Accessibility links

«Сәрсенбайұлын өлтіру» ісімен сотталушы бостандықта қалды


«Алтынбек Сәрсенбайұлы өлімі» ісі бойынша сотталған Ерлан Ералиевті мерзімінен бұрын босатуға қарсы шағым түсірген Рысбек Сәрсенбай сотта сөйлеп тұр. Қарағанды, 27 қазан 2015 жыл.

«Алтынбек Сәрсенбайұлы өлімі» ісі бойынша сотталған Ерлан Ералиевті мерзімінен бұрын босатуға қарсы шағым түсірген Рысбек Сәрсенбай сотта сөйлеп тұр. Қарағанды, 27 қазан 2015 жыл.

Қарағанды облыстық соты 2006 жылы қастандықтан қаза тапқан Алтынбек Сәрсенбайұлы өліміне қатысты сотталып, мерзімінен бұрын босаған Ералиевті бостандықта қалдырды. Белсенді Рысбек Сәрсенбай оның ерте босатылуына қарсы апелляциялық шағым түсірген еді.

Алтынбек Сәрсенбайұлы өліміне қатысты 2006 жылы 11 жылға сотталған Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) «Арыстан» арнайы жасағы қызметкері Ерлан Ералиев 2015 жылы тамыздың 4-і күні Шахтинск қаласы сотының шешімімен шартты түрде мерзімінен бұрын түрмеден босатылған еді.

Бұл шешіммен қаза тапқан Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбай келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Оны қазанның 27-сі күні Қарағанды облыстық соты (Қарағанды қаласында орналасқан - ред.) қарап, Ерлан Ералиевті бостандықта қалдыру туралы шешім шығарды.

ЕРАЛИЕВСІЗ ӨТКЕН СОТ

Кешігіп басталған сот отырысына шағымданушы тараптан Рысбек Сәрсенбай мен оның зайыбы, азаматтық белсенді Маржан Аспандиярова, ал Ерлан Ералиев тарапынан оның адвокаты Дана Шаймерденова қатысты.

Ашық өткен сотта бұл аталған адамдармен қоса, сот залында тағы екі кісі отырды. Шағымданушы тарап өкілдері мен Ерлан Ералиевтің қорғаушысы олардың кім екенін білмейтін болып шықты.

Судья Жұмабай Әбішев. Қарағанды, 27 қазан 2015 жыл.

Судья Жұмабай Әбішев. Қарағанды, 27 қазан 2015 жыл.

Сот төрағасы Жұмабай Әбішев Шахтинск (Қарағанды облысы – ред.) қалалық сотының тамыздың 4-і күні «Ерлан Ералиевті мерзімінен бұрын босату» туралы шешіміне қарсы Рысбек Сәрсенбай түсірген шағымды орыс тілінде қарады. Қос тараптың талаптарын айтуға мұрсат берілген кезде Рысбек Сәрсенбай сот отырысына Ерлан Ералиевтің өзінің, Қылмыстық атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) өкілінің және Шахтинск қалалық соты судьялары «М.Балапанов пен Д.Мақсұтовтың қатысуын» сұрады.

Ал адвокат Дана Шәймерденова «босаған соң Таразда тұрып жатқан Ералиевтің сот отырысына келуге қаражаты жоқ» екенін айтты. Мемлекеттік айыптаушы Әзімжан Қосанов «ҚАЖК-нің Ералиев туралы мәліметтері іске қосылғанын» айтып, «мекеме өкілінің сотқа қатысуы маңызды емес» деген пікірін білдірді. Судья Жұмабай Әбішев оның уәжімен келісті.

Сот «Қылмыстық іс жүргізу кодексі бойынша судьялар шешім шығарған кезде ешкімнің алдында есеп бермейтінін» негізге алып, Рысбек Сәрсенбай айтқан талаптарды орындаусыз қалдырды.

Қастандықтан қаза тапқан Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу шеруінде саясаткердің портретін ұстап тұрған әйел. Алматы, 26 ақпан 2006 жыл. (Көрнекі сурет)

Қастандықтан қаза тапқан Алтынбек Сәрсенбайұлын еске алу шеруінде саясаткердің портретін ұстап тұрған әйел. Алматы, 26 ақпан 2006 жыл. (Көрнекі сурет)

Сонымен бірге, сот отырысы барысында шағымданушы тарап «бұл іске Алтынбек Сәрсенбайұлы және оның көмекшілерінің қазасына қатысты жаңа жағдайлардың ашылуына байланысты Қазақстан бас прокуратурасының Әлнұр Мұсаев пен Рахат Әлиевтің үстінен қылмыстық іс қозғау туралы 2014 жылдың ақпан айындағы қаулысын қосып қоюды» сұрады.

Шағымданушылардың пікірінше, «Мұсаев пен Әлиев үстінен қозғалған қылмыстық іс әлі жабылмағандықтан, Ералиевті мерзімінен бұрын босату – заңсыз». Алайда судья бұл талапты да орындамады.

СОТ ОТЫРЫСЫНДАҒЫ ДАУ

Сот отырысы кезінде сөз бірінші шағымданушы тарапқа берілді. Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, «Ералиевті мерзімінен бұрын босату туралы шешім шығарған Шахтинск қалалық сотындағы процесс зардап шегуші тарапқа ескертусіз өткен». Ол «Ералиевтің қылмыс жасағанын әлі күнге дейін мойындамағанын» айтады.

- Жазасын өтеу мерзімі кезінде Ералиев қылмыстың (А. Сәрсенбайұлы мен жанындағы адамдардың өлімі - ред.) өзіне белгілі тұстарын жасырып жүрді, бұл оның жауапкершілігінің сипатын, оның түзелмегенін көрсетеді, - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Шағымданушы Рысбек Сәрсенбай «Ералиев жасаған қылмыстың салмағы» жөнінде; ағасы, оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың оппоненті болғанын» айта бастағанда судья Жұмабай Әбішевтен ескерту алды. Судья оны «тақырыптан ауытқымауға» шақырды. Шағымданушы Рысбек Сәрсенбай мен судья Жұмабай Әбішев біршама уақыт дауласып қалды.

Шағымданушы тараптың өкілі ретінде сөйлеген Маржан Аспандиярова да Нұрсұлтан Назарбаев пен Рахат Әлиевтің аты-жөндерін атады. Бұл жерде де Ералиевтің қылмысына байланысты сот пен сөйлеуші арасында дау болды.

Шағымданушылардан кейін сөйлеген адвокат Дана Шәймерденова қорғауындағы Ералиевтің «жазаның үштен екі бөлігін өтегенін, колониядағы тәртібінің дұрыс болғанын» уәж ретінде айтып өтті.

- Қылмыстық кодекстің 72-бабына сәйкес, Ералиев жазаның үштен екі бөлігін 2013 жылғы қазан айының 19-ы күніне дейін өтеді. Одан бері де екі жыл өтті. Іс материалдарына сәйкес, ол жаза өтеу барысында 10 рет мақтау алған, бірде-бір ескертуі жоқ. Колонияның мәдени спорттық өміріне белсенді қатысқан, - деді қорғаушы Дана Шәймерденова.

СОТ ШЕШІМІ

Мемлекеттік айыптаушы Әзімжан Қоспанов «Шахтинск қалалық сотының Ералиевті мерзімінен бұрын босату туралы қаулысын жоққа шығару не өзгертуге негіз жоқ» деген пікір айтты.

Ерлан Ералиевтің адвокаты Дана Шәймерденова. Қарағанды, 27 қазан 2015 жыл.

Ерлан Ералиевтің адвокаты Дана Шәймерденова. Қарағанды, 27 қазан 2015 жыл.

Шағымданушы тарап Қарағанды қалалық соты апелляциялық отырысының шешімін тыңдауға қалған жоқ. Кеңесу бөлмесінен келген судья Жұмабай Әбішев апелляциялық шағымды қанағаттандырмайтынын, Ерлан Ералиевтің бостандықта қалатынын мәлімдеді. Ералиевтің адвокаты Дана Шәймерденова:

- Біздің бұл шешімге көңіліміз толды. Қаулыны заңды деп санаймын, - деді. Азаттық тілшісі оған шағымданушы тарап айтқан «Ералиевтің өз қылмысын мойындамағаны» туралы сауалды қойғанда қорғаушы:

- Ералиев [мерзімінен бұрын босауға] талап-арыз жазды. Арыз үлгі бойынша жазылады. Онда тек керекті мәліметтер айтылады. Мысалы, қанша мақтау алып, ескерту алған-алмағаны... Ал оның кешірім сұрамағаны туралы ештеңе айта алмаймын. Бірақ заң бойынша кешірім сұрау міндет емес, - деп жауап берді.

Ал шағымданушы Рысбек Сәрсенбайұлы Қарағанды облыстық сотының Ерлан Ералиевті бостандықта қалдыру туралы бұл шешімімен келіспейді. Ол «жоғарғы инстанцияларға жүгіну туралы ойланатынын» айтты.

Жұмбақ жағдайда қаза тапқан саясаткер Заманбек Нұрқаділовті жерлеу рәсімінде журналистерге сұхбат беріп тұрған Алтынбек Сәрсенбайұлы. Алматы, 15 қараша 2005 жыл.

Жұмбақ жағдайда қаза тапқан саясаткер Заманбек Нұрқаділовті жерлеу рәсімінде журналистерге сұхбат беріп тұрған Алтынбек Сәрсенбайұлы. Алматы, 15 қараша 2005 жыл.

- Жоғарғы сотқа арыздануға болады. Бірақ оның да сиқы сол ғой. Бұлар әрі-беріден соң тапсырманы сол Жоғарғы соттан алып отырған жоқ па екен? Осындай жағдайда тапсырма беріп отырғандарға жүгіну қажет пе - біз мұны ойланып көреміз, - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Ерлан Ералиев - оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілері Бауыржан Байбосынов және Василий Журавлевтің қазасына қатысты айыпталып, 2006 жылы 11 жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айырылған ҰҚК-нің «Арыстан» арнайы жасағының сарбазы. Ол - осы іс бойынша мерзімінен бұрын босап шыққан екінші адам.

2014 жылдың ақпанында Ержан Өтембаевтың үкімін қайта қараған сот жаза мерзімін 20 жылдан 13 жылға қысқартып, оны «қылмысқа айдап салушы» деп таныған. Бірақ Ержан Өтембаев 2006 жылы оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның жүргізушісін және күзетшісін қастандықпен өлтіруге тапсырыс беруші ретінде сотталған еді. Қазақстан бас прокуратурасының былтырғы қаңтардағы «Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Қазақстан президентінің бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев тапсырыс берген» деген мәлімдемесінен кейін Өтембаевтың үкімі қайта қаралып, ол түрмеден алдыңғы кесілген мерзімінен бұрын босап шыққан еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG