Accessibility links

«Әлі күнге Сталин өсиетімен өмір сүреміз»


«Ар.Рух.Хақ» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина.

«Ар.Рух.Хақ» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні және Астанада Еуразия экономикалық одағы келісіміне қол қойылғаннан кейін, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина билікті де, қоғамды да сынайды.

«Ар.Рух.Хақ» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, Қазақстан басшылығы әлі Сталин өсиеттері бойынша өмір сүріп келеді. Құқық қорғаушы «Сталин мұрасынан қоғам да толық арыла алмай отыр» дейді.

«СТАЛИНИЗМ ӘЛІ ТІРІ»

Азаттық: - Қоғамның саяси репрессия құрбандарын еске алу күнінің мән-мағынасын түйсіну деңгейін қалай бағалар едіңіз? Қоғам сталиндік репрессияның ауқымын жете ұғынып, жеткілікті сабақ алды ма?

Бақытжан Төреғожина: - Өкінішке орай, билік басында Сталин тұсында қалыптасқан партиялық басқару жүйесінен өткен адамдар отыр. Әрине, қазір 1937 жыл емес, 21 ғасыр болғасын билік саяси оппоненттерін атып тастамайды әрі халықаралық қоғамдастықпен де санасуға мәжбүр. Бірақ билік кез келген өзгеше ойды, кез келген саяси наразылықты тұншықтырып, тура Сталинше әрекет етіп отыр.

Азаттық: - Бірақ мүмкін қоғам өзгерген шығар? Мүмкін қоғам сталиндік қуғын-сүргін зардаптары ауқымын тиісті деңгейде ұғынған шығар?

Бақытжан Төреғожина: - Қоғамның негізгі бөлігінің мұны тиісті деңгейде ұғынғанын әзірше көрмей отырмын. Жекелеген азаматтық белсенділер және кейбір үкіметтік емес ұйымдар сталинизмнің рецидивтерін толық жоюға шақырады. Бірақ олардың қатары аз, үндері әлсіз. Қоғам сталиндік дәстүрлер мен оны қолданушыларды люстрациялау қажеттігін әлі түсінген жоқ. Мұнсыз азаматтардың еркіндігі мен құқығына деген құрмет болмайтынын, мемлекетпен қарым-қатынас орнату мүмкін емес екеніне қоғамның өресі әлі жеткен жоқ.

Азаттық: - Азаматтардың өз құқығына бұлай селқос қарауының себебі неде деп ойласыз? Әлде олар әлдебір құқықтарды мемлекет қамтамасыз етеді, оның ішінде адамның өз құқығын қорғауға да үкімет жағдай жасайды деп ойлай ма?

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қозғалысының жетекшісі Бақытжан Төреғожина "Жаңаөзен сотына" қатысты куәгер болған Александр Боженконың өліміне қатысты наразалық шарасын өткізіп тұр. АҚШ, Вашингтон, 17 тамыз 2012 жыл.

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қозғалысының жетекшісі Бақытжан Төреғожина "Жаңаөзен сотына" қатысты куәгер болған Александр Боженконың өліміне қатысты наразалық шарасын өткізіп тұр. АҚШ, Вашингтон, 17 тамыз 2012 жыл.

Бақытжан Төреғожина: - Бәріміздің бойымызда сталиндік репрессиядан қалған қорқыныш табы әлі бар екенін жоққа шығармаймын. Оның үстіне, кез келген, тіпті бір адамның пикеті сияқты ең «бейкүнә» наразылық акциясына да тыйым салып, интернет арқылы өзгеше ойлайтын жандарды бақылауына алған Қазақстан билігі іс жүзінде Сталинше әрекет етеді. Билік әлеуметтік желілердегі жазбаларға мониторинг жасап, адамның не ойлайтынын біліп алады да, оған қарсы репрессивті амалдарды алдын ала қолданады. Яғни, адам ойланып үлгермей, бір тоқтамға келмей жатып репрессияға ұшырайды. Мұны 21-ғасырда жаңа деңгейге шыққан сталинизм демегенде не дейміз?

Азаттық: - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні мен сталинизм туралы айтқанда біз сталиндік репрессияның нақты құрбандарын айтамыз. Сіз сталинизмді Қазақстандағы бүгінгі жағдаймен байланыстырсаңыз, ал құқық қорғаушылар саяси тұтқындармен байланыстырады. Бірақ ел билігі «бізде саяси тұтқындар жоқ» деп мәлімдеп отыр.

Бақытжан Төреғожина: - Қазақстанда саяси тұтқындар бар. Біз ақын әрі диссидент, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатаң түрде сынайтын Арон Атабекті саяси тұтқын деп санаймыз. Тағы бір саяси тұтқын – оппозициялық «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов. Оны саяси сипаты бар баппен соттады, ал партия саяси бап бойынша жабылған. Сотталған жандардың құқығын қорғаудың күрескері Вадим Курамшин де - саяси тұтқын. Президент Назарбаевтың ең басты саяси қарсыласы Мұхтар Әблязовпен достығы үшін жапа шеккен Мұхтар Жәкішевті де саяси тұтқын деп санаймыз. «Жаңаөзен ісі» бойынша ойдан құрастырылған айыптармен сотталған белсенді мұнайшылар Роза Төлетаева мен Мақсат Досмағамбетовті де саяси тұтқынға жатқызамыз.

МАСКАЛЫ НАРАЗЫЛЫҚ

Азаттық: - Осы аптада Астанада Еуразия экономикалық одағы келісіміне қол қойылды. Сіз бұл одақтың мәнін қалай түсінесіз?

Бақытжан Төреғожина: - Экономикалық тұрғыдан алғанда, Еуразия экономикалық одағы Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері құрған Кеден Одағы ережелерін қайталайды. Ал саяси жағына келсек, әуелі бұл Еуразия саяси одағы болады деп ойластырылған. Шын мәнінде, Ресей осы одақ арқылы Совет одағын қайта тірілту идеясын тықпалады. Бірақ наразылық акцияларының, азаматтық қоғамның арқасында келісім-шарттың саяси бөлігін алып тастауға қол жетті. Сондықтан ЕАЭО - іштен өлі туған шарана, яғни саяси бөлігінен айырылған, ал экономикалық бөлігі Кеден Одағы ережелерін қайталаумен ғана шектелген одақ деп санаймын.

Азаттық: - Келісімге қол қою қарсаңында билік Астана мен Алматы қалаларында жоспарланған наразылық акцияларын өткізбей тастады. Нақты кімдер ұсталып, қандай қысым жасалды?

Бақытжан Төреғожина: - Мамырдың 27-сі күні 10 адам - «Антигептил» қозғалысының мүшелері ұсталды. Оларды келісімге қол қою рәсіміне дейін шығып үлгермесін деп 3-4 тәулікке қамап қойғаны түсінікті. Мамырдың 29-ы күні Астанада 11 адам ұсталды. Оларды Путин ұшып кеткенше шығармай, 20 сағаттай ұстады. Өз басым және кейбір белсенділер «мамырдың 29-ы күні бір жаққа шықсаңыз, заң бұзушылық болып есептеледі» деген ескерту қағаз алдық. Сол күні подъездің жанында бірнеше полицей кезекшілікте тұрды да, үйден шыға алмадым.

Ринат Кибраев пен Серікжан Мәмбеталин де осындай ескерту алды. Белсенділер Нұрәлі Айтеленов пен Ермек Нарымбаев подъезден шыққан бетте ұсталды. Сол күні оппозициялық «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай жеке өзі наразылық акциясын өткізді. Қолына қаралы лента тағылған мемлекеттік ту ұстаған ол Алматыдағы Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойды. Қазақ диссиденті әрі саяси тұтқын Аркен Уақтың жесірі Тоқтар қызымен бірге Республика алаңына, бетіне наразылық белгісі ретінде медициналық маска киіп келді. Полицейлер оларды масканы шешуге мәжбүрлеуге тырысып еді, оларынан түк шықпады.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG