Accessibility links

Игорь Винявскийдің түрмеде өткен күндері


«Взгляд» оппозициялық газетінің редакторы Игорь Винявский. Алматы, 29 маусым 2011 жыл.
«Взгляд» оппозициялық газетінің редакторы Игорь Винявский. Алматы, 29 маусым 2011 жыл.
«Взгляд» оппозициялық газетінің редакторы Игорь Винявский ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматыдағы түрмесінде екі айдай отырып шықты.

Игорь Винявский Азаттық радиосына берген сұхбатында өзін ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Алматының ортасындағы тергеу абақтысына (СИЗО) комитет қызметкерлерінің бірінің жеке көлігімен әкеткенін айтты. Сталин дәуірінен келе жатқан түрмеге ол осылай тап болыпты.

ТҮРМЕ ӘЖЕТХАНАСЫ

– Төрт күзетші мені төменге, жертөлеге апарды. Сол жерде заттарымды мұқият тінтіп шықты. Бірі «Біздің міндетіміз – сіздің қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ету. Тергеу жұмысында шаруамыз жоқ. Бізден талап етілетіні – сіздің мұнда аман-сау отырғаныңыз, яғни ұры-қарылармен, кісі өлтірушілермен бірге отырмайсыз» деді.

ҰҚК түрмесінде әжетхана қағазының жоқтығынан біраз әбіржігенін айтқан Игорь Винявский:
ҰҚК тергеу абақтысының жанында тұрған азаматтық белсенділер қамауда отырған "Взгляд" газетінің бас редакторы Игорь Винявскийге сәлем жолдап жатыр. Алматы, 10 наурыз 2012 жыл.
ҰҚК тергеу абақтысының жанында тұрған азаматтық белсенділер қамауда отырған "Взгляд" газетінің бас редакторы Игорь Винявскийге сәлем жолдап жатыр. Алматы, 10 наурыз 2012 жыл.

– Күзетші «Әжетханаға барасыз ба?» деп сұрады. Мен «барамын» дедім. Қолыма сабын ұстатты. Қағаз сұрап едім, «қағаз болмайды, міне, пластик бөтелке» деді. Алғашында мазақ етіп тұр деп ойладым. Бірақ артынан, «егер мазақ еткілері келсе, сабын да, бөтелке де бермес еді ғой» деп ойладым. Сөйтсем, расында да әжетхана қағазын беруге рұқсат жоқ екен, – дейді.

Жеке камерада отырғанда үнемі бір әжетханаға барып жүргендіктен Винявский бастапқыда «бар болғаны біреу екен» деп ойлапты.

– Әжетхана дегендері кіп-кішкентай қуыс бөлме. Ішінде үш тесігі бар. Мұндай әжетхананы совет адамдары жақсы біледі. Еденнен көтеріп, бетоннан құйылған тұғырға унитазды цементпен қатырып тастаған. Дәрет сындыру үшін сол тұғырға шығасың. Жанында үш қол жуғыш тұр. Үлкен дәретханада төрт тесік. Олар қол жуғыштан бөлек. Өйткені бұл қол жуғыштар сенбі-жексенбі күндері душ ретінде пайдаланылады. Аптасына бір рет апаратын монша дегендері – төбеден жүргізілген құбырға орнатылған төрт себезгі. 30 минутта жуынып, шайынып, іш киіміңді жуып үлгеруің керек. Іш киімнен басқа заттарыңды туыстарыңа жууға беріп, жаңасына ауыстырып алуыңа болады. Ал іш киім мен шұлығыңды өзің жуасың. Киімді екі аптада бір ауыстыратындықтан кейде футболка, шалбарларымызды өзіміз жуамыз. Әжетханаға, қол жуатын жерге камера бойынша апарады. Егер жалғыз отырсаң, жалғыз өзіңді апарады. Біраздан кейін мені тағы бір адам отырған камераға ауыстырып, абақтыдан шыққанша сонымен отырдым. Душқа да сол кісімен бірге барып жүрдім, – дейді журналист.

Винявский өзі отырған камера ені – екі метр, ұзындығы – төрт метр бөлме екенін айтады. Есіктің үстіндегі қуысқа орнатылған күңгірт лампа тормен жабылған.

Соңыра әйеліне жазған хатында: «Торға тоғытатындай шамның жазығы не еді?» деп жазыпты.
Игорь Винявскийдің әйелі Лания Винявская ҰҚК түрмесіне келді. Алматы, 10 наурыз 2012 жыл.
Игорь Винявскийдің әйелі Лания Винявская ҰҚК түрмесіне келді. Алматы, 10 наурыз 2012 жыл.

Ол «Камера ішінде қол жуғыштың болмауы да үлкен азап екен» айтып:

– ҰҚК Алматыдағы СИЗО-сы бұрынғы НКВД-нің ескі ғимараты. Әжетханаға арнайы кестемен, тәулігіне екі рет – таңертең және кешке барасың. Түрмеде 25-тей камера бар. Әжетханаға камерамен шығаратындықтан, кезегіңді күтіп отырасың. Егер кіші дәрет қысса, шелек бар. Алда-жалда үлкен дәрет қысса, не істеуге болатынын білмеймін, әйтеуір өзімде ондай жағдай болған жоқ. Әжетханаға алғаш барған тәжірибемді еске алсам - таңертең барып келгесін, түскі 12-лер шамасында кіші дәретке шыққым келді. Алғашында шамам келгенше шыдап бақтым. Сосын шыдай алмай, кезекшіні шақырып, әжетханаға сұрандым. Ол тәртіп бойынша енді кешке ғана баруға болатынын айтып, «Немене, іште шелек жоқ па?» деп сұрады. Мен «жоқ» деген соң, ол шелек әкеп берді. Әйтеуір, «жоқтан бар ғой» деп өзімді жұбаттым, - дейді.

Кешкісін 21.30-да жатқызып, таңғы 5.30-да оятады. Екеуінің айырмашылығы - кешкісін төсек-орныңды жайып, көрпенің астына жатуға болады, таңертең жинап қоясың. Жалпы, күндіз де ұйықтауға болады, бірақ киімшең, көрпенің үстіне жатып ұйықтайсың.

– Өзім екінші әлде үшінші апта өткен соң ғана төсек салып жата бастадым. Мен түрмеге түскен кезде күн суық болды да, көрпенің үстінде курткамен ұйықтайтынбыз. Оның үстіне, курткамен ұйықтасаң, кереуеттің темірі қабырғаңа онша батпайды, – дейді Игорь Винявский.

«ТІРШІЛІК ЕТУГЕ БОЛАДЫ ЕКЕН»

ҰҚК СИЗО-сында отырған тұтқынға қалайыдан жасалған шұңғыл екі табақ, қасық және кружка беріледі. Таңғы ас – сағат жетіде.
Игорь Винявскийге қолдау көрсету үшін ҰҚК абақтысына Болат Атабаев та барған еді. Оның оң жағында тұрған тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова. Алматы, 10 наурыз 2012 жыл.
Игорь Винявскийге қолдау көрсету үшін ҰҚК абақтысына Болат Атабаев та барған еді. Оның оң жағында тұрған тіркелмеген "Алға" партиясының жетекшісі Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекова. Алматы, 10 наурыз 2012 жыл.

– Есіктің тесігі ашылып, арба көрінеді. Күзетші «Таңғы асқа не ішесіз? деп сұрайды». Мен «Не берілсе, соны ішемін» деп табағымды ұсынамын. Оған бидай ұнтағынан, тары, арпа немесе оның жармасынан пісірілген ботқа, күндік нормаң – жарты бөлке ақ нан мен екі тілім май салып береді. Бірінші күні компот пен жұмыртқа берді. Жұмыртқаны күнде беретін шығар деп ойлағанмын, сөйтсем аптасына бір рет қана береді екен. Қант сұрасаң, салып береді. Қысқасы, «мұнда өмір сүруге болады екен» деп ойладым. Ботқаға май салсаң, тіпті дәмді болады. Кейін электр шәйнек берді. Бастапқыда суды әжетханаға шыққанда қол жуғыштан алып жүрдік. Содан соң үйден бес литрлік бөтелкемен дүкеннің суын әкеліп жүрді. СИЗО-ның суы қайткенмен де нашар екен, – дейді Игорь Винявский.

Алматыда 2012 жылдың қысы аязды болғаны түрмедегілерге жақсы болыпты.

– Қыста отырғанымыздың бір пайдасы тиді. Артық-ауыс тамағымызды терезенің сыртына шығарып қоямыз. Тоңазытқыш болған жоқ. Бірақ оны алдыртуға арыз жазуға болады деп естідім. Камерада радио тыңдауға болады. Арыз жазып, жұбайым радиоқабылдағыш әкеліп берді. «Ретро» радиостансасы арқылы адамдар үнемі сәлем жолдап, мені құттықтап жатты. Еркіндікке шыққан соң радио қызметкерлеріне алғысымды айттым. Ол жерде мұндай ықылас-көңіл адамға үлкен демеу болады екен. Адамдар жиналып, мені қолдау пикетін өткізді дегенді естігенде мына дүниеде жалғыз емес екеніңді сезіп, қолтығыңнан демер жандар бар екенін біліп, рухың көтеріліп қалады екен. Адамдардың әлдебір қылмыскер емес екеніңе деген сенімі де күш береді, – дейді журналист.

Оның айтуынша, бой жазуға камера бойынша шығарады, егер біреу серуенге шықпаса, басқаларын да шығармайды. Бой жазу кезінде дауысың көрші аулада естілмес үшін қатты сөйлеуге болмайды.

КҮЗЕТШІЛЕР

Винявскийдің айтуынша, ҰҚК тергеушілері бір күнде екі-үш рет, ал кейде аптасына екі мәрте ғана шақырады:
Игорь Винявскийдің бостандықта жүрген кезі. Алматы, 30 қыркүйек 2009 жыл.
Игорь Винявскийдің бостандықта жүрген кезі. Алматы, 30 қыркүйек 2009 жыл.

– Тергеу, беттестіру сияқты процедуралардан кейін біз өтініш береміз. Өтініш берсең, тергеуші төрт күн ойланады да, кері қайтарады. Мен жоғарыға көтеріліп, қол қоюға тиіспін. Камерадан әр шыққан сайын тыр жалаңаш шешінесің: іш киіміңді шешіп, екі-үш мәрте отырып, тұрасың; ауыз, құлағыңа үңіліп тексереді. Қорғаушыңмен кездесуге барсаң да солай. Әйтеуір бой жазуға шыққаннан басқа кезде жеке бөлмеге апарып осылай тексереді. Тексеріп болған соң киінесің, сені тергеушіге апарады. Тергеушіден кері қайтып, камераға кірер алдында дәл осылай тексереді.

Әсіресе, адвокаты болған әйелімен кездескен соң қайта-қайта тексерудің қажеті қанша – еш түсіне алмапты. Ерлі-зайыптылар ереже бойынша ашық бөлмеде кездесуіне болады.

– Екеуміз шыны қабырғаның екі жағында отырып, тек спикерфон арқылы сөйлесеміз. Үнемі бір бөлмеге кіргізеді. «Басқа бөлме жоқ па?» деп сұрағанымда, «Олар бос емес» деп жауап берді. Соған қарағанда, біз отыратын бөлмеде сөздеріңді жазып алатын құрылғы болса керек. Осындай кездесулерден кейін мені тағы мұқият тексереді. Мұны бастапқыда мазаққа баладым. Күзетшілердің селт етпеген жүздеріне қарап бұған да үйренуге болатынын түсінесің.

Күзетшілер өздерін сыпайы ұстағанын айтқан Винявский «олардың әрқайсысының ерекшелігі бар» дейді.
ҰҚК қызметкері (ақ көйлекті әйел адам) адал қызмет етуге ант беріп тұр. Фото ҰҚК сайтынан алынды.
ҰҚК қызметкері (ақ көйлекті әйел адам) адал қызмет етуге ант беріп тұр. Фото ҰҚК сайтынан алынды.

– Бірі тұйық болса, енді бірі сөйлескісі келіп, «Балаларың бар ма, мұнда не үшін отырсың, білімің қандай?» деген сияқты жалпылама сұрақтар қойды. Бір күзетшімен әдебиет жайлы әңгімелескенім бар. Жалпы, жібі түзу жігіттер. Бірақ бірде түн ортасында біреуді әкеліп кіргізгенін естідім. Ұрып-соқпаса да, күзетшілер онымен дөрекі, өктем сөйлесті. СИЗО-да отырған тәжірибемнен көзім жеткені – терроризмге немесе наркобизнеске қатысы бар жандармен күзетшілер осылай сөйлесетін сияқты. Ал бізге қырын қарайтындай себебі болмады.

ТҮРМЕ КІТАПХАНАСЫ

Флюорографияға түсіру үшін ауруханаға қолына кісен салып әкелген кезде қатты ұялғанын есіне алған Игорь Винявский:

– Ол жерде міндетті түрде ВИЧ пен мерезге қан тапсырасың. Бізді «Газельден» жасалған автозак көлігімен алып жүрді. Көліктің іші тар камераларға бөлінген. Онда тек отыруға болады. Темір есігінде тор көз орнатылған. Автозакта Владимир Козлов та отырды. Серік Сапарғали да болған сияқты. Жаңа түскендерді ауруханаға апарады. Козловты шығарып бара жатқанда көрдім.

Винявский аурухана дәлізінде қолындағы кісеннен ұялыпты.

– Бізді әкелген жер кәдімгі қалалық аурухана екен. Артқы есіктен кіргізгенімен, ішке енген соң, дәлізбен алып жүрді. Камералас жігіт берген бас киімді көзіме түсіріп киіп алдым. Бетімнің төменгі жағын курткамның жағасына тығып алдым. Дәліздегі әйелдер мен балаларды көзімнің қиығымен көріп келемін. Қолым кісендеулі. Алдымда – маска, беренді кеудеше киіп алған, автомат асынған күзетші. Артымда да – автомат асынған күзетші. Үшіншісі тапаншамен келе жатыр. Құдды, аса қауіпті қылмыскерді алып келе жатқандай, біреуі, тіпті шлем киіп алған, – дейді ол.
Игорь Винявскийді қорғау комитетінің өкілі Жанна Байтелова ҰҚК тергеу абақтысының алдында наразылық шарасын өткізіп тұр. Алматы, 20 ақпан 2012 жыл.
Игорь Винявскийді қорғау комитетінің өкілі Жанна Байтелова ҰҚК тергеу абақтысының алдында наразылық шарасын өткізіп тұр. Алматы, 20 ақпан 2012 жыл.

Винявскийдің пікірінше, ҰҚК СИЗО-сының кітапханасы бай. Онда революционерлердің түрмеде жазған естелік кітаптары өте көп. Оның ойынша, мұндай кітаптарды саяси тұтқындарға беруге болмайды. Өйткені түрмеде отырған адам бұл кітаптарды мүлде басқаша қабылдайды.

– Олар жігеріңді жаниды, оқып отырып өзің тап болған мына сынақты еңсеруге тиіс екеніңді түсінесің. Ол кітаптарды оқығанда, бұдан да жаман тозақты бастан кешірген адамдар болғанын, оларды қанша азапқа салса да, сағы сынбағанын білесің. Мен Эрнст Тельманның өмірбаянымен сол жерде оқып, таныстым. Ол 11 жыл бойы жеке камерада отырыпты. Жарты Еуропаны қанға бөктірсе де, Гитлер одан қатты қорыққан. Тельманның рухы мықты адам болғаны сондай, Гитлер оны ашық өлтіруден қорқып, жасырын түрде өлтірткен, – дейді ол.

Кітапханадан аптасына бір рет, сәрсенбі күні арбамен кітап таратады. Арбадан керек кітабыңды таппасаң, күзетшіге кітапханаға апарып келуге өтініш жасауға болады екен.

– Бірақ өз басым бір рет те кітапханаға сұранбадым. Маған арбамен әкелетін және туыстарым беріп жіберген кітаптар да жеткілікті болды. Айтпақшы, туыстарың беріп жіберген кітаптар түрме кітапханасында қалады. Бұл ережені де түсінбедім: соттың үкімінсіз, ешбір тергеусіз менің меншігімді қалай алып қоюға болады?

ВЛАДИМИР КОЗЛОВТЫҢ ҚАЗАҚШАСЫ

Владимир Козлов екеуінің камералары бір-біріне қарсы орналасқанын айтқан Игорь Винявский:
Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов (ортада). Алматы, 5 мамыр 2010 жыл.
Тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов (ортада). Алматы, 5 мамыр 2010 жыл.

– Бірде нарда отыр едім, оның дауысын естіп қалдым. Әдетте дауысты есіктің көзі түстік ас әкелген немесе кітап таратқан кезде ашылғанда естуге болады. Козловтың дауысын естідім де, есікке жүгіріп келдім. Тыңдасам, Козловтың дәл өзі. Қарсы немесе бүйірдегі камералардың бірінде болуы тиіс деп шамаладым. Оның қай камерада отырғанын анықтауға екі апта кетті. Әйелім Козловтың жұбайынан, ол қорғаушыдан, қорғаушы Козловтан сұрап білгенше осынша уақыт өтті. Сөйтсем, ол жетінші камерада отыр екен. Менікі – сегізінші, оның камерасына қарама-қарсы орналасқан. Екеумізді бір-бірімізге әдейі жақын отырғызған болуы керек деп ойлаймын. Өйткені күзетші тәуліктің кез келген мезгіліне қарамастан тесіктен сығалап қарайтын. Таңғы бесте тұрсаң болды, сыбдырды естіп қалып бірден сығалайды. Сірә, бірдеңе болып қалмасын деп, бізді қатты қадағалайтын болса керек. Екеуміздің камераларымыздың қатар болғаны күзетшілердің бақылауына да ыңғайлы болса керек, - дейді.

Кейде камерада тінту жүргізіледі. Есік ескертусіз ашылады да, камераға екі кезекші қарауыл кіреді.

– «Тескіш, кескіш заттар бар ма?» деп сұрайды. «Жоқ» дейсің. Тінтуді бастайды. Алғашқы тінту кезінде менің жазып жүрген өлеңдерімді алып кетті. Екінші рет келгенде менің қазақ тіліндегі оқулығымды көріп, біреуі «Козлов қазақша жақсы біле ме?» деп сұрады. Мен «Оның қазақ тілін үйреніп жүргеніне көп болды. Бірақ жақсы біле ме, жоқ па – білмеймін» дедім. Қарауыл «Бір күні түстік ас апарғанымда Козлов менен «Біріншіге не бар?» деп қазақша сұрады. Козловтың орыс екенін білемін ғой. Тесіктен сығалап қарасам – орыс, ал менімен қазақша сөйлеседі» деді. Козловтың жалғыз отырғанын сонда түсіндім. Тағы бірде дәлізде келе жатып Козловтың камерада біреумен әңгімелесіп жатқанын естідім. Яғни жанында біреу пайда болған екен. Ол жолы ол орысша сөйледі. Тағы бірде оның қазақ тілінде кітап сұрап жатқанын естідім.

ТҮРМЕНІҢ ЖАЗЫЛМАҒАН ҚАҒИДАЛАРЫ

СИЗО бастығы конституцияға, адам құқықтарына қайшы түрме ережелерін орнатқанын айтқан Игорь Винявский:
Тіркелмеген "Алға" партиясының Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Дәметкен Жарылқасынова Тараз қаласындағы ҰҚК ғимаратының алдында пикет өткізіп тұр. Тараз, 15 наурыз 2012 жыл.
Тіркелмеген "Алға" партиясының Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Дәметкен Жарылқасынова Тараз қаласындағы ҰҚК ғимаратының алдында пикет өткізіп тұр. Тараз, 15 наурыз 2012 жыл.

– Мен – бар болғаны айыпталушымын. Сот әлі болған жоқ. Ешқандай азаматтық құқықтарымнан айырылған жоқпын. Бірақ, неге екені белгісіз, «Казахстанская правда» мен «ПроСпорт», скандворд газеттерінен басқа ешқандай газет оқи алмайсың. Басқа газет алу үшін СИЗО бастығына арыз жазасың. Бір-екі рет қолыма «Взгляд» пен «Дат» газеттері тиіп еді, кейін ол да тоқтап қалды. СИЗО бастығын көрген кезде газет жөнінде сұрап едім, ол «Болмайды» деді де, жоғары жақты көрсетті. Бұдан кейін менімен камералас жігітке де «Время» газетін әкелуді қойды. Тергеушіден сұраған екен - «Время» газеті сенің жаныңдағы жігіт жайлы жазатындықтан, оқуға болмайды» депті. Түрмеде өз ережесін орнатып алған СИЗО бастығы тұтқындарға нені оқып, нені оқуға болмайтынын да шешеді екен, – дейді.

Винявский «түрмеге үйден әкелетін азық-түлік жөніндегі ережелер бұдан да қызық» дейді:

– Жұмыртқа әкелуге неге рұқсат етпейтіндерін білмедім. Өзін жарақаттап тастайды деген қауіппен темір қалбырдағы тамақ болмайтыны түсінікті. Ал жұмыртқадан несіне қорқады? Өзіне қол салады деп қорқа ма? Шындығында, өзіңе өзің қол салғың келсе, түрме ішінде пайдалануға болатын зат жетерлік. Мысалы, радионың шнурының ұзындығы бір метрдей. Онымен өзіңді немесе камераласыңды буындырып тастауға болады. Керек болса, азық-түлік әкелетін полиэтилен дорбамен де тұншықтыруға болады. Сосын камерада дезодорант ұстауға болмайды деген ережеде қандай қисын бар? Дезодорантты тек монша күні ғана аптасына бір рет береді. Қалған күндері борсып жүруің керек. Шампуньды да аптасына бір рет қана алуға болады.

Қырынуға да дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және монша күндері ғана рұқсат етіледі. Қалған күндері қырынбай жүруге тура келеді. Сақал-мұрты қалың өспейтін Игорьге бұл аса қиын болмапты. Алайда күнделікті қырынуға дағдыланған жандар бұл шектеуден қиналатыны анық.
"Взгляд" газетінің редакторы Игорь Винявскийді қолдау шарасында ҰҚК тергеу изоляторы кіре берісіне ілінген плакат. Алматы, 20 ақпан 2012 жыл.
"Взгляд" газетінің редакторы Игорь Винявскийді қолдау шарасында ҰҚК тергеу изоляторы кіре берісіне ілінген плакат. Алматы, 20 ақпан 2012 жыл.

Түрме ережелері туралы әңгімесін Игорь Винявский:

– Әжетханаға кесте бойынша шығып, аптасына бір рет жуынсаң, кітапты да СИЗО бастығының рұқсатымен оқитын болсаң, еңсең түседі екен. Түрменің адамшылыққа жат ережелері уақытша болса да еркіндігінен айырылған, сотталушы емес, айыпталушы ғана болсаң да, адамға ауыр тиеді екен, - деп қорытындылады.

ЕРКІНДІККЕ ШЫҒУ

Винявский түрмеден босайтын күнін ештеңе істемей, құр өткізгенін есіне алады. Әйтпесе күніне үш-төрт сағатын – ағылшын тілін үйренуге, үш сағатын – қазақ тілін үйренуге, он сағаттай уақытын көркем әдебиет оқуға арнайды екен.

– Василиса деген күзетші (еркек күзетшілерді Вася, әйел күзетшілерді Василиса деп атайды) келіп, «Дәретханаға кешке барасыз ба, әлде күтесіз бе?» деп сұрады. Камералас жігітті тергеуге алып кеткендіктен, «камераласымды күтемін» дедім. 20 минут өткен соң терезені ашып, «Сіз дәретханаға бармайсыз, үйіңізге қайтасыз. Заттарыңызды жинаңыз» деді.

Әдетте күзетшілер бірдеңе қалдырып кетуді жаман ырымға балап, еркіндікке шығатын адамға «ешбір затыңды қалдырмай әкет» деп ескертеді екен.

– Жалғыз қалдырған затым – Қытайда шыққан сағатымды камералас жігітке сыйлап кеттім. Ұстарамды қоқысқа тастадым. Қазынаның көрпе-жастық, матрас, табақ-қасығын өткіздім. Заттарымды әкеліп берген соң жоғарыға, тергеушіге алып жүрді, – дейді Винявский.

Еркіндікке шығар алдында ол тағы бір ырымды естіпті.
Енді түрмеге қайта оралсам, туған үйіме оралғандай болатын шығармын.
Игорь Винявский.

– Мені алып келе жатқан күзетші «Негізі, бізде ескіден келе жатқан, «қайтып оралмасын деп жұмсақ жерден бір тебетін дәстүр бар» деді. Мен «Онда теп» деп едім, «Жоқ, егер қазір тепсем, ертең сіз «Вася майлы құйрықтан бір тепті» деп өлең шығарасыз да, мені бастықтар оңдырмайды» деді. Мен «жазбаймын» десем де, «бәрібір теппеймін» деп, теппей қойды. Сондықтан енді түрмеге қайта оралсам, туған үйіме оралғандай болатын шығармын, – дейді Игорь Винявский.

Игорь Винявский 2012 жылы қаңтардың 23-і "Билікті күшпен құлатпақ болды" деген айыппен қамауға алынды. «Взгляд» газетінің редакциясына ҰҚК қызметкерлері келіп, бас редактор Винявскийдің үстінен қылмыстық кодекстің 170-бап 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Бұл бап «бұқаралық ақпарат құралдары немесе ұйымдасқан топ арқылы Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын не территориялық тұтастығын күшпен құлатуға не өзгертуге шақырған» адамдарға қатысты.

Винявский наурыз айында рақымшылыққа ілініп, босап шықты.

«Президентке қарсы листовка әзірлеген айыбын мойындағаны үшін» рақымшылыққа ілінген Игорь Винявскийдің түрмеден шыққан сәтін Азаттық радиосының тілшісі камераға түсіріп алған еді.

Игорь Винявский бостандыққа шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:13 0:00
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG