқа шағымданған адамды көргенде, шынында да моральдық жағынан ауыр болды. Заң шағымданушының жағында. Әскери қызметкерлердің мәртебесі мен оларды қорғау жөніндегі заң баптарының бірінде мұндай жағдайларда көмек көрсетілетіні айтылған, – деп түсіндірді Талдықорған гарнизоны әскери сотының судьясы Батырбек Оралбаев.


«БИЛІКТЕН ӘБДЕН ТҮҢІЛДІМ»

Ұлының соттағы жеңісінен жігерленген Асыл Кенжебекова да Қазақстан қорғаныс министрлігіне қарсы талап-арыз бермек ойда. Ол неше жылдан бері мүгедек ұлын бағып-қаққаны, тартқан азабы мен шеккен аналық қасіреті үшін мемлекет өзіне өтемақы төлеуі керек деген сенімде.

– Биліктен әбден түңілдім. Мемлекеттен еш жәрдем көрмедім. Баламның жайын сұраған адам болмады. Басқалар сияқты Отанын қорғасын деп зіңгіттей ұлымды әскерге жібердім.
Дәурен Кенжебековтың анасы Асыл Кенжебекова. Бақтыбай ауылы, Алматы облысы, желтоқсан, 2010 жыл.
Сөйткен әскерден мүгедек болып қайтты. Енді, міне, жас балаға қарағандай күтім жасап отырмын, – дейді Асыл Кенжебекова.

Ескелді ауданындағы «Демеу» мүгедектер қоғамының төрағасы және Дәурен Кенжебековтың қоғамдық қорғаушысы Азат Ұзақбаев:

– Бізді, мүгедектерді, қалауынша қорлайды. Дәуреннің үңірейген екі көзіне қарауға кез-келген адамның дәті шыдамайды. Ал анасы соны күнде көріп жүр ғой! Өтемақы төлемеу үшін қорғаныс министрлігі түлкібұлаңға салып болды. Мына бізді, мүгедектерді, неге осынша қинай береді? Мүмкіндігіміздің шектеліп қалғанына кінәліміз бе? Не аяушылық, не әділдік, не заң жоқ. Шенеуніктердің санасында жемқорлық пен парадан басқа ештеңе қалмаған, – дейді.

Мүгедек Дәурен Кенжебеков пен қорғаныс министрлігі арасындағы сот тартысы шиеленісіп барады. Алда әлі талай сот отырысы болатын түрі бар. Бірақ Дәурен Кенжебеков, оның туыстары мен жақтастары әділдікке жету үшін барлық инстанциядан өтуге дайын екендерін айтып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG